АТАҚТЫ ҚҰСБЕГІ ЖАПАР САТЫЛҒАНОВ ЗЕЙНЕТКЕ ШЫҚТЫ

Аты Республикаға әйгілі, жамбылдық құсбегі, Мойынқұм ауданының құрметті азаматы, танымал этнограф, зерттеуші-натуралис, «Андасай» қорығының директоры, «Қауырсын құсбегілер» клубын құрған өз ісінің шебері, 1980 жылдары шыққан «Қауырсын — табиғат достар клубы» атты құсбегілікті насихаттайтын кітаптың авторы. Республикалық шығармашыл жастардың «Жігер» фестивалінің лауреаты, 2013 жылы Астана маңында өткен халықаралық «Бүркітшілер» фестивалінің бас төрешісі, АҚШ-тағы «Ханкинг» саятшылар клубының мүшесі, тұла бойына осыншама қасиет тұндырған Жапар Сатылғанов қазанның 13-ші жұлдызында өзінің туған жерінде әрі туған күнінде ерен еңбегі еленіп, зейнетке шықты.

img_0422 Зейнетке шығару рәсімі Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылындағы Көктерек орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесінде өтті. Орман шаруашылығы мен «Андасай» қорығы ұжымдары және облыстық басқарманың жедел топ басшысы Жақан Бөстековтың қатысуымен өткен жиынды Көктерек орман шаруашылығының басшысы Бақыт Серібаев ашып, жүргізіп отырды. Алғы сөзді бейнеттің зейнетіне шығып, Пайғамбар жасына жеткен Жапар мырзаның өзі бастады. Ол өз сөзінде: «Бірлік болған жерде бәрі болады. Бұйыртқан бұл күнге жету ел бірлігі мен ынтымақтың арқасы деп білемін. Қазіргі уақытта сан түрлі жантүршігерлік оқиғалардың куәсі болып отырмыз. Жастарымыздың кейбірі Сирияға кетуді шығарды. Мені болашақ жастардың келешегі алаңдатады. Сондықтан Сирияға кетіп жатқан жастардың бірімен кездесіп, сұхбаттасудың сәті түскен еді. «Маған олар 10 мың доллар ақша береді. Мен сол үшін олардың айдауымен жүріп, айтқанын істеп, дегеніне көнемін» деді жас жігіт. Мен сондықтан ойлана келе қаражаттан қиналып жүрген жастарға айлығымды, яғни жұмыс орнымды босатқым келді. Шамамен алғанда, біздің бір ауданда 100-ге жуық зейнеткер жұмыс істейді екен. Ал бір облыс бойынша 10 аудан болса, 1 000 адам жұмыспен қамтылады деген сөз. Ал Қазақстан бойынша 14 облыс бар болса, орташа есеппен14 мың адамға орын босатады екенбіз. Мұны ардагерлер ұйымы да қолдап, жастардың келешегін ойлап, қарт кісілердің өз еркімен жұмыстан босатылуын қолға алғаны жөн.

img_0473Тарихқа көз жүгіртсек, қазақта ежелден «Бала билер» деген болған. Билік ісі жүріп жатқанда, жаңағы бала би мұқият тыңдай отырып, биліктің кемшін тұстары болса, немесе билік етуші би тоқаулап қалса, бала билер билікке араласып, өз билігін айтатын болған. Ал қариялар ұлт, ұрпақ тәрбиесімен айналысқан. Қазақ тарихында айрықша айтатын бір-ақ нәрсе бар. Ол өзінің халқын өсіріп, биікке көтерген хандарын ешуақытта ауыстыруды ойламаған. Ал одан басқа билікте жүргендердің барлығының орнын кейінгі жастар басып отырған. Қариялар, аталар, апалар ұлт, ұрпақ тәрбиесімен айналысқан. Қазіргі қарияларымыздың мансап қуалап жүргені жасырын емес. Сонда ұрпақ тәрбиесімен кім айналысады? Сондықтан бізде бұл үрдістің бәрі ұмыт қалуда. Бұл жақсылық емес. Тіпті, кейбір дипломы барлардың өзі жұмыс таба алмай әлек. Сондықтан мен ойлана келе зейнет жасына толысымен бірден орнымды жастарға босатуды дұрыс деп шештім. Осындай құрмет әрқайсысыңның басыңа келсін!» — деген атақты құсбегінің баталы сөзі ұжымдастарына «әмин» дегізіп, шапалақ соқтырды.

img_0458

1 миллион гектар жері бар атақты «Андасай» мемлекеттік қорығын 19 жыл 6 ай басқарған Жапар Тілеужанұлы абырой биігіне көтерілген арда азаматтардың бірі екені сөзсіз. Сөз кезегінде облыстық басқарманың жедел топ басшысы Жақан Бөстеков: «Табиғатты қорғау саласында бұл кісінің еткен еңбегі, төккен тері көп. Мойынқұм жер көлемі жағынан облысымыздың 43 пайызын алып жатқан, талай мықтының тұсауын кескен ірі аудан. Бұл халықтың кеңдігін көрсетеді. Бүгін Жапар мырзаның пайғамбар жасына толған туған күнінде бәріміз бас қосып отырмыз. Бұл — тарихи сәт. Сіздің еткен еңбегіңіз ешуақытта ұмытылмайды. Басқармамыздың атынан орман шаруашылығы, оның ішінде табиғатты қорғау саласында атқарған игі істеріңізді ауыз толтырып айта беруге болады. Енді алдағы уақытта артыңыздан келе жатқан жастарға ақылыңызды айтып, ортамызда дін аман жүре беріңіз. Сіздің әр сөзіңіз өсиет, әр ісіңіз балаларға сабақ болады», — деп сөзін сеніммен сабақтады. Ал Көктерек орман шаруашылығының директоры Бақыт Серібаев: «Жапар ағамыз табиғатты, құсбегілік өнерді қорғау саласында таудай аласармас еңбек етті. Біз осындай табиғат жанашырының еңбегін қашанда бағалауымыз қажет», — деп, жақсының жақсылығын айтып, ұжымның атынан алғыс хатпен марапаттап, қазақи салт-дәстүрге сай жібектен шапан жауып, астына тұлпар мінгізді.

Сонымен қатар зейнеткердің құрметіне дастарқан жайылып, онда қазақтың ұлттық тағамдары — қымыз, шұбат, бауырсақ және ұлттық тағам — ет асылып, бас тартылды. Дастарқан басында әріптестері Жапар мен img_0479өткен жақсы күндерді әрі қызықты сәттерді еске түсіріп, отырыстың сәнін арттырып, тағамның дәмін кіргізді. Андасай қаумалының басшысы Қайрат Қасенов: «Өзіңіздей жанашыр жанмен қызметтес болғанымызға біз бақыттымыз», — десе, Көктерек орман шаруашылығы директорының орынбасары Абай Кенже «Сіздің жолыңызды бізге берсін» деп, «әумин» десті. Ал механик, инженер Мұратхан Иманалиев «Жапар ағадай бола алмасақ та, сол кісіге ұқсап бағамыз» деп, ұлылық танытты. Сондай-ақ, зейнеткерге деген ізгі тілек толқынды қуған толқындай бірінен соң бірі ағылып-төгіліп жатты. Талғат Асқаров, Алтынбек Қосыбаев, Нұржан Иманалиев, Жандос Айтишев т. б. әріптестері «мұндай басшы бізге енді табылмайды» деп ақжарма тілектерін ақтарып, жеке сыйлықтарын да табыс етті. Осындай зор құрметпен зейнетке шығарып салған ұжымдастарына Жапар Сатылғанов ерекше ризашылығын айтып, толағай алғысын білдірді. Зейнеткердің зейнетке шығу кешінен ерекше әсер алып, көктем көңілмен көп нәрсені көкейге түйіп қайттық. Жапар мырзаға «Ақ жол» газеті ұжымының атынан зор денсаулық, отбасына бақыт тілеп, зейнетке шыққан шыңыңыз құтты болсын дейміз!

Уәлихан Жайлау,

Мойынқұм ауданы