Шолпан Жандарбекованың есімі Қарқаралы қаласындағы Мәдениет үйіне берілді
Қарқаралы ауданының мәдениет үйіне белгілі қазақ актрисасы, дарынды педагог Шолпан Жандарбекованың есімі берілді. Биыл оның туғанына 100 жыл.
– Белгілі қазақ актрисасы Шолпан Жандарбекованың есімін беру туралы шешім Үкіметтің қаулысымен бекітілген. Еңді Мәдениет үйі еңбек сіңірген актрисаның есімімен аталады, – дейді Қарқаралы ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Баршын Жұмаханова. – Мәдениет үйінің сахнасында біздің атақты жерлесіміздің ізімен жүретін және оның жолын жалғастыратын жаңа жұлдыздар жанатынына сенімдімін.
Шолпан Жандарбекова 1922 жылы 1 қаңтарда Қарқаралы ауданы Милыбұлақ ауылында дүниеге келген. Алматы қаласындағы театр-көркемсурет училищесін бітірген. 1941 жылдан – Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ драма театрының актрисасы.
Өмірінің соңына дейін өнер ғибадатханасында жұмыс істеп, онда 200-ден астам рөл ойнады.
Сондай-ақ кинода ойнады, Ш.Аймановтың студиясында кинорежиссер болып жұмыс істеді.
Педагогикалық қызметпен айналысты — Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында актер шеберлігінен сабақ берді.
Жомарт Шаймұрат