Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында сенбі күндері өткізіліп жатқан жәрмеңкеге бұл жолы Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Шу аудандары мен Тараз қаласының тауар өндірушілері қатысып, жалпы көлемі 35,3 тонна өнім ұсынды. Оның ішінде ет пен шұжық өнімдері, сүт өнімдері, жұмыртқа, кондитерлік өнімдер мен макарон өнімдері, балық, ұн, бал және жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері сатылымға қойылды.
Жәрмеңке барысында жылқы, сиыр, қой еттері 2100-2600 теңге аралығында өткерілсе, тауық жұмыртқасының 10 данасы — 350 теңгеден, жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері түрлеріне қарай 70-260 теңге аралығында өткерілді.
Жәрмеңкеге арнайы келіп, сөрелерді аралаған ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов тауарлардың сапасына баса назар аударып, қойылған бағалардың тұрақтылығын бақылады және тауар өндірушілермен тілдесіп, пікірлеріне құлақ асты.
Айта кету керек, жәрмеңке кезінде жомарттық танытқан Жамбыл ауданындағы «Орынбай» шаруа қожалығы 1 тоннаға жуық пиязды тұтынушыларға тегін үлестіріп, жұртшылықтың ақ батасын алды.
Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы