Ұлт ұстазын жырлады бүгінгі ұрпақ
Ұлт қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы «Тәуелсіздік – тұғырым» атты облыстық жыр мүшәйрасын жариялаған болатын. Аталған жыр додасы мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін және тіл саясатын, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығын жырға қосу, өлеңмен өрнектеу, сол арқылы қазақ поэзиясының дамуына үлес қосу, ақындарға қолдау көрсету, жоғары деңгейлі шығармаларды өмірге әкелуге ынталандыру, шығармаларын оқырмандар арасында насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараға аудандар мен Тараз қаласынан 11 ақын қатысты. Марапаттау салтанатында облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова жас қаламгерлерге сәттілік тілеп, қазақ өлеңінің құдіреті туралы айтып өтті.
Мүшәйраға ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайни Әлімбекқызы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Үміт Битенова, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, ақын Хамит Есаман, «Ar-Ai» жастар газетінің тілшісі Қамар Қарасаева қазылық жасап, жас ақындардың шығармаларын жан-жақты талдады.
Нәтижесінде бас жүлдені тараздық Нұржан Қадірәлі жеңіп алса, І орынды Байзақ ауданынан Ақерке Абдикаримова иеленді. Ал ІІ орынды Тараз қаласынан Құрбанәлі Шахабай, ІІІ орынды Жамбыл ауданынан Аят Батей мен шулық Сәби Кендебай алды. «Ұлт ұстазы – Ахмет» номинациясы Елдар Боранбекке бұйырды.
Айсана НҰРБАП