Шоқай датқа кесенесі
Шоқай датқа Қарабекұлы — қара қылды қақ жарған әділдігімен, ауыздыға сөз бермес шешендігімен кеңінен танылған, жастайынан ел басқару ісіне араласып, рулар мен тайпалар арасында ғана емес, көрші жатқан туыстас елдер арасында мәмілегерлігімен аты шыққан қайраткер. Шоқай датқа ХІХ ғ. басында Саудакентте өмірге келген.
Шоқай датқа кесенесі Сарысу ауданы, Саудакент ауылының оңтүстік шетіндегі ескі қорымның солтүстік бөлігінде орналасқан. Кесене Шу-Талас өңіріне тән монументалды құрылыстар түріне жататын ескерткіш.
Алғашқы құрылысы ХІХ ғ. тұрғызылған. 1946 ж. бастап әр кезеңде қалпына келтіру және зерттеу жұмыстары жүргізілген. 1990 ж. қабырғаның құлаған, жақтауларының мүжілген тұстары қалпына келтірілген. Күйдірілген кесектен өріліп, есігі оңтүстік-батысқа қараған бір бөлмелі күмбезді ғимарат. Жобасы тік төртбұрышты келген, өлшемдері 7,4х8,1 м. Домалақ келген мұнаралардың жоғарғы жағында өрнекті белдеулері бар. Кесене күмбезі домалақ барабанға орнатылған, жиектемелерінде ақ және қызыл түсті бояулардың жұғындылары сақталған. Ғимараттың оңтүстік-шығыс қабырғасында аркалы есігі бар жер асты қабірі анықталған. Жобасы шаршы пішінді, көлемі 3х3 м, төрт қырлы аласа келген жабыны бар.
Шоқай датқа ХІХ ғ. екінші жартысына дейін Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығыс аймағындағы Қоқан хандығының ықпалы басым болып тұрған тарихи кезеңде өмір сүрді. Қоқан ханы болған Омар, одан кейін Құдияр қазақтарға олардың арасынан шыққан беделді, ел арасында қадірі асқан ықпалды тұлғалар арқылы басшылық жүргізеді. Қаратаудың теріскейіндегі қазақ елінің беделді, билікке араласа бастаған жас Шоқайға Қоқан билеушілерінің қалауы түсіп, оған хан сарайының лауазымды қызметі «датқа» атағын береді. Сол замандағы оңтүстік өңірінің тарихи тұлғалары Сапақ датқа, Бөлтірік шешен, Байзақ датқа, Жәкел датқа, Майкөт ақын, басқа да белді азаматтармен қарым — қатынаста болды. Ол орыс халқымен экономика және әскери бірлікті де сақтай білген дипломат. Шоқай датқа – еліне, жеріне өлшеусіз қызмет жасаған, артында сөзі мен ісі қалған ірі тарихи тұлға ретінде халық санасынан орын алған.