БІРЛІГІМІЗДІ КӨЗДІҢ ҚАРАШЫҒЫНДАЙ САҚТАУҒА ТИІСПІЗ

Әлеуметтік желілер өмірімізге енгелі бері жылт еткен жаңалықпен қоса жалған, яғни дәйексіз ақпарат ілесіп жүретіні жасырын емес. Көзі ашық, сауатты азаматтар ресми хабарға ғана сенеді. Ал азаматтық қоғамның жекелеген бөлігіне негізсіз ойларды, анық-қанығына жетпеген жайттарды жорта тарату — мыңдаған ақпараттық технологияның бір формасы деуге болады. Әрине, оған қалқан болатын жалғыз жол — жан-жақты ресми ақпаратпен шұғыл қамтамасыз ету болса керек. Еліміздің Бас прокуратурасы хабарлағандай,
«Мұндай жалған ақпаратты таратуды негізінен, блогерлер әдейі және үшінші тұлғалардың мүддесін көздеп жүзеге асырады. Олардың мақсаты — жеке басын баю және ақша бопсалау арқылы материалдық пайда алу.
Ұлтаралық араздықты қоздыруға, бопсалауға, көрінеу жалған ақпарат таратуға бағытталған бұл әрекеттер қылмыстық әрекет болып саналады. Қылмыстық кодекстің 174, 194 және 274-баптары бойынша жауап береді». Сондықтан аталмыш ведомство қызметкерлері ел азаматтарын, БАҚ өкілдерін, әлеуметтік желі қолданушыларын заңды қатаң сақтауға және жоғарыда аталған құқық бұзушылықтардың ешқайсысын жасамауға, арандатушылыққа бой алдырмауға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырып отырғанын мәлімдеді.
Еліміздің әрбір азаматы жеріміздің тұтастығын, қоғамның, еліміздің ынтымақ-бірлігін көздің қарашығындай сақтауға тиіс деп ойлаймыз.

Дархан МЫҢБАЙ фб парақшасынан
#amanat