Жуалыда жұптасқан «Екі Жұлдыз»
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңын және «Әулиеата жастары» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен балаларды көркемдік – әсемдік, адамгершілік – рухани бағытта тәрбиелей отырып өнерге баулу мақсатында Нұрлыкент ауылдық мәдениет үйінде аудандық «Екі жұлдыз» ән байқауы өткізілді.
Қазақша патриоттық немесе халық әнін орындау және еркін тақырыпта ән айту кезеңдері бойынша бақ сынасқан өнерлі жұптар байқауда бәрін салды. Әсем әнмен өз шеберліктерін таныта білген байқау қатысушыларына, ән тыңдап серпіліп қалған әділ қазы алқалары мен көрермендер өз ризашылықтары мен ыстық ықыластарын қошеметпен білдірді.
Әділ қазылар алқасы музыканың сапалы деңгейде өңделуін, сахна мәдениеті, әнді мазмұнына сай жеткізуі және киім үлгісі бойынша бағалады.
Ал өз даусы мен дарынын көпшілік алдында таныта біліп, әділ қазы мен жұртшылықтың көңілінен шыға білген Б. Момышұлы ауылынан келген Моматай Ақбота мен Мейірхан Гүлім бас жүлдені алып, байқау жеңімпаздары атанды. Байқаудың І орын жүлдесіне Нұрлыкент ауылдық округінен қатысқан Орысбекова Асельхан және Орысбек Гүлхан жұбы лайық деп танылды. ІІ орынға Қошқарата ауылдық округінен келген Рахымберді Нұралы және Донаева Гүлжайна жайғасты. Жүлделі ІІІ орынды #1 Өнер мектебінен келген Қуатбек Дильназ және Темірбек Карина жұбы мен Қарасаз ауылдық округінен келген Баетова Гүлнұр және Нұржаубек Инабат өзара бөлісті. Сонымен қатар «Көрермен көзайымы» номинациясымен Қызыларық ауылдық округінен Сарсенбай Диана, Махамбетәлі Әмина атанды.
Жоғарыда аталған жеңімпаздарды аудандық мәслихат депутаты, «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры М.Телеушов және ауыл әкімі Н.Булекбаев ұйымдастырушылардың атынан дипломдар мен ынталандыру сыйлықтарын табыстап, болашақта тек қана үлкен сахналардан көрсек деп тілек білдірді.
Жуалы ауданы әкімдігі