Үш жел электр стансасы салынады
Талас ауданында бүгінгі таңда үш бірдей жел электр стансасының құрылысы жүргізілуде. Оның құрылыс жұмыстарын «Шенгелді», «Шенгелді-2» және «Новатэкс» ЖШС іске асыруда.
Аталған үш жоба да Қызыләуіт ауылдық округінде бұдан бұрын салынған екі жел стансасы жанынан бой көтеруде. «Шенгелді» ЖШС жалпы қуаты 4,5 мегаватты құрайтын үшінші жел электр стансасының құрылысын 2020 жылы бастаған. Оның жобалық құны 1 миллиард 829,1 миллион теңгені құрайды. Қазіргі таңда онда үш қондырғы орнатылған. Оның құрылыс жұмысына 11 адам тартылған. Нысанды мердігер биылғы жылдың соңына қарай тапсырып, іске қосуды жоспарлап отыр.
Келесі жобаның да қуаты 4,5 мегаватты құрайды. Ол да Қызыләуіт ауылдық округі аумағында жүзеге асырылуда. Мұндағы жобаны жүзеге асырушы «Новатэкс» ЖШС. Құрылыс басында үш қондырғы орнатылып, 11 адам жұмыспен қамтылған. Қазіргі таңда қондырғылар толықтай орнатылып, ішкі құрылымдық жұмыстары атқарылуда. Бұл жобаны жыл ішінде тапсыру көзделген.
Үшінші жел электр стансасының құрылысын «Шенгелді-2» ЖШС мойнына алған. Мұнда да үш қондырғы орнатылып, нысанды іске қосуға дайындауда. Жобалардың құрылтайшы директоры Жолдыбек Тұралиевтің айтуынша, стансадағы құрал-жабдықтар Дания мемлекетінен әкеліп орнатылуда.
– Бүгінгі таңда жеті станса қондырғысы қойылып, жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, 9 қондырғы орнатылуда. Қазан айында әрбір мердігер өз қондырғыларын іске қоспақ. Қазіргі таңда электр қуатын жинайтын үлкен электр стансасының құрылысы жүруде. Оның ені мен ұзындығы он метр. Жалпы, Талас ауданында пайдалануға берілген екі жел стансасы мен соғылып жатқан үшінші станса да бізге қарайды, тек олардың мердігерлері бөлек. Алдағы уақытта қондырғылар санын арттырып, оны 30 мегаватқа дейін жеткізуді көздеп отырмыз, – дейді Ж.Тұралиев.
Бұл жобалар ауданның экономикалық және әлеуметтік ахуалын арттырады деп санайды аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров.
– Ауданда соңғы жылдары салынып жатқан жел электр стансаларының қуаты артып келеді. Бұған дейін 9 мегаватты құрайтын екі жел стансасы пайдалануға берілсе, биыл 13,5 мегаватты құрайтын үш станса жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Сөйтіп жел электр стансаларының қуаттылығы 22,5 мегаватқа жетпек. Оның әрқайсысынан бір жылда 15569 мың киловатт электр қуаты өндірілетін болса, ол бес есеге артып, аудан экономикасының дамуына ықпал ететін болады, – дейді бөлім басшысы.
Марат ҚҰЛИБАЕВ Талас ауданы.