Ғалымнан қалған тағылым
Үш бірдей жоғары оқу орнын басқарған, жоғары білім және ғылым саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған жамбылдық ғалым, техника ғылымдарының докторы, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Әшімжан Ахметовтың есімін әріптестері әрқашан құрметпен атайды. Оның өмір және еңбек жолын осы салаға жаңа қадам басқан жас мамандарға үлгі етіп келеді.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің бас ғимаратының мәжіліс залында тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰИА академигі Әшімжан Сүлейменұлы Ахметовті еске алуға арналған «Табиғатты ұтымды пайдалану және экологиялық қауіпсіздік контекстіндегі өңірлердің орнықты даму проблемалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Пленарлық мәжілісті М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма мүшесі – ректор міндетін атқарушы Гүлвира Мусабекова ашып, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау жеделхатын оқып берді. Академиктің өмір және еңбек жолына тоқталды.
Жоғары білім және ғылым саласында Әшімжан Ахметовтың қалдырған қолтаңбасы өзгеше көрініп тұрады. Оның осы салаға сіңірген еңбегі туралы сөз қозғағанда, көз көрген замандастары алдымен, жастарға ғылыми зерттеулермен алаңсыз айналысуы үшін жасаған қолдауын айтады.
Халықаралық конференцияда Израильден техника ғылымдарының докторы, профессоры Валерий Кац және Өзбекстан Республикасы ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, «Ирригация және мелиорация», «ТИАШМИИ» ҒЗУ кафедрасының профессоры Бахтияр Матякубов онлайн байланыс арқылы қатысып, ғалым Ә.Ахметовтың техника ғылымдарының дамуына қосқан үлестері айтып, баяндама оқыды.
Әшімжан Ахметовтің шәкірті, қазіргі таңда тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, ҚР ҚПН академигі, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры Дария Қожамжарова «Қоғам қайраткері: ұлы тұлға, ұлт жанды ұстаз, көрнекті ректор — Ә.С.Ахметов» атты баяндамасында ғалымның қызмет жолына тоқталып, ғылымға сіңірген еңбегінің қандай марапаттарға жеткізгенін айтып өтті.
– Әшімжан Ахметовтың өмір және еңбек жолын толық қамтыған конференцияны халықаралық деңгейде ұйымдастырғаны үшін шәкірті ретінде үлкен алғыс айтамын. Қатардағы оқытушыдан, Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігінің вице-министрлігі лауазымына көтерілген, еңбек жолы кейінгі буынға үлгі боларлық тұлға тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңде алдыңғы қатарлы ЖОО-ның үздік тәжірбиесін зерттеп, оны университетті басқару ісіне батыл енгізе білді. Соның ішінде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде атқарған жұмыстарын атап өту менің парызым деп білемін. Студенттердің контигенттін көбейту мәселесі, сапа менеджментін енгізу, студенттердің білімін бақылауда ашық әрі қолжетімді жүйені іске қосты. Техникалық бағыттағы магистратура мен докторантура бойынша жаңа білім бағдарламалары ашылды. «Жас өркен» сауықтыру лагерін іске қосып, студенттердің практика базасын нығайтты. Жаңа АКТ залдарын ашты. Оқытушыларға арналған GPA жүйесі енгізілді. Мектептермен тығыз байланыс орнатылды. Студенттерге «Его величество – студент» деген атау берді. Қазіргі жатақханалардың барлығы сол кезде іске қосылған. Студенттік билет арқылы жаңа бассейндер ашылды. Шахмат клубы, түнгі кітапхана жаңадан ашылып, базасы нығайтылды. Ғылымды дамытуға ерекше көңіл бөлді. Инновациялық НАНО инженерлік ғылыми зертхана күні бүгінге дейін жұмыс жасап жатыр. Сол тұста университет республикада үздік бестікке енгені – табанды еңбектің жемісі. Бір сөзбен айтқанда,сол кездегі университет қызметкерлерінің корпоративтік рухы белсенді болды.
Әшімжан ағамыз университеттегі ең басты тұлға ол – студент деп санады. Заманауи оқу үдерісінің негізгі қозғаушы күші деп таныды. Жиындарда мінбеге бірінші студент шығатын еді. Әрбір студентке қолайлы жағдай жасалып, жатақханаға орналасуына дейін кең көңіл бөліп отырды. Оның Отынына, халқына, ғылымына сіңірген жасампаз қызметі елеусіз қалған жоқ, -дейді Дария Қожамжарова.
Халқымыз «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» дегенді жиі айтады. Рас сөз. Таразда ғалымның еңбек және өмір жолына арналған халықаралық конференция өткелі жатқанда, Шымкент қалалық білім басқармасының бастамасымен, ел азаматтарының қолдауымен ғалымның өзі оқыған №61 жалпы орта білім беретін мектепке Әшімжан Сүлейменұлы Ахметовтың есімі беріліпті. Жамбыл жұртышылығының ғана емес есімі республикаға белгілі тұлғаның есімі ұмытылмайды.
Медиа-қызмет