«ҚУАТТЫ ЕЛДІҢ ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСЫ»
«Егемен Қазақстан» газетінің 13-қыркүйек күнгі санында осындай тақырыпта көлемді бас мақала шықты. Бұл мақала күнделікті шығып отыратын материялдардан өзгеше мазмұнымен, өзектілігімен ерекшеленеді. Мақала ҚЖО-ның мүшесі, қаламгер, драматург, әлде неше аударма, әдеби эссе, әңгіме, ойтолғаулар жинақтарының авторы Мәлік Отарбаев мырза тарапынан ортаға ұсынылып отыр. Онан да маңызды сипат алатыны, ол Президенттің ең жас кеңесшісі. Осы кезге дейін Түріксойда, Қазақстанның Түркиядағы елшілігінде, елімізде Түркістан облысы әкімінің орынбасары, Мәдениет және спорт міністрлінінде жауапты қызметтер атқарған, тәжірибеден өткен адамның қаламынан туған жаңа идеалар екені анық. «Жас келсе Іске» деген, жаңа дәуірге жаңа күш, оқығаны да бар, тоқығаны да бар рухани ізденіс үстіндегі азамат. Ана тілінің уызына жарыған, орыс, ағылшын, түрік, арап тілдерінде еркін сөйлейтін жас буын зиялылар шоғырына жататын басшы.
Оның мақаласы кезектегі елдің нақты жағдайынан дерек береді. Ұлттық Идеалогияның негізгі ұстыны, биліктің басшылыққа алатын бағдары секілді дүние екен. Бұл пікірді айтқан адам алыстан емес, Президенттің қасынан үн қатып отыр. Демек, біз талқылауға тиісті, билік тармақтары күн тәртібіне алып қарайтын мәселе екені анық. «Сөз түзелді, тыңдаушым сенде түзел» деп осындайды айтса керек.
«Ұлытауда жаңғырған ұлы рух мемлекетімізді кемел келешекке бастайтыны анық. Сондықтан біз ұлттық мүддеге ғана жұмыс істейтін мемлекет моделін темірқазық етіп, алдымызға биік мақсат қойып, зор үмітпен алға жылжыдық» дейді. Өткенді айыптай бергенмен уақыт қайта оралмайды. Бізге бүгіннен басталатын болашаққа бет алу бәрінен маңызды.
«Мәдениетсіз қоғамның дамымайтыны, рухани қазынасынан айырылған елдің еңсесі көтерілмейтіні бесенеден белгілі. Экономика мен саясатты қатар алып жүріп дамыту уақыт талабы». Осы кезге дейін алдымен экономика сонсоң басқасы… дейтін шалағайлық тұмсығымызды жарға соқтырды. Құс ұшқанда бір қанатыммен ұша тұрайын, екінші қанатымды артынан қозғайын демейді. Екі қанаты тең қағылса ғана ұша алады. Тұтас өмірдің заңы осылай. Міне, осы қағида қатаң ескерілетін шақ туды.
«Жастар адамзаттық және ұлттық құндылықтардан алыстап, жат дүниелерге санасыз түрде кіріп кетіп жатыр. Тіршіліктің заңдылығы мен құндылықтардың орны ауысты» . «Біз бұл мәселені ашық айтып, ел болып, жұрт болып талқылауымыз керек».
«Жастардың осындай қиын жағдайға түсуіне себепші болып отырған басты мәселенің бірі қоғамдағы әділетсіздік пен жұмыссыздық екені анық» дейді. Кез-келген ауруға ем-шипа жасау үшін алдымен аурудың диагнозын анықтау керек. Жоғарғы тұжырым қоғамның сырқаты, жастардың басқаруы. Ендеше жаудырды жаба тоқымай, осы шындықты мойындаудың өзі шындыққа бір табан жақындау.
«Жастар ұлттың үлкен күші, еліміздің болашағы. Ұлттың заманға лайық мәдени коды жастардың жан тереңіне сіңірілуі керек. Осы себептен Президентіміздің тапсырмасымен болашаққа бағдар болатын жастар концепциясы дайындалып жатыр» деп жастар ісінің билік тарапынан қолға алынғаны анық баян етіледі. «Елсіз дала дау шақырады» демекші, қараусыз қалған жастарды әр топ, әр ағым өздеріне жауынгер еткісі келетіні анық. Солай болды да!… Ендеше, мал екеш малдың да иесі бар, демек мемлекетіміздің ертеңі жастар неге қараусыз, тәрбиесіз, бетімен кету керек?!… Шамасы Ақордада маңызды мәселелер қолға алынып жатқанын сеземіз. Бұл жаңағы диягнозға қолданып жатқан ем шарасы екені сөзсіз.
«Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Өткен өтті, өткенді қуғанды қойып, осы күйіңді түзеуге жөн іздеу керек» деген болатын» депті. Отыз жылдың қатқан қоясы мен балығын айта бергенде отымызды біреу жағып, дасдарқанымызды біреу жайып бермейді. «Сондықтан біз мақсат еткен басты саяси ұстаным — жаһандану жағдайында ұлттық құндылықтарды дамыту, ұлттық рухты күшейту» деген пайымын алға тартады. Құндылықтар құнсызданып, ақшаға табыну мен жекебасқа табынудың дәуренін көзбен көрдік. Соның зардабынан арылу басталып кетті. Ауру батпандап кіріп мысқалдап шығады… Іс басталды, жұмыстар қолға алынды.
«Жаңа буынды жат дүниелерден арылту және ұлттық құндылықтардың негізінде қалыптасқан білім мен ғылымға, өнер мен мәдениетке мән беру — басты міндет». Сөз астарынан адамды тек білім ғана жеткізеді деген сыңар жақтылық қате екенін сеземіз. Құндылық пен тәрбие қосылғанда ғана мемлекетке, ұлтқа пайдалы буын қалыптасады. Бұл бұлтартпас ақиқат екенін отыз жылдың соқпағы дәлелдеді.
«Біздің идеология «майданының» алдында өз тұлғамызды тәрбиелеу міндеті тұр»… Бәрінен маңызды нысан осы екенін қадап айтыпты. Мақаланың өзегінде жібек жіппен тартылған арқау бар, ол: «Қоғамдық мәдениет пен көркем мінез» мәселесі. «Көркем мінез» мәселесі шиновник біткеннің терминіне жоқ сөз. Тіпті байыбына бармайтын ұғым. Мәлік мырза осы түйінге қайта-қайта соғып, жадымызда салады. Көркем мінезсіз, мейір-шапағатсыз білім құрғақ, саясат салқын, адамдар дөрекі, қоғам тұрпайы күйінде қалар еді.
«Соңғы ширек ғасырда біз кітап шығарумен ғана айналыстық. Бірақ көркем әдебиетті мемлекеттік деңгейде дамытуға толыққанды қолдау дасамадық» деген ойды төтесінен айтты. Отыз жыл қарап отырмай әр жанрда кітаптар шығарылды, қаламгерлердің талап-тілегі өйтіп-бүйтіп ескерілді. Ақша бөлінді, қарды игерілді… Нәтижесі кімге, неге пайдалы болды?… Олжағы өлшеніп, таразыға тартылған жоқ. Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік идеологиясының қажетіне жарайтын дүниеге назар аудару лайығында жасалмағаны жалпыға аян. Автор сол жағын ащы да болса айтты. Ендеше, «Ұлттық қор құрып, талантты тұлғаларға қолдау көрсетуіміз керек» (М.О)
«Ақпарат саласында мемлекеттік тілдегі интернет-контентті дамыту басты мәселе. Қазақ тіліндегі ұлттық мультипикация мен компьютерлік ойындарды интернет желісінде көбейту қажет. Ендігі кезек — жасөспірімдерге арналған телеарна. Рейтинг қуатын, жастарымызды адастыратын бейәдеп ток-шоуларға шектеу қойылатын уақыт жетті. Тоқсан жылдық тарихы бар республикалық «Балдырған» балалар журналы, «Үлан» газеті сияқты басылымдарды жаңа сапаға көтеру — кезек күттірмейтін шара» деген екен. Бұл тұтас қоғам талабы, қазақтың талғамы. Орынсыз, дырду, ұятты ток-шоуларды тазалайтын кез келді. Адамдарды ой-ойлаудангөрі, ойын қуатын, көзі бар соқыр, миы бар, ессіздерге айналдыру селдей тасып қоқысқа толы көксандықтарды көбейтті. Ендеше, елдіктің туын көтерген жаңа ұрпақ өткір сөз, өтімді шара қолданар тұсқа келдік.
«Балдырған», «Ұлан» басылымдарының жанында бізде бармыз. Біздің «Мөлдір бұлақ» та бұл үрдістен тыс қалмайды. Бәріміз бір терінің пұшпағын илеп жатырмыз. Шыға бастағанымызға 20 жыл болса да, уақытпен үндесіп, заманмен жарысып, бостықты толтырып, балаларға қызмет етіп келеді. Жақсы сөз жарым ырыс, бүгінгі бала, ертеңгі дана. Басылым, кітап оқулықтан сырт аса қажетті құрал.
«Жаңа Қазақстан идеясы — еліміздің келешек дамуының бағдары. Осы даму жолында біздегі этностардың басын біріктіретін — тіл саясаты. Бұл күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Қазақ тілі бұған дейін де, ұлтаралық тіл болған. Кешені Қазақ ордасы, оның арғы жағындағы Ақорда, одан арғы Алтынорда мемлекеттерінің тілі қазақ тілі (қыпшақ тілі) болған». Ендеше, бүгінгі Қазақстанның мемлекеттік тілі неге қазақ тілі болмасқа?!… Кешегі заманда орыста, қытайда қазақ тілін тыңдап, қазақ тілінің иесі — қазаққа алман-салық төлеп тұрған. Біз сол аталған алып империялардың заңды мұрагеріміз. Біздің идеология осы ұлы құндылықтарды әр санаға сіңіруге тиіс.
«Ендеше мынандай екі фактор біздің қоғамдағы мәдениеттің түйінді проблемаларын шешетін негіздеме болар еді. Олар: біріншіден, ар-ождан. Екіншіден, көркем мінез»… Осы мәселе көптің көңіліне қонатындай сараланған. Қазақ тілі Қазақстандағы этностардың ұйтқысы, мемлекетті құрушы тіл ретінде үні жарқын естіліп тұру керек. Күні кеше Президентіміз қытай басшысының алдында ұлт тілінде қазақша сөйледі. Отыз жылда болмаған жаңалық деуге тұрады. Осы жолғы кездесу мен келісімдер барысында ұлттық мінез көрсетілді. Терезесі тең ел ретінде депломатиямыз көзге ұрып тұрды. Қазақ тілі биік мінбеден естілді. Дәлел деген осы.
«Баршаңызға белгілі дін жолы дегеніміз — мейірім мен сүйіспеншілік жолы. Өзіңді шексіз ғаламның бір бөлшегі ретінде сезіне отырып, ұлы құдіретпен санасу. Ендеше, соңғы жылдары түрлі жолмен әр салада тамыр жаюға қаракет жасап жатқан жат діни ағымдарға қатаң тосқауыл қойып, халқымыздың ынтымағы мен бірлігін сақтауға аянбай үлес қосу ел патриоты ретінде әр азаматқа парыз» лепті. Қаңтардағы оқиғалар, дүбірі жер жарған бұзып шағудың артында орайшыл жат пиғылды дін күштерінің болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Мың жылдар бойы ұлтымызды ұятқа қалдырмаған Имам Ағзам Әбу Ханифа ислам жолы дәстүрлі дініміз, даңғыл жолымыз болатын. Отыз жылда саңырау құлақтай қаптаған аздырғыш ағымдар бізге сабақ болу керек.
Қысқасы Президенттің кеңесшісі ұсынған мақала орны бөлек, алда атқарылатын жұмыстардың қалыпқа түскен өлшемі деуге тұрарлық материял. Алдымен ең дұрыс сөз, соңынан харакетке айналған іс-шара болуға тиіс. Осынау есті сөз Президенттің жанындағы Мәлік Отарбаевтың аузынан айтылып отыр. Демек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырза бәрін көріп отыр, сезіп отыр. Осы мақалада айтылған мазмұндар әр мінстрлікке, әр облысқа, әр салаға сілтемесімен жіберіледі деген ойдамыз. Кей тұстары заңды құжат, парменді нұсқауға айналады деген сенімдеміз!..
Дәулетбек Байтұрсынұлы, ақын, ҚЖО-ның мүшесі.
Түркідүниесі ақындары жыр мүшәйраларының жеңімпазы, Мөлдір бұлақ журналының бас редакторы