СҮТ БАҒЫТЫНДАҒЫ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ – БАСТЫ НАЗАРДА
Аймақта 2025 жылға қарай жалпы сүт өндірісін 30% арттыру, ал өндірістік фермаларда сауылған сүт көлемін 3 есеге ұлғайту көзделуде. Бұл бағытта тауарлы фермалар санын көбейту, селециялық асылдандыру жұмыстарын жаңа деңгейге көтеру мен оның сапасын арттыру маңызды рөл атқарады.
Осыған байланысты күні кеше ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен сүт бағытындағы асыл тұқымды мал өсіруші шаруашылықтарға арналған семинар өткізілді. Семинар барысында Ірі қара малдың сүт және аралас тұқымдарының Республикалық палатасының өкілі Асхат Шындалиев асыл тұқымды мал шаруашылығы жұмыстарын сапалы жүргізу, қолдан ұрықтандыру, бағалау, таңбалау-сапаландыру, сұрыптау бойынша жаңа бағдарламаларды таныстырып, ережелерін түсіндірді.
Жалпы облыста сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамыту бойынша ілгерінді жұмыстар атқарылуда. Мәселен, қазіргі уақытта қуаты 50 бастан 400 басқа дейінгі сауын сиырдан тұратын 52 сүт-тауарлы фермасы жұмыс істесе, олардағы мал саны 14,0 мың басты құрайды. Жыл басынан бері өңірде 226,9 мың тонна сүт өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 1,7% артты.
Сүт бағытына мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау да ұлғайып келеді. Биылғы жылы «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» бағдарламасы аясында сүт бағытын субсидиялауға 893,0 млн.теңге қаржы бөлінсе, оның 388,0 млн. теңгесі сауын сиыр саны 50 бастан басталатын сүт тауарлы фермаларына тиесілі.
Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы