ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 4500-ДЕН АСА АРДАГЕРГЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ

Бұл туралы бүгін өткен брифингте Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов айтты.

— Облыс бойынша қарттар мерекесін өткізу мақсатында «Ардагерлерді ардақтайық» атты іс-шарасы жоспары бекітіліп, аудан, қала әкімдеріне жолданды. Нәтижесінде, мерекеге орай 4 627 ардагермен теңестірілгендерге 37,3 млн теңге көлемінде әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ, өңір басшысының бастамасымен 1 қазанда облыстағы 150-ден астам ардагердің қатысуымен салтанатты іс-шара өтеді. Одан бөлек, «Қарттарым аман жүрсің бе?» тақырыбында өңірдегі 100 жастан асқан 75 қарияны құттықтау акциялары ұйымдастырылуда, — деді Нұржан Кеңесбекұлы.

Спикердің сөзінше, әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында әр аудан, қалаларда жергілікті бюджет есебінен жалғызілікті қарттарға 2-5 АЕК аралығында материалдық көмек көрсетілген. Сондай-ақ, азық-түлік себеттері таратылып, мерекелік дастархан ұйымдастырылуда.

Айта кетейік, 1 қазанда Қарттар күніне орайластырылған айлық басталады. Облыс, қалалар мен аудандардың әкімдері, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары аға буын азаматтарын әлеуметтік қолдау жөніндегі іс-шаралар және еңбек ұжымдарында кездесулер, сондай-ақ, амбулаториялық-емханалық ұйымдарда Ашық есік күндерін өткізеді.

Еске салсақ, облыста 17 ардагерлер ұйымы бар. Олардың барлығы қызметтік ғимаратпен қамтылған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі