Меркі тарихы – ел тарихы
«Саяси қуғын-сүргін кезіндегі түрлі зорлық-зомбылық саяси науқандар мен аштық кезінде Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған босқындарды, дәстүрлі дін өкілдерін зерттеу жөніндегі жұмыс тобының» (топ жетекшісі Қ.К.Дәурембеков) кезекті экспедициясы Меркі ауданында жалғасты. Алдымен аудан әкімдігінде ауыл қариялары, зиялы қауым және этномәдени орталық өкілдерімен бас қосқан топ мүшелері жұмыс барысын таныстырып, бағыт-бағдарын анықтап алды. Меркі – тарихқа бай өлке. Өткен ғасырдың басындағы тарихи-саяси науқандардың бел ортасында жүрген Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин, Қ.Сарымолдаев тағы да басқа Алаш ардақтыларының тағдыры бұл өлкемен тығыз байланыста болған. Қала берді Меркі көтерілісі, осындағы балалар үйіндегі балалардың тағдыры, Қырғыз ауған қазақтардың ауыр жолы тағысын тағы – талай тарихи деректер мен әңгімелерге негіз болғаны тағы анық. Тіпті, Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары аудан орталығында тұрған Лениннің ескерткішін алғанда орнынан адам сүйектері шығыпты. Бұл ашаршылық құрбандарының сүйегі немесе жаугершілік заманындағы қырғында мерт болған батырлардың мәйіттері болуы мүмкін. Тарихи «Меркі қамалы» туралы да аңыз аз емес қой. Сондықтан Ұлы Жібек жолы бойындағы Меркі тарихы, өткені, көсегесі көгерген бүгіні – ел тарихында орны бөлек шежіре. Осы аймақтағы белгілі өлкетанушылар – Сейсен Қожеке, Әли Бекұлы, ел ағаларының әлі де тың деректер беретініне кәміл сенеміз.
Аға буынның айтары бар
Кездесу барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев, кеңес төрағасының орынбасары өзбек этномәдени орталығы жетекшісінің орынбасары Насырхожа Махмудов, белгілі журналист- ардагер Серік Құралбаев, «Хазар» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Гулаға Джамалов, Меркі ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Аманкелді Нәмеқұлов, Сәрсенбай Әпсетов біраз тарихи деректерді алға тартып, уақытында қариялардан естіген әңгімелерімен бөлісті. Өкініштісі, бүгінде ашаршылық жылы қырылған адамдардың қорымын көп азаматтар біле бермейді. Көзкөргендердің дені өмірден өтіп кетті.
Байсейіт Жылысбаевтың айтуынша, 1927 жылы Меркіде «Ардом» құрылыпты (Арестантский дом). Онда ірі байлар, молдалар қамалған көрінеді.
– Бұл нәубатты көрмеген қазақ отбасы жоқ шығар. Біздің әулетті де айналып өтпеді. Сол «Ардомның» қай жерде болғанын ешкім білмейді әлі. Бірақ онда қамалған адамдар кейін Сібірге жер аударылғаны анық. Оған бір дәлел, Ботбай-Майлыбайдың қадірлі азаматтарының бірі, ақын- шайыр, ғұлама, молда, әрі дәулетті азамат – Рысбайұлы Әбдібай Софы Сталиндік репрессияға ұшырап, «Ардомда» жазықсыз жапа шегіп жатқанда ағайынға жазған қисса-хаты. Қуанарлығы бұл хатты Әбдібайдың тете ағасы Тоқтаған Рахымбаев сексен жыл бойы сақтап келген. Кейін Тоқаң бұл хатты Нұрғали Омаралиевке аманат етіп тапсырған болатын. Қиссаның мазмұнын қысқа айтар болсам, онда жазықсыз жазаланған ағайынды Қонысбай, Рысбай, Жылысбай, Аспара болысын үздіксіз 25 жыл басқарған Бектен Медерұлы (кейін туыстарымен түгелдей мал-мүлкі тәркіленіп жер аударылған), Досқара, Иса, Ыдырыс, Төлеш, Рәсіл Майлыбайдың үлкен үйі Сымық байдың балалары мен немерелерінің тағдыры баяндалады. Ал Әбдібай Рысбайұлы ұсталғанға дейін әйелі Сейсекүл екі қыз туған болатын. Әбдібай Оралда жер аударылып жүргенде әуелі ұлы туады. Есімін Орал қояды. Одан кейін Сыралы деген ұлы болды, – дейді Байсейіт Жылысбаев. Сондай-ақ Байсейіт аға алдағы уақытта өзінің мұрағатындағы құжаттармен де бөлісетін болды.
Сәрсенбай Әпсетовтың де әңгімесі қызық болды. Оның айтуынша, жуырда Германия мемлекетінен келген екі азамат осында ата-бабаларының қорымын іздеп келіпті. Ауыл үлкендерінің көрсетуімен Аспара – 2 бөлімшесіндегі қорым уақытында қазақ жеріне күштеп жер аударылған неміс және өзге де ұлт өкілдерінің қорымы болуы әбден мүмкін. Өйткені әлгі неміс бауырлардың атасы сонда жерленіпті.
Әңгіме барысында кезінде осы төңіректе Қара молда деген кезбе молда болғаны айтылды. Аға буынның айтуынша ел ішінде темір-терсек жинап, мешіт салдыруға ниет еткен көрінеді. Көнекөзді көргендердің есінде қалғаны сондай тағы бір-екі кезбе молда уақытында сотталып та кетіпті. Бұл әрине, алдыңғы буын ағалардан жеткен сөз, оның анық-қанығын, нақтылығын анықтау керек. Архив құжаттарымен де салыстырып, зерделеу парыз.
40 жыл сақталған құжат
Экспедицияның екінші күні «Хазар» әзербайжан этномәдени бірлестігінің жетекшісі Гулаға Джамаловқа бізге бір құжат ұсынды. Оны оған осыдан 40 жыл бұрын Санкт-Петербургтан бір танысы әкеліп берген екен. Расында құжат – тарихи құжат. Шекесінде «Акц. Общ. ФРИДИХЪ ПУЛСЪ въ Варшавъ рекомендуетъ о-д-е-колоны: рояль – голландскій – дю мондъ элеганъ» деп жазылған құжатты өзімізге таныс елді мекендердің тарихы жазылыпты. Құжатта 1875 жылғы деректер жазылғанына қарағанда осы өңірге келген экспедиция өкілі немесе отарлау саясатын ұстанған Ресей офицерінің жазбасы болуы әбден мүмкін. Құжат тек бір ғана парақ қағаз. Онда 227, 228 беттер ғана.
Құжатпен таныстық. Қысқаша айтқанда, мазмұны төмендегідей. «Ст. Ақыр-төбе. Әулие-ата қаласынан кейінгі үшінші станция. Жолдың оң жағында ірі тастардан қаланған көне құрылыс нысаны тұр. Аумағы үлкен. Бірнеше бөлмесі бар. Тастарды қырғыздар мал қораға да жаратады екен («Ақяртас» тарихи кешенін айтып тұрған болу керек).
Подгорное. Орыс елді мекені 1889 жылы құрылған. Аула саны – 18. Жан басы – 115. Мектеп бар.
Луговое. Орыс елді мекені 1890 жылы құрылған. Аула саны – 10. Жан басы – 69. Мектеп бар.
Каменка. Орыс елді мекені 1888 жылы құрылған. Аула саны – 28. Жан басы – 164. Мектеп бар.
Мерке. Орыс және түземдік елді мекені. Әулиеатадан кейінгі уездегі бірінші сауда орны. Шіркеу, пошта-телеграфтық бөлім, орыс-шіркеу училищесі, 3 орыс-түземдік мектеп, үлкен базар, присав кеңсесі бар. Мұндағы крестяндар ауласы – 97. Жан басы – 672. Елді мекеннің орыс аумағы 1885 жылы құрылған.
Кузьмина. Орыс елді мекені 1886 жылы құрылған. Аула саны – 30. Жан басы – 220.
Чалдавар. Орыс елді мекені – 1876 жылы құрылған. Аула саны – 200. Жан басы – 1310. Шіркеу, мектеп, базар бар.
Николаевка. Орыс елдімекені 1884 жылы құрылған. Аула саны – 86. Жан басы – 562. Шіркеу, мектеп бар.
Қарабалта. Орыс елді мекені 1884 жылы құрылған. Аула саны – 185. Жан басы – 1214. Шіркеу, мектеп бар. Қарабалта Сырдария және Жетісу облыстарының шекарасы болып табылады. Қарабалтадан солтүстікке қарай 40 шақырым жерде 1892 жылы құрылған Степное орыс елді мекені орналасқан. Аула саны – 40. Жан басы – 221. Мектеп бар.
Әулиеата уезінде аталған елді мекендерден бөлек қаланың маңында орналасқан бірнеше поселкелер мен орыс елді мекендері бар.
Михайловское. 1873 жылы құрылған. Аула саны – 52. Жан басы – 346. Мал саны – 500. Қаладан 12 шақырым жерде.
Шаповаловка. 1888 жылы құрылған. Аула саны – 48. Жан басы – 300. Мал саны – 700. Қаладан 30 шақырым жерде.
Ровное. 1892 жылы құрылған. Аула саны – 28. Жан басы – 177. Мал саны – 200. Қаладан 10 шақырым жерде.
Гродеково. 1892 жылы құрылған. Аула саны – 36. Жан басы – 362. Мал саны – 520. Қаладан 12 шақырым жерде.
Грозное. 1892 жылы құрылған. Аула саны – 100. Жан басы – 584. Мал саны – 1100. Қаладан 42 шақырым жерде.
Покровское. 1881 жылы құрылған. Аула саны – 110. Жан басы – 907. Мал саны – 1670. Қаладан 25 шақырым жерде.
Александровское. 1886 жылы құрылған. Аула саны – 88. Жан басы – 694. Мал саны – 1200. Қаладан 30 шақырым жерде.
Ключевое. 1892 жылы құрылған. Аула саны – 12. Жан басы – 257. Мал саны – 670. Қаладан 50 шақырым жерде.
Дмитрівка. 1877 жылы құрылған. Аула саны – 146. Жан басы – 956. Мал саны – 2000. Қаладан 80 шақырым жерде.
Петро-Александровск – Әмудария бөлімінің әкімшілік орталығы. 1873 жылы құрылған. Әмудария өзенінен алты шақырым жерде Ханки хивиндер қалашығына қарама-қарсы орналасқан. Қалада 2758 жан басы бар. Оның 2269-ы еркек болса, 489-ы әйелдер. Қалада шіркеу, бөлім бастығының басқармасы, қалалық училище, әйелдер-шіркеу училищесі және бірнеше еуропалық дүкендер орналасқан. Әрине, бұл деректер оқырмандарды қызықтыра қоймайтын шығар, бірақ өлкенің арғы-бергі тарихын зерттеп, зерделеп жүрген ғалымдар мен өлкетанушылар үшін керек құжат екені анық.
Жүніс молда мешіті
Аудан орталығындағы тарихи нысанның бірі – Жүніс молда мешіті. Сонау 1949 жылы Сталиннің қаһарынан қорықпастан Мәскеуге хат жазып, мешіт ашуға рұқсат алуды ұйымдастырған Жүніс молда Жасұланұлы болатын.
73 жылдық тарихы бар мешіт одан бергі аралықта талай жөнделіп, құрылысы өзгерді. Дегенмен бүгінгі ұрпақ ұмытпас үшін мешіттің алдындағы алаңшадағы мәрмер тасқа «Бұл мешіт 1949 жылы ашылған. Ашу үшін Мәскеуден рұқсат алуды ұйымдастырған, мешіттің қабырғасын өз қолымен қалаған, алғашқы имамы болған Жүніс Жасұланұлы молда болатын.
Мешіт Меркі, Луговой қазіргі Т.Рысқұлов аудандарының халқына қызмет істеді. Осы екі ауданның қайырымды жандарының қаржылай қолдауымен 1983 жылы қайта салынды. Осы мешітте 1990 жылы медресе ашылып, 10 жыл ішінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп 300-ден аса шәкірт оқыды, имамдар даярланды. 2000 жылы Мәдениет жылы аталуына орай қасиетті орынға айналған мешітке Жүніс молданың есімі берілді» деген жазу жазылған.
Расында, мешіт бастапқы құрылысынан көп өзгерген. Оның үстіне 2018-2019 жылдары меркілік Бауыржан Абдрахманов күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қайта жаңғыртыпты. Уақытында Бауыржан Абдрахмановтың атасы Қазықбай осы мешітте молда болған екен.
Жалпы, аудан орталығында мұндай тарихи нысандар көптеп саналады. Шіркеу, Меркі теміржол вокзалының ғимараты. Сондай-ақ ауыл тұрғындары орыс-шіркеу училищесінің орны мен жоғарыда сөз болған «Ардом» (Арестанский дом) орындарын да анықтауға болатынын айтып, мүмкін болса осы ғимараттарды сақтап қалуды ойлаған дұрыс шығар дейді. Топ мүшелері біраз тарихи нысандарды аралап та көрдік. Көңіл толмағаны – Меркі теміржол вокзалы болды. Тіпті ағымдағы жөндеу де көрмеген. Сөйтсек, бұл нысан «Қырғызстан теміржолына» қарайды екен.
Қорымдар қоршалыпты
Аудан орталығы Меркі ауылының оңтүстік-шығыс жағында қорым бар. Қорым зұлматты жылдары Қазақстанға күштеп көшірілген өзге ұлт өкілдерінің қорымы. Қоршалған және арнайы тақта ілінген. Тақтада «Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстанға департацияланған (1941-45) кавказ және өзге де ұлт өкілдерінің қорымы. Қоршау 58 жылдан кейін патриот- интернационалист Керімбаев Лес Жарылғасынұлының бастамасымен, ата- анасы соғыс және еңбек ардагерлері – Жарылғасын Керімбаев пен Ұлбөпе Зукенованың ұсынысымен 1997 – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы құрметіне орнатылды. 2000 жыл. Мамыр» – деген жазу бар. Мұндай қорым жоғарыда біз сөз еткен Меркі ауылы Қостаған көшесінде орналасқан Жүніс молда мешітінің алдында да бар. Ол да қоршалған. Қорымдар ауылдың ішінде жатқандықтан қоршалғаны дұрыс.
Ал «Қызыл дихан» ауылынан арнайы келген Орынтай Төлебаев, Есен қажы Ниязбеков, мешіт қызметкері Ержан Ошақбаев және Мақсат Килеубаев ауыл маңындағы «Естай тал» аталып кеткен жердегі «Қызтуған бейіті» бүгінде егістіктің ортасында қалғанын айтып, оны қоршау мәселесін көтерді. Расында қорым бүгінгі күні егістің ортасында қалған.
Ауыл азаматтарының айтуынша, Қырғыз ауған ауылдастардың дені туған жеріне өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында орала бастаған. Яғни, орта есеппен алғанда сол буынның ата-бабасы осы қорымға жерленгенін ескерсек, бұл ескі қорым болып тұр. Топ мүшелері аталған қорым аумағына арнайы белгі қою жөнінде зерделеу жұмыстарына кірісіп кетті. Бұл шараға «Қызтуған бейіті» аумағындағы егістіктің иесі, яғни шаруа қожалығының қожайыны да қарсылық танытпайтындығын жеткізді ауыл тұрғындары.
Ерман ӘБДИЕВ, топ мүшесі, журналист. Меркі ауданы.