Қазақ қазақтығын ұмытқан заман болды……
— Көбіне жаназада кездесетін туыс болдық. Тіпті тойда да емес. Өйткені ащы да болса шындық қазір тойдың өзі Қожанасырдың «же, шапаным жесіне» айналды. Шапаның қымбаттау болса, туысқа қажетсің, шапаның арзандау болса, туысқа жатсың.
Əйтеуір туыс қайтыс боп жатса, сол туысыңнан ұялғаннан емес, аруақты сыйлап, Алладан қорқып барады. Əйтпесе туыспен араң суық, жатсың, сен оның балаларын, ол сенің балаларыңды танымайды, сенімен сырласпайды, саған ақыл-кеңес айтпайтын туыстар болды. Нағашы жұрт дегенді қазақ қатты сыйлаушы еді, қазір нағашы жұртпен араласпайды…
Осы ұрпақ, осы буын осындаймыз, өсте берсек, ертең балаларымыз туыс деген қазақтың қасиетті ұғымынан жұрдай болады.
Баяғыда қазақ «Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп»дейтін. Қазіргінің хит мақалы: «Ағайын болса, көре алмайды, жоқ болса, бере алмайды». Жалпы күншілдік, көре алмау, қызғаныш кең далада көшіп жүрген, кең қазаққа жат нəрсе. Көріңде өкіргір Советтен қалған кесел!
— Қазіргі таңда «Ғаламторлық» туыс болдық, араласпаймыз бармаймыз.
Құдайы қонақ болмаймыз…
Жаны күйзеліп, ақыл- кеңес қажет болса, ақылы тренингке баратын қазақ болдық.
Неге?!..
Себебі осы əпке-сіңлі сырласпайды. Аға інісіне бармайды. Апаларымыз жөн сілтемейді. Ағаларымыз ақыл айтпайды. Бір-біріміздің үйімізге алдын ала хабарласпай, шақырусыз бармаймыз, қонақты үйге емес, мейрамханаға шақырамыз.
Сонымен, қазақ қайда барамыз?!..
Қазақылығымызды сақтап, қазақ болып қала аламыз ба?!………