ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ САРБАЗДАР САНЫНАН АЛДЫҢҒЫ САПТА
Түркістан облысына көктемгі әскерге шақыруға берілген тапсырыс сапасы мен саны 103,1 пайызға орындалды. Атап айтқанда, Отан алдындағы борышын өтеуге Қарулы күштер қатарына 60 адам, Мемлекеттік күзет қызметіне 3 адам, Ұлттық ұланға 2 адам берілген тапсырыстан артық жіберілді. Алдағы күзгі әскерге шақыру жоспарына сәйкес, облыстан барлығы 2200-ге жуық азамат әскерге шақырылуы тиіс. Бұл жоспарды сапалы орындау үшін өңірімізден 14 000-ға жуық адам зерделеуден өтуі керек. Бүгінде олардың 700-ге жуығы іріктеліп, жеке істері жинақталуда. Отан алдындағы борышын өтеуге Қарулы Күштер қатарына 60 адам, Мемлекеттік Күзет қызметіне 3 адам, Ұлттық ұланға 2 адам жіберілді.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары, облыстық шақыру комиссиясының төрағасы Ұлан Тәжібаев, ҚР Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары полковник Рустам Ақбаров Түркістан облысының жергілікті әскери басқару органдарының басшылық құрамымен күзгі әскерге шақыру науқанын ұйымдастыру мен өткізу тақырыбында оқу-әдістемелік жиын өткізді.
Жиналыс барысында көктемгі әскерге шақыру науқанының қорытындысы шығарылып, күзгі науқанға бағытталған жұмыстар мен жоспарлар баяндалды.
Күзгі әскерге шақыру науқанын сапалы, әрі уақтылы орындау мақсатында комиссия әр шақырылушыны жеке-жеке қарастырып, алған білімін, мамандығын ескереді, отбасы жағдайын сараптайды, денсаулығының жарамдылығын басты назарға ала отырып, оны әскер қатарына қабылдау-қабылдамау туралы шешім қабылдайды. Жасақтау экстерриториалды принципке сәйкес жүзеге асырылады, яғни шақырылушы өзге облысқа аттандырылады.
Әскери қызметке шақыруға жасы 18-ден 27-ге дейінгі, денсаулық жағдайы бойынша жарамды, сотталғандығы және әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе шақырудан босатылуға құқығы жоқ азаматтар жатады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі