АЛАШ АРЫСЫН БАЛАЛАР ДА БІЛУІ КЕРЕК
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген Алаш арысы, халқымыздың біртуар ұлы, әлемдік деңгейдегі даңқты қайраткер Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына орай ауқымды шаралар өтіп жатқаны бұған дейін айтылды. Соның бірі жуырда халықаралық конференция есебінде Есілдің сол жақ жағалауында болды. Бұл жолғы келелі жиын университетте немесе мерекелік шара өтетін үлкен залда емес, білімнің іргетасы қаланар мектеп қабырғасында өтті.
Елордадағы №76 мектеп-лицейі Астана қаласы Білім басқармасының «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығы және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Алаш» ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе отырып өткізген конференцияға Түркия, Моңғолия, Германия елдерінен, Қазақстанның түпкір-түпкірінен 150-ге жуық баяндама келіп түсіпті. Мектептің «Заңғар» театр үйірмесі сахналаған «Алаштың Әлиханы» қойылымымен ашылған конференция басталмай жатып-ақ көрермен қауымға, әсіресе оқушыларға көп мәлімет берді. «Астана дарыны» ӨҒПО директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Майра Жаноразқызы жүргізген конференцияның пленарлық отырысында «Отырар кітапханасы» ғылымизерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, әуезовтанушы, алаштанушы Жұртбай Тұрсын Құдакелдіұлы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің проректоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, алаштанушы-ғалым Дихан Қамзабекұлы, Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданынан өлкетанушы Мұқан Тұңғышбай, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Шерубай Құрманбайұлы, Қарағанды гуманитарлық колледжінің тарих және әлеуметтік саяси пәндерінің оқытушысы Алтай Аяғанов, №76 мектеп-лицейінің оқушысы Баянғалиев Ғабдолла Баянғалиев пен «Тұран» колледжінің студенті Сержан Есжанов баяндама жасады. Үш секция бойынша ой өрбіген жиында «Алаш идеясы: Кешегі Алашорда және бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан», «Алаш арысы — Әлихан Бөкейхан» және «Білім мазмұнындағы ұлттық құндылықтар» тақырыптары талқыға түсті.
Сондай-ақ, Алаш мұрасын, соның ішінде Әлихан Нұрмұхамедұлының өмір жолын көз майын тауыса зерттеген алаштанушы-ғалым Сұлтанхан Жүсіптің қазақ және орыс тіліндегі «Әлихан Бөкейхан: Қазақ жерінің жоқшысы» және «Әлихан Бөкейхан: Аманат» кітаптарының тұсауы осы конференцияда кесіліп, жарыққа жаңа шыққан зерттеу еңбегін автор көпшілік алдында №76 мектеп-лицейінің директоры Сапура Сейдуалиқызына табыс етті. Конференция біткесін өзі басқарып отырған №76 мектеп-лицейінде Алаш мұрасын кеңінен насихаттап, Әлихан есімін ардақтап жүрген білім ошағының директоры Сапура Сейдуалиқызымен тілдесуге мүмкіндік алдық.
Сапура Сейдуалиқызы: ӘЛИХАНДЫ БІР ЖИЫНМЕН-АҚ БАЛАЛАРҒА ТАНЫТАМЫЗ ДЕУ ӘБЕСТІК
— Сапура ханым, айтулы конференцияның мектепте өтуі көпшілікті бір қуантты десем, артық болмас. Жиынды ашып берген қойылымдарыңыз алаштанушы-ғалымдарды, көрермендерді толғандырған секілді…
— Бұл конференцияны негізі өткен оқу жылының сәуір айына жоспарлаған едік. Алайда сабақ бітер шақта
емес, керісінше, оқудың қыза түскен шағында өткені жөн болар деп, әрі жыл бойына Әлихан Бөкейханды насихаттау мақсатымен Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай, осы қараша айына ұйымдастырған жайымыз бар. Ал «Алаштың Әлиханы» қойылымына келер болсақ, мұндай дүниенің жарыққа шығуына «Шаттық» оқушылар арасындағы қалалық өнер фестивалі түрткі болды. Аталмыш байқаудың бір номинациясы театрландырылған көрініске ұсынылатындықтан, біз қойылым дайындайық деп шештік. Сөйтіп, биыл қандай айтулы мерекелер бар деп, баршасын жіпке тізіп шықтық. Содан ЮНЕСКО көлемінде 150 жылдығы тойланып жатқан Әлихан Бөкейхан туралы қойылымды сахналауды жөн көрдік. Көптеген алаштанушы-ғалымдармен кеңестік. Ойымызды құптағандар көп болды. Соның ішінде «Ақ жол» демократиялық партиясы Мұхтызар Титықовтың «Мұрат үшін майдан» спектаклін ұсынды. Пьеса ертеректе жазылғандықтан, өңделе қоймаған екен. Әрі сол кездегі зиялы қауымның жиналысы түрінде жазылыпты. Сахналауға келетін оқиғалары болмағандықтан, талап бойынша белгіленген 15 минутта мол ақпарат беретін басқа қойылым іздедік. Бағымызға орай, қостанайлық драматург Ерсайын Төлеубайдың шығармасына көзіміз түсіп, өзіне хабарласқан болатынбыз. Шыны керек, қаламақы сұрағандар да болды. Жезқазған қаласында тұратын бір қаламгерге «мүмкін жазып берерсіз» деп қолқа салып едік, оның уақыты болмады. Бірақ Е.Төлеубай бірден келісіп, пьесасының ешбір жерде сахналана қоймағанын ескертті. Рұқсатын алғаннан кейін мектеп оқушылары фестивальде «Алаштың Әлиханынан» үзінді ғана қойды. Әйтсе де, жүлдеге ілінбедік.
— Аталмыш қойылымды алғаш сахналағанда балалардың бойынан қандай да бір өзгешелік байқамадыңыз ба?
— Тек алғаш сахналағанда емес, әр шыққанында бойларынан мақтаныш сезімінің лебі есіп тұрады. Өйткені олардың арасында шын мәнісінде Әлиханның кім екенін білмейтін оқушылар да бар. Мұғалімдерімізден де өзгерістер байқалды. Мектебіміздің 8-11 класс оқушылары «Алаштың Әлиханы» қойылымын бұған дейін Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде, қаладағы бірқатар колледждерде сахналады. «Заңғар» театр үйірмесінің жас «әртістері» жоғалған дүниесі табылғандай қуанып, сахнада жан-тәнімен ойнап, көрермен жүрегіне жол тапқанына өзің де куә болған шығарсың…
— Оныңыз рас. Тұрсын Жұртбай, Дихан Қамзабекұлы сынды ғалымдарымыз да қойылымдарыңызға жоғары баға бергеніне куәмін. Тіпті, сіз басқарып отырған №76 мектеп-лицейіне Әлихан есімін беру туралы ұсыныс та айтылды. Бұған көзқарасыңыз қалай?
— Қуанбасам, құптамауға еш негіз жоқ. Мектебімізде Алаш идеологиясы жақсы насихатталып жатқанына ағаларымыздың риза болғанынан туындаған ұсыныс деп білемін, ағаларымыздың ұсынысын толық қолдаймыз. Бірақ біздің жасап жатқан жұмысымызды көрсетіп, мектебімізге Әлихан есімі лайық деп айтуға әлі ерте де секілді. Өйткені бір қойылым көрсетіп, бір жиын өткізіп, балаларға Әлиханды танытамыз деу әбестік болмақ. Десе де, Астана қаласында заңғар тұлғаның есімі берілген бірде-бір мектеп жоқтығы көңілге қаяу түсіретіні ақиқат.
— Соңғы сұрақ болсын. Алаш қайраткерлерін жақсы насихаттап жатырмыз деп қалдыңыз. Осы мақсатта нақты қандай ауқымды шараларды айта аласыз?
— Шамамыз келгенше, мүмкіндігінше насихат жұмыстары, балаларға Алаш қайраткерлерін таныстыру жалғасын тауып жатыр. Былтырдан бері ай сайын «Заңғар» газеті үздіксіз шығып келеді. Сол газетте «Заңғар тұлға» деген айдар бар. Яғни оған ай сайын ұлтқа, халқымызға қызмет еткен ұлы тұлғаларымыз шығып тұрады. Газеттің кезекті сандарының бірінде Әлихан Бөкейхан туралы «Заңғар тұлға» айдарында кеңінен мәлімет берілді. Әр класқа Әлихан туралы сынып сағаттары өткенін де айта кетейін. Сонымен қатар, өткен оқу жылының соңында «Алаштану» оқу кабинетін аштық, Алаш арыстарының асыл сөздерінен арнайы коллаж дайындап, балалардың көз алдына іліп қойдық.
— Тамаша екен. Сұхбатыңызға көп рақмет! Шәкірттеріңіз білім биігінен, өнер шыңынан көріне берсін!
Сұхбаттасқан — Ермұрат Назарұлы