АҚЫН СӨЗІ
Жүректен шыққанда, көзкөрген қайратты ерді — қайраткерді көз алдыңа келтіреді, есіңді жиғызады, намысыңды оятып, жігерлендіреді. Ақын ағамыз — Темірхан МЕДЕТБЕКТІҢ өзі де адал, сөзі де адал. Ағынан жарылып, Шерхан МҰРТАЗА ағасына жазған қоштасу жырын қайталап бір оқыңыздар, көкейге тоқыңыздар!
ШЕРХАН МҰРТАЗАМЕН ҚОШТАСУ
Қайран Шер-аға,
Қандай бір
Қысталаң шақта да
Басыңа ноқта кимеген
Тарпаң едің!
Еліңе жасалған
Өктемдіктер мен
Озбырлықтарға
Кеудеңді тосып
Тұра қалатын
Қалқан едің!
Басыңа қауіп төнсе де,
Қасқайып тұрып
Ақиқатты айтудан
Тартынып қашпайтынсың!
Ондай кездерде
Қынаптан суырылған
Қылыштай жарқ етіп
Кесіп тастайтынсың!
Алашшыл арысым-ай!
Ұлттық намысым-ай!
Берекеміздің
Құтын қашырар
Қулық пен сұмдықтарға
Аспан төсінен
Сорғалап түсетін
Қыраным едің!
Қалғығанды селт еткізер,
Аңдығанды селк еткізер
Ұраным едің!
Амал не,
Қара тасты қақ жарып шыққан
Қайыспас қарағайдай
Асыл тектім!
Опасыз мына жалғаннан
Сен де, міне,
Өттің де кеттің,
Өттің де кеттің!..
Қош бол,
Қазақтың Шерханы!
Темірхан МЕДЕТБЕК,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты