ТҮРКІСТАН: Д.САТЫБАЛДЫ «БӨГЕН» СУ ҚОЙМАСЫНА ҚАТЫСТЫ ТАПСЫРМА БЕРДІ
Ордабасы ауданында орналасқан «Бөген» су қоймасында ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды. Стратегиялық маңызы бар нысандарда жыл сайын арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілетіні белгілі. Соған сәйкес, су қоймасында тиісті шаралар қолға алынды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Бөген» су қоймасының жай-күйімен танысып, жөндеу жұмыстарының барысын бақылау үшін арнайы келді.
Жауапты сала басшыларын мұқият тыңдап, нақты тапсырмалар жүктеді. Нысанды мерзімінде сапалы етіп тапсыру талабын қойды. Жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлуді тапсырды.
— Стратегиялық маңызы бар нысанның жөндеу жұмыстары аса үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өңірдің ауыл шаруашылығы үшін су қойманың берері мол. Сондықтан жауаптыларға қойылар талап та күшті. Қауіпсіздікті сақтау — басты мақсатымыз. Жөндеу жұмыстарының әр сатысы жан – жақты әрі тұрақты бақылауда болады, — деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысы ауыл шаруашылығының бай аймақтарының біріне жатады. Республикадағы суармалы жерлердің 3/1 бөлігі облысқа тиеселі (548,2 мың гектар) және 70 мың агроқұрылымдарда 180 мыңға жуық адам еңбек етуде.
1967 жылы салынған «Бөген» су қоймасы су шаруашылығы нысандары стратегиялық объектілер тізбесіне жатқызылған. Аумағы — 65 км2, ұзындығы 13 км, ені 6 км, тереңдігі 15 м. Бөген су қоймасының су сыйымдылығы – 370 млн текше метр. Арыс, Бөген өзендерінің суымен толығады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі