«Ауыл» экспедициясы – Қостанай облысында
Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына халықаралық «Қазақстан-Заман» газеті, «Нұр Отан» партиясы мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің бірлескен «Ұлы Дала ауылы — ұлт қазынасы» экспедициясы қазыналы Тобыл-Торғай өңіріне келіп жетті. Сапар мүшелері газетіміздің Бас директорының бірінші орынбасары, қоғам қайраткері, «ЕлАна» қоғамдық-саяси, танымдық сайтының бас редакторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы, газетіміздің бас редакторы, ҚР Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Ертай Айғалиұлы, Астана қаласындағы тілшілер қосыны басшысының орынбасары Нағашыбай Қабылбек. Қостанай — экспедиция тоқтаған 12-ші облыс. Газетіміздің талай жылдан бері ауыл мәселесін көтеріп келе жатқаны елге аян. Елбасы саясатын дәріптеп, мемлекеттің даму стратегиясын қолдап келе жатқан экспедиция облыстардың ең түкпіріндегі ауылдарға дейін барып, тұрғындардың жағдайын, ауыл азаматтарының еңбегін, халықтың жанайқайын барынша бүге-шігесіне дейін жеткізумен келеді.
Бүгін экспедиция құрамын Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов қабылдап, емен-жарқын әңгіме болды. Газетімізбен бұдан кейін де байланыста болатынын айтты. Сондай-ақ биыл мерейлі 70 жасқа толған Сәуле апайымызды құттықтап, ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тіледі.
Алла қаласа, ертең сапарымыз облысымыздың бірнеше ауданында жалғасады. Оңтүстігіміздегі Арқалық, Амангелді, Жангелдин аудандары мен мен теріскейдегі бірқатар өңірді қамтымақ.
Толық мақаланы «Қазақстан-Заман» газеті мен «ЕлАна» сайтынан алдағы күндер оқи аласыздар.