ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРДА «БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы, Отырар ауданында «Белсенді ұзақ өмір» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы ашылды. Орталық құрметті еңбек демалысына шыққан барлық еңбек ардагерлерінің басын біріктіретін бірегей ортаға айналмақ. Мұнда ардагерлердің бос уақыттарын тиімді өткізуге мол мүмкіндік жасалған. Олар өзара әңгімелесе отырып, шығармашылықпен айналысады, медициналық көмек алады, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен де шұғылдана алады.
«Белсенді ұзақ өмір» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының ашылуына арналған салтанатты жиынға аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов және облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сапарбеков Әбдішүкір, аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манаповтар қатысып, қарттарға өзінің жылы лебізін білдірді.
– Қоғамның дамуы сол қоғамның қарт адамдарға қарым-қатынасымен өлшенеді. Халықпен есеп беру кездесуімде тұрғындар қарттарға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған орталық ашуды өтінген еді. Сол орталықта азаматтардың бос уақытын өткізіп, әңгімелесіп, араласуына жағдай жасалуын қалаған. Мінеки, біз сол орталықты ашып отырмыз. Мұндай мүмкіндіктер қарттарымыздың денсаулығы мен руxани күйіне оң әсерін тигізеді деп сенемін, – деді Сәкен Асылханұлы.
Іс-шара барысында рухани құндылықтарымызды, ел бірлігі мен діни татулық пен тұрақтылықты аудан тұрғындары арасында насихаттауда қосқан үлестері үшін ауданның бірнеше ардагеріне аудан әкімі С.Сұлтанханов алғыс хаттар табыстады.
Орталық ғимараты түрлі заманауи аппараттармен жабдықталған. Атап айтқанда: тұз шахтасы (тұзбен емдеу), медике кабинеті, автоматтандырылған түрлі массаж құрылғыларымен және арнайы психологиялық көмек көрсету кабинеті, кітапханамен қамтылған.
«Белсенді ұзақ өмір» КММ-де қазіргі таңда 185 адам әлеуметтік қызмет алса, бір күнде 50 қызмет алушыға 14 маман әлеуметтік қызмет көрсетеді.
Жиын соңында ауданның мәдениет сарайынының өнерпаздары ұсынған әсем әуен шырқалып, көпшіліктің көңілінен шықты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі