Жол апаты алдын алғанда ғана азаяды
Биыл облыс аумағында жол апаты жиілеп, қайғылы оқиға көп тіркелді. Сондықтан жергілікті әкімдік пен полиция басқармасы жол-көлік оқиғаларының себеп-салдарын зерделеп, мүмкіндігінше алдын алу жолдарын қарастыруда. Жергілікті полиция автожолдарды тексеріп, жүргізушілерге жылдамдықты асырмау туралы ескертіп-ақ жатыр. Әйткенмен жол бойындағы ескертулерге қарамастан республикалық маңызы бар жолдарда жылдамдықты асырудан тайынбайтын жүгенсіз жүргізушілерге тоқтам болмай тұр. Әрине, жол апаты туралы айтқанда өңірдегі автожолдардың сапасы қандай, деген сұраққа келіп тірелеміз. Осы мәселе турасында «Қазақавтодор» серіктестігі облыстық филиалының жол қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Мұрат Азаматов толығырақ айтып берген еді.
– Мұрат Төреханұлы, «қазақавтодор» серіктестігінің негізгі міндеті қандай?
– «Қазақавтодор» серіктестігінің жамбылдағы филиалы «ҚазАвтоЖол»кәсіпорнынақарайды. Өйткені біз «ҚазАвтоЖол» компаниясының тапсырмасын орындаймыз. Бұрын өңірдегі республикалық маңызы бар жолдың 780 шақырымын күтіп ұстау біздің құзырымызда еді. Ал қазір Тараз қаласының шығысындағы «Тау дос» мейрамханасынан Қордай ауданындағы «Благовещенка» деген аумаққа дейінгі жолдың 295 шақырымы «Шымкентспецкомплекс» компанияның балансына өтіп, жүргізушілерге ақылы болды. Сәйкесінше бізге қарайтын жолдың көлемі нақ қазір 490 шақырымға қысқарды. Яғни біз республикалық маңызы бар жолдардың Жамбылдағы 490 шақырымын күтіп-ұстаумен айналысамыз. Жолды күл-қоқысын тазалап, шөбін шабамыз, жол белгілерін ауыстырамыз, жол жолақтарын сызамыз, қыста құм төгіп, қар тазалаймыз. Қала берді, жол жиегіндегі дәретханаларды күтіп ұстауға жауаптымыз. Қыс мезгіліне 58 техниканы қамдап қойдық. «ҚазАвтоЖол» компаниясымен жоспар негізінде жолдың шұңқырын жамап жатырмыз. Соның ішінде ескі Күйік асуында 60-70 жылдары салынған 11 шақырым жолды жөндеудеміз. «Ескіні алсаң есің кетеді» дейді ғой. Ол жолды қанша жамасақ та ауыр көліктер құртады. Асфальт жолдың арыққа айналып кететіні содан. Біз негізі «Шу – Благовещенка» аралығындағы ескі жолдан Түркістан облысынан «Айша бибі» ауылына дейінгі айналмаға дейінгі аумақты қараймыз. Бұл ретте тиісті компания тарапынан бізге жүктелген міндетті барынша уақтылы, абыройлы орындауға тырысамыз.
– Өңірдегі республикалық маңызы бар жолдарда жол апаты жиілеген дедік. қалыптасқан жағдайға жергілікті әкімдік пен полиция басқармасы назар аударып, жедел шара қабылдап жатыр. Жол апатын алдын алу мәселесіне «қазақавтодор» серіктестігі де бейжай қарамайтын шығар?
– Әрине, серіктестік өз құзіреті шеңберінде жол апаты жиі орын алатын аумақтарды зерделеп, ондағы жолдың сапасын ұдайы тексереді. Талдау көрсеткендей, жол көлік оқиғаларының 90 пайызы тақтайдай тегіс жолда болады екен. Мәселен, Қордай ауданының тұсынан Алматы қаласына дейінгі жол тегіс, жарықтандырылған әрі ойдым жері болмаған соң жүргізушілер жылдамдықты асырады. Ал Қордай мен Шуды байланыстыратын 56 шақырым ескі жолда жол апаты сирек болады. Яғни, жол апатының басым көпшілі жылдамдықты шамадан тыс асырғаннан орын алады. Мысалы, 7 айда облыстағы республикалық маңызы бар жолдарда масаң күйде көлік жүргізгендер 6 оқиғаға тап болса, 10 адам жарақат алған. Өкініштісі, жылдамдықты асыру дерегі бойынша 51 оқиға тіркеліп, салдарынан 29 адам мезгілсіз қайтыс болған. 108 адам ауруханаға түскен. Осылайша облыста жыл басынан бері 204 оқиға тіркелсе, 93 адам көз жұмған, 429 адам жарақат алған. Көрсеткіш жаз айларында жиілеп кетті. Соның ішінде Алматыға қатынайтын такси жүргізушілері ұйқы қысып тұрса да түнде жолға шығудан кетары емес. Былтыр коронавирус кезінде ауылдарға блокпостар қойылғанда көлік апаты азайған-тын. Сәйкесінше былтыр облыс бойынша 281 оқиға тіркеліп, 101 адам қайтыс болған, 561 адам жарақат алған. Биыл жеті айдағы көрсеткішке көз жүгіртсек, жыл соңына дейін статистика былтырдан асып түсетін секілді. Біз биыл республикалық маңызы бар жолдардың 209 шақырымын жаңартып жатырмыз. Алайда жол жаңартылған сайын жол көлік оқиғасы жиілеп кетпей ме деген күдік басым. Бұрын біз қала арасында қатынайтын автобустан қорқатынбыз, қазір «Альфард» көлігі жиі апатқа ұшырауда. Жол-көлік оқиғасын алдын алу мақсатында біршама жұмыстарды үйлесімді іске асырып жатырмыз. Мәселен, жол апаты жиі болатын аймақтарға тиісті жол белгілерді орнатудамыз. Сол секілді жол жиегіне күннен энергия алып, түнде жанып тұратын шамдар орнатқанымыз бар. 1390 шақырым жолдың жолағын сызып шықтық. Ол жолақты талап бойынша алты айда бір сызамыз.
– Республикалық маңызы бар жолдардың бойында малды ауылдардың бар екенін білеміз. Соның салдарынан кейде төрт түлік адасып жүріп, жол жиегіне шығып кететіні жасырын емес. осы жайтты қаперге алып, қандай да бір шара қабылдадыңыздар ма?
– Биыл көктемде түнгі 1:00 шамасында «Mercedes» маркалы көлік Қордай асуының 215 шақырымында жантүршігерлік апатқа ұшырады. Оқиға былай өрбіген, жол жиегіндегі бір ауылдың малшысы бөтен жылқыны өзі жайып жүрген үйірге қосқан екен. Жылқы деген жануар қой сиыр секілді басқа отарға бірден қосыла кетпейді ғой. Содан қосқан жылқысы үйірден шығып қалады. Қашқан жылқы түн жарымда жол бойына шығып кеткен. Шыққан бойда жылқыны бес тонналық шағын жүк көлігі соғады. Жылқы малы ауыр соққыдан сол мезетте өлген. Соққан көлік, жолдың жиегіне шығады, оны байқаған «Lada», «Mercedes» көлігі де бірінің артына бірі жол жиегіне тоқтаған. Сонымен үш көліктің жүргізушісі малды жолдан шығарып жатқан тұста тосыннан тағы бір көлік келе қалып, жылқыны басып өтіп, жол жиегіндегі көліктерді соғады. 7 жасар қыз бен тағы бір ересек адам сол сәтте қайтыс болған. Ал басқалары ес жия алмай абдырап тұрған сәтте, сол маңға жүк көлігі келіп тоқтайды. Ол ол ма, кейін сол жүк көлігін «Tayota» маркалы автокөлік соғады. Ол оқиғада тағы екі адам жан тапсырған. Осылайша, бір жылқының кесірінен 4 адам көз жұмып 5 көлік соқтығысқан. Иә, жол бойында малды ауылдар көп қой. Біз сол шаруалармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жантүршігерлік оқиға болған аумаққа күннен энергия алатын «электропастух» деген құрылғы орнатқанбыз. Ол құрылғы шетелде мал өткізуге таптырмайтын құрал болып саналады. Біз де осы тәжірибені пайдаланып, жол жиегіне мал шықпауын қадағалауды ойластырдық. Алайда сол ауылдың балалары заманауи құрылғының аккумуляторын шешіп алып, қазықтарын түбімен кесіп алып кетті. Осы олқылықты біз бірнеше мәрте реттеп, құрылғыны жөндегенімізді қайтейік, қайта орнатқан «электропастухты» да көп ұзамай қолды қылды. Енді мал жиі жайылатын аралыққа сым тартуды ойластырудамыз.
– Тәжірибелі маман ретінде жол бойындағы бейберекетсіздікті реттеу үшін қандай қадамға бару керек деп ойлайсыз?
– Байқасақ, қазір ішімдік ішіп, көлік жүргізетіндер азайған. Бастысы, жүргізушілер ұйқылы-ояу жолға шықпай, жылдамдықты асырмаса, көлік апаты азаяды деп ойлаймын. Қазір жол бойына «Сергек» камераларымен қатар жол белгілері орнатылуда. Негізі «В» категориялы жолда жылдамдықты 110- нан асырмау керек. Біз көктемде жұмыс жоспарын нақтылап алсақ, қазір соған сай әрекет етудеміз. Жолдарды жөндеп, қыс мезгіліне дайындыққа қызу кірістік. Бірақ біз жөндеген жолдар бірер жылда ашылып, қайта шұңқыр пайда болады. Жолдың бүлінуіне көктемгі жауын-шашын әсер етеді. Сондықтан ескі жолды он рет жөндегеннен, жаңасын төсеген әлдеқайда тиімді. Екіншіден, жол бойындағы белгілерді, темір қоршауларды ұрлайтындарға тыйым болмай тұр. Үшіншіден, жол жиегіне күл қоқыс тастап, дәретхананы ластайтындар көп. Жолда келе жатып, бөтелкесін терезеден тастайтындарды өзіміз де көріп жүрміз. Дәретхананы қоқысқа толтырып, түк болмағандай кете беретіндер қаншама? Енді оны тазалау дегеніңіз қиынның-қиыны. 2019 жылы жол жиегіндегі дәретханаларды тазалағанда олардың 90 пайызы толып кеткенін байқадық. Дәретхананың артқы бөлігін қазып, күл қоқыстарын әзер шығарып, су таситын көліктермен шайғанбыз. Аңғарсақ, басқа- басқа Жамбылдағы жолдың жиегінде әжетхана көп екен. Бұдан бөлек қоқыс контейнерлерінде малдың басы, терісі, ішек қарыны жатады. Күл-қоқыстарды жиіркенбей тазалап жүрген жұмысшыларымыздың еңбегі бағалауға тұрарлық. Сондықтан тұрғындар жол жиегін ластамас бұрын, тазалыққа жауапты жұмысшылардың еңбегін елесе екен дейміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Сәндібек ПіРЕНОВ