Ақтөбе облысында кәсіпкерлікті дамыту бағытында нақты шаралар қабылдануда

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың өңірдің бизнес қауымдастығымен кездесуінде кәсіпкерліктің жай-күйі мен дамуына кедергі келтіретін негізгі мәселелер талқыланды. Оған құқық қорғау және қадағалау органдарының, салалық бірлестіктердің басшылары, Ақтөбе қаласы мен барлық аудандардың бизнес өкілдері қатысты.

Шара аясында мемлекеттік және қадағалаушы органдар басшылары кәсіпкерлерді қабылдады. Сондай-ақ, жергілікті тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды.

 

Жиынды ашқан Ералы Тоғжанов ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бизнеске жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырғанын атап өтті.

«Шағын және орта бизнес саласы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер етудің негізгі құралдарының бірі. Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті дамытуға қатысты тапсырмасын орындау мақсатында облыста бірқатар нақты шаралар атқарылып жатыр. Ақтөбелік бизнес мемлекеттік қолдаудың дағдарысқа қарсы бағдарламаларын белсенді қолдануда. Мәселен, 2021 жылы 5 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді. Бұл көрсеткіш бойынша облыс өңірлер арасында жетекші орынға шықты.

 

3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 8 мыңға жуық жұмыс орны сақталып, өндірілген өнім көлемі 478,9 миллиард теңгені құрады. Түскен салық көлемі 47 миллиард теңгеден асты. Биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Ұлттық жоба аясында 2600-ден астам жобаға қолдау көрсетілді», — деп нақтылады Ералы Тоғжанов.

Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту үшін тек мемлекеттік бағдарламалар ғана емес, ірі компаниялар да тартылып отыр. Мәселен, облыс басшылығы Хромтау қаласы кәсіпкерлерінің жобаларын 3 пайызбен несиелендіру бойынша «ERG» компаниясымен келіссөздер жүргізуде.

«Ауыл аманаты» жобасының іске қосылуы ауыл тұрғындарының табысын айтарлықтай арттырады. Оған 24 ауылдық округтің 61 елді мекенінің тұрғындары қатысады.

 

 

«Ауыл шаруашылығын дамыту керек, бұл ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартады, қалаға көшу азаяды. Агроөнеркәсіп кешенінде бірқатар маңызды жобаларды, соның ішінде тауарлық несиелендіруді жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Биыл 500 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылып, олар халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге және жұмыс істеуге дайын шаруа қожалықтарына беріледі. Жалпы, шағын және орта бизнесті дамытуға қатысты көптеген мәселе бар, біз оларды шешеміз», — деді облыс әкімі.

Кездесу ашық микрофон форматында өтті. Қатысушылар кешенді шешімді қажет ететін бірқатар өзекті мәселелерді ортаға салды. Мәселенің бірі — көгілдір отын тапшылығы. Сол себептен, «SD Indrustru» ЖШС айына 1,5 миллион дана кірпіш өндіру жобасын жүзеге асыра алмай отыр. Тағы бірнеше ШОБ субъектілері осындай жағдайға тап болды. Осыған байланысты «Бұқара-Орал» магистральді газ құбырының үшінші тармағы мен газ бұру құбырын салу шаралары жүргізілуде.

 

 

Сонымен қатар, білім беру, көлік және логистика, мемлекеттік сатып алу және жергілікті қамту, жер қатынастары, АӨК, сондай-ақ қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізуде кәсіпкерлікті қорғау салаларына қатысты мәселелер өзекті күйінде қалып отыр. Оларды шешу облыс басшылығының қолдауын қажет етеді.

Облыс әкімі әрбір өтінішті жан-жақты сараптауды тапсырды. Мемлекеттің қолдауына тек ашық және таза жұмыс істейтіндер ғана ие болатынын кәсіпкерлерге ескертті.

Ақтөбе облысының әкімдігі, «Еуразиялық топ» ЖШС, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ және «Атамекен» ҚР ҰКП арасында өткен кездесуде Хромтау қаласындағы шағын және орта бизнесті қолдау мақсатындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

 

 

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан кәсіпорын басшылары марапатталды. Сонымен қатар, «Атамекен» ҰКП «Өз ісіне адалдығы үшін» ІІІ дәрежелі медалі «Арман-М» шаруа қожалығының басшысы Қазыбек Әлішевке табысталды.

Ақтөбе облысының іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Күлшат Масалимова мен «Ақбөбек» «Оңалту орталығы» ЖШС құрылтайшысы Күлпаршын Айдарханова және тағы басқалар Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың Алғыс хаттарымен марапатталды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ералы Тоғжанов мемлекет тарапынан қолдаудың әлі де жалғасын табатынына тоқталып, бизнес өкілдерін еліміздің дамуына, ауылдардың көркеюіне үлес қосуға шақырды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі