ШАЙДАНАЛЫҚ ОТБАСЫҒА БАСПАНА САЛЫНУДА

Дана қазақтың қанында тулаған қасиеттердің бірі – өзгеге көмек көрсету. Бұл үрдіс иісі қазақтың мейірімі мен адамгершілігін төрткүл дүниеге паш етіп жүр. Тарих қойнауында сақталған асар ұғымы да адамдар арасындағы бауырмалдылықты, ізгілікті арттырып келеді.
Жамбыл ауданында сауаптың кілтіне ұмтылған азаматтар жетерлік. Биыл асарлатып үй салу арқылы Рахат ауылындағы екі отбасы баспаналы болса, жыл соңына дейін тағы 7 отбасы жаңа жылды жаңа үйде қарсы алады деп жоспарлануда.
Бұл жұмыстардың үйлесім табуына өңірдегі округтердің қариялары әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың тізімі ішінен шын мұқтажды анықтап, баспана тұрғызу үшін жомарт жандарға, ауыл тұрғындарына қайырлы істе шет қалмау керектігін басып айтып, кеңінен насихаттауда.
Бүгінде Шайдана ауылындағы көпбалалы отбасына баспана салу жұмыстары жүргізілуде. Іргетасы қаланып, шатыры жабылуға аз ғана қалған тұрғын үйге ауыл азаматтары қолдан келген көмегін ұсынуда. Бұл туралы Қарасу ауылдық округінің әкімі Мади Жанұзақов:
– Алдымен алғысты ауыл тұрғындарына, шаруа қожалық төрағаларына, қалталы кәсіпкерлерге білдіргеніміз жөн болар. Осында асарлатып үй салып жатыр екенсіздер деп қаржылай қолдау көрсетуге, қол көмегін созуға қайырылған азаматтардың қайырлы амалдары өздеріне еселеп қайтсын дегім келеді. Баспана 90 шаршы метрді құрайды. Есік-терезелерін ауыл кәсіпкері өз мойнына алып отыр. Жыл соңына дейін көпбалы отбасына тұрғын үй пайдалануға берілетін болады, – дейді Мади Жарлығапбайұлы бізбен әңгімесінде.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ, Жамбыл ауданы