ЖЫЛҚЫ АТАУЛАРЫ
Құлын – жылқының алты айға дейінгі төлі.
Жабағы – алты ай мен бір жас аралығындағы жылқы төлі.
Тай – бір жастан асқан, екі жасқа толмаған (еркек, ұрғашы) жылқы.
Арда – енесін екі жасқа дейін емген жылқы төлі.
Құнан – екі жасқа толып, үш жасқа аяқ басқан еркек жылқы.
Құнажын – екі жас пен үш жас аралығындағы ұрғашы жылқы.
Байтал – үш жас пен төрт жас аралығындағы құлындамаған ұрғашы жылқы.
Дөнен – төрт жасар еркек жылқы.
Сойтал – төрт жасқа шығар ұрғашы жылқы.
Бесті – бес жасар еркек жылқы.
Айғыр – үйірге түсетін аталық жылқы.
Сәурік – жаңадан үйір алған жас айғыр.
Саяқ – піштірілген тай, құнан, дөнен; үйірге қосылмай өз алдына бөлек жүретін тусыған бойдақ жылқылар; үйірден бөлініп, топтан шеттеген бірлі – жарымды бойдақ билер.
Қысырақ үйірге жаңадан қосылған, әлі құлындамаған жас бие.
Қулық – тұмаса құлындаған жас бие.
Бие – аналық жылқы.
Қасаба – көп жасаған мама бие.
Мама бие – үйірдегі кексе, өрбіген ұрпағы көп сақа бие.
Саба бие – қарны «жер сызған», көп құлындаған бие.
Бедеу бие – құлындамаған бие.
Наз бие — әсем жүрісті, көрікті жарау бие.
Ат – ақталған жылқы.
Мәстек – бой тұрқы тапал, кішкене жылық.
Қазанат – дене бітімі ірі, шымыр, мүсінді, құйма тұяқ, ұзақ жолға шыдамды ат.
Сәйгүлік – шашасына шаң жұқпаған жүйрік жылқы.
Саңлақ – ұшқыр, жүйрік ат.
Күйсіз-күлік (күлік-жүйрік) – бапсыз-ақ, әдейі жаратпай-ақ бәйгеден озып келетін жүйрік.
Арғымақ – дене бітімі аса келісті, сұлу, сымбатты, жүрдек, асыл тұқымды жылқы.
Тұлпар – асыл тұқымды, аса төзімді, белді, жүйрік, батырлар мінген жылқы.
Жабы – қазақ жылқысының байырғы тұқымы.
Тумыш – арғымақ пен қазақы жылқының буданы.
Қарабайыр – арғымақ пен жабының буданы.
Пырақ – аңызда айтылатын қанатты ат.
2. ерекше жүйрік, айтулы тұлпар.
Суын – аңызда айтылатын су жылқысы.
Бұрақ /пырақ/ – Мұхамед С.А.С пайғамбар мініп аспанға ұшқан ат
Ғалымжан Асқар.