Қатерлі ісікті умен емдеген

Қатерлі ісік – қауіпті диагноз. Оның құрығына түскендердің құлан-таза айығып кетіп жатқандары көп емес екенін білеміз. Сауда саласының ардагері, «Кеңес мемлекеттік саудасының үздігі» төсбелгісінің иегері Әдіхан Сапарбаев (суретте) ағамыз да осындай диагноздың зардабын көріп, жанашыр жандардың арқасында одан түбегейлі арылған санаулы жанның бірі. Өз басынан өткен жайды ол былай баяндайды:
«Отыз тістің қадірін қақсағанда білерсің, аяқ-қолдың қадірін ақсағанда білерсің» деген рас екен. 2001 жылы табан астынан ауыр дертке шалдықтым деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Сап-сау жүрген едім, бәрі өзімнен болды. Сол жылдың ми қайнатар ыстық күнінде шөлдеп келіп, мұздай айран сімірдім де, көп ұзамай мұрттай ұштым. Емделгенімнен еш нәтиже болмай, жағдайым күннен күнге нашарлай берді. Қолқам қатты суықтағаннан даусым мүлде шықпай қалды.
Ем іздеп барған Шымкент қаласындағы амбулаториялық хирургия орталығындағы дәрігер маған барлай қарап тұрды да:
– Сіз шыға тұрыңыз да, ертіп келген адамды жіберіңізші, – деді.
Бір кілтипанның барын сезіп, ішім қылп ете қалған. Содан шапқылау басталды. Алматыдағы бір ауруханада, одан Министрлер кеңесінің («совминовская») ауруханасы деп аталатын ҚР Президенті іс басқармасының орталық клиникалық ауруханасында жаттым. Маған «көмейдің қатерлі ісігі» деген диагноз қойылды. Мен мұны дәрігерлердің көзқарасынан, күбір-күбір әңгімелерінен алдын-ала сезгенмін. Бірақ, неге екені белгісіз, қорқып, қобалжып, үрейленген жоқпын. Бір құдірет солай сездірді ме, көңілім бұл сырқаттан айығып кететіндей жайбарақат халден айныған емес.
Алматы онкологиялық орталығында емделу үшін көптеген медициналық рәсімдерден өту, мемлекеттік квота алу керек болды. Аз уақытта үлгеруге тиіс қарбалас, алашапқын медициналық тексерулер мен анықтаулардың бәрінде де жанымда елімізге танымал терапевт Шәмшия Мәдиқызы Рахымбекова жүрді. Бүгінде 75 жасқа толып, еңбегінің зейнетін көріп отырған Ш.Мәдиқызы кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің 4-ші бөлімінде бас терапевт болып, Д.А.Қонавқа, Н.Ә.Назарбаевқа қызмет көрсеткен жан. Қай жерге барсақ та, қай есікті ашсақ та алдымыздан мейірімді, жылы жүзді, жан-дүниесі тек адамгершіліктен құралған Шәмшияның әріптестері, шәкірттері шығады. Бәрі оны құрмет тұтып, қолдарынан келген көмектерін беріп жатты. Сөйтіп Шәмшияның тынбай арқасында онкологиялық орталыққа жату рұқсатын алдық. Бірақ мен ол жерде емделмедім.
Жататын палатаның есігін ашып, ішке енді кіргелі тұрғанда күйеу балам Бейбіт телефон соқты.
– Әке, сіздің ауруыңызды емдейтін адам таптым, жүз пайыз кепілдік беріп тұр. Бәрін тастаңыз да, маған тез жетіңіз, қалғанын келген соң сөйлесеміз, – деді ол қысқа қайырып.
– Қай жерге баруым керек, емдейтін кім, өзіне сенімді ме? – дедім қапелімде сасқалақтасам да көңілімдегі үміт түтпектеп.
– Алматының Қарғалы демалыс орнынан асып түскендегі «Коптехникум» деген аялдама маңында, №119 бағыттағы автобустың соңғы аялдамасы. «Новая» көшесі, 7-ші үйге жылдам жетіңіз. Осында Тұрсынбала Хабиоллақызы деген емші бар. Ол «Егер медициналық емді бастап қоймасы маған келсін, қатерден аман алып қалам» деп отыр. Өтінемін, келіңізші!
Мән-жайды түсіндіріп, сонда баруға берік байлам жасағанымды айтқанда таңғалғанынан Шәмшияның аузы ашылып, сөйлей алмай тұтығып қалды. Айтқанымнан қайтпайтын бірбеткей мінезімді жақсы білетін оның өңі өзгеріп, жанындағы скамейкаға сылқ етіп отыра кетті. Жанарынан үлкен өкініш пен өкпенің табын байқалады.
– Әдеке, не… не айтып тұрғаныңызды түсінесіз бе? Пәленбай күн әуре болып, қаншама құжаттар дайындап, Қазақстандағы ең үлкен орталықта емделуге әрең қол жеткізгенде… Қайдағы бір емшіге бармақшысыз ба?
– Тәуекел, пешенеме жазғанын көрермін!
Осылайша Қарғалыдағы Тұрсынбала Хабиоллақызының алдынан бір-ақ шықтым. Ол тамағымды, көмейімді айналдыра қарап шығып:
– Жазыласыз, – деді нық сеніммен, – Бірақ менің айтқандарымды мүлтіксіз орындауға тиіссіз.
Сөйтіп шөптен дәрі жасап беретінін, оны қалай ішу керектігін түсіндіреді. Сол дәрілердің ішіндегі ең бастысы – шыны ыдысқа құйылған қою қара қоспа. Оны әр күні 1 тамшыдан қоса отырып 40 күн қабылдап, одан кейін керісінше, төмен қарай, 39 тамшыдан 1 тамшыға дейін түсіре қабылдау керек деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Барлығы 80 күн. «У» деп аталатын осы қоспаны 80 күн қабылдағанда бетім бері қарап, даусым шыға бастады.
Шәмшия Мәдиқызы менің емделу барысымды мұқият қадағалап, УЗИ аппаратымен көмейдегі жараның көлемін тұрақты өлшеп отырды. Алғашқы кезде оның көлемі 3-4 миллиметр еді. Кейін 2 миллиметр, уақыт өте кішкене төртбұрыш, одан соң майда дөңгелек пішіндес болып барып, 2005 жылдың 27 ақпанындағы тексеруде «нөлді» көрсетті. Сонда Шәмшия өз көзіне өзі сенбей:
– Это чудо! – деді жүзі бал-бұл жана қуанып. – Это чудо, той жасаңыз!
Иә, бұған біреу сенді, біреу сенбеді. Бірақ мүмкін емес нәрсе осылай мүмкін болды. Шәмшия да Тұрсынбала Хабиоллақызының емін мойындады, тіпті кейбір науқастарға «Сізге «у» қабылдау керек», – деп әзілдей отырып, Қарғалыға жіберіп тұратын болды.
Тұрсынбала Хабиоллақызы бүгінде марқұм болып кеткен, оның ісін қыздары Гауһар мен Ләззат жалғастырып, көптің алғысына бөленуде».
Алладан кейін адам жанына арашашы болатын мұндай жандар туралы бірде олай, бірде былай әңгімелер айтып жатамыз. Пендеміз ғой, ойымыздан шығып жатса одан жақсы адам жоқ, көңілден сәл шықпай қалса жерден алып, жерге саламыз. Әрине, дәрігердің де дәрігері, емшінің де емшісі бар. Бүгін үлкенге де, кішіге де көмек қолын созып, науқастың өмірге деген құлшынысын арттырып, жанына дауа, тәніне шипа болардай ем жасап жүрген, жаны жайсаң, жүрегі дархан Шәмшия Рахымбекова мен «умен» емдеу тәсілін меңгеріп, зор нәтижеге жеткен халық медицинасының емшісі, марқұм Тұрсынбала Хабиоллақызы мен оның ісін жалғастырушы Гауһар мен Ләззат жайлы көптің де біле жүргені жақсы.
Слам НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
«Ауырмаңыз!» газетінен алынды.
(Мақаланы көшіріп басқанда «Ауырмаңыз!» газетінен алынды» деп сілтеме беру міндетті. Авторлық құқық қорғалған!)