АДАМНЫҢ ЖАНЫ НЕГЕ АУЫРАДЫ?

Әзіреті Имам Шағбиден (Алла одан разы болсын) бір кісі: «Адамның жаны ауыра ма?» деп сұрайды. Сонда Имам Шағби: «Иә ауырады. Жаман, нашар адамдардың себебінен ауырады»- деп жауап береді. Шағбидің жақсы таныстарының бірі: «Бір күні Шағбидің тұсынан өттім. Екі нашар адамның ортасында отыр екен. Жан қалай?»-деп сұрадым. Ол маған қарап: «Өлімалды арпалыстың, жанталастың күйін кешіп отыр»- депті. Рас, кейде кейбір адамдардың жанында отырғанда нәрі мен мәні жоқ әңгімелерінен жанымыздың күйзелетіні ақиқат.
Құдай сақтасын, жаманмен бірге отырудың өзі – үлкен қасірет, азап екенін сонда түсінесің. Осындайда жақсыларға жақын, жамандардан алыс жүру керек екенін ұғасың. Ал, жақсы адам дегеніміз кім? Әзіреті Хасан Басриден «Жақсы адам кім?» деп сұрағанда, ол: «Төрт нәрсе адамның жақсы екенін білдіреді: «Шыншылдық, достарының қате-кемшіліктерін кешіру, жомарттық, көршілеріне зиян келтірмеу», – деп жауап берген. Ізгі жандардың бірі: Жақсы адам деген жақсылық жасауда пейілі кең, мінезі көркем, білім іздеу және құлшылық жасауда басқаларға үлгі болған жан»,-деген екен.
Ендеше Құдай Тағаладан екі дүниеде де жақсылармен бірге болуымызды тілейік!

Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ.