Тәрбиелі ұрпақ – ұлт болашағы

Президенттің халыққа арнайтын Жолдауынан жағымды жаңалықтар күтіп, әріптестерімізбен, отбасымызбен бірге тыңдайтынымыз рас. Биылғы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» тақырыбымен жарияланған Жолдау жаңа бастамаларымен қуантты.

Жұмысым балалардың тәрбиесіне тікелей байланысты болғандықтан, мені Жолдаудың балалар игілігіне бағытталған бастамалары айрықша мерейлендірді.

«Келесі маңызды мәселе – білім беру жүйесі туралы. Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы халықтың «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзін ескертіп, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керегіне назар аудартты. Ертеңінің баянды болуын ойлаған ұлт бүгінгі баласының тәрбиесіне үңіледі. Бұл – өмір өзі дәлелдеген ұғым.

Президент Қ.Тоқаев «Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет» деп, балаларды тәрбиелейтін мамандардың жауапкершілігіне баса мән беруді де тапсырды.

Бас құжаттың тағы бір көңілге қонған тұсына тоқталсам «Біз 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартамыз» деген Президент бүлдіршіндердің ең маңызды шағында ата-аналары жанында көбірек болуына жағдай жасау керегін баса айтты. Рас, ата-аналардың көбі күнкөріс үшін жұмыс бастылықпен балаларына көп уақыт бөле алмауының салдарынан қоғамымызда талай жаға ұстатарлық жайттар орын алып жүр. Оны жасыра алмаймыз. Қазіргі күнде өзім жетім және ата ана қамқорлығынан айырылған балалар үйінің 16 мен 23 жас арасындағы түлектері тұратын мекемеде тәрбиеші қызметін атқарамын. Егер ата-аналар баласының алдындағы жауапкершілігін бір сәтке де естен шығармаса, көп бала өз туғандарының жан жылуын сезініп, бақытты отбасында өсер ме еді? Әрине, тағдыр салып, ажал айырса, амал жоқ. Дегенмен бүгінде туған әкесі мен анасы безінген бақытсыз бала баршылық. Осындай олқылық орын алмау үшін әрбір балаға жеке тұлға ретінде қарап, оның бақытты балалықта өсуіне бүкіл қоғам болып көңіл бөлсек екен.

Ал Қ.Тоқаевтың «Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді» деп балалардың болашағын бүгіннен күйттеп, елдің ертеңіне жарқын жол салуды меңзеді.

Келер күннің кемелдігін қазірден ойлауды алдыңғы орынға қойған Мемлекет басшысы «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» деп, елдің негізгі құндылығын дамытуды баса назарға алды. Халықтың денсаулығын қорғаумен, қалыптасушы жас тұлғалардың бойына дұрыс тәрбие сіңіріп, сапалы білім берумен ғана жан-жақты дамыған, нағыз өркениетке қол жеткізеріміз анық. Міне, осыған зейін қойған ел Басшысы экономикаға да, саясатқа да жеке тоқталды. Кемел келешекке жол бастайтын Жолдаудың іс жүзінде орындалуын күтеміз. Ел үміті ақталарына сенеміз.

Қуатбек ШАРБАДАРОВ,

«Облыстық жасөспірімдер үйі» КММ тәрбиешісі.