Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов аудандарға жұмыс сапарын аяқтады
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Қарғалы ауданында болып, Ащылысай ауылындағы газ құбырын іске қосу рәсіміне қатысты. Аймақ басшысы жергілікті тұрғындармен әңгімелесіп, оларды ауыл өміріндегі маңызды оқиғамен құттықтады. Өз кезегінде ащылысайлықтар көптен күткен көгілдір отынның келуіне ризашылықтарын білдірді.
Ауылда 218 тұрғын үй және 3 әлеуметтік нысан бар, қазіргі таңда 150 үй ауылішілік газ құбырына қосылды.
Қарғалы ауданында барлығы 15 елді мекен бар. Ащылысай – газбен қамтылған тоғызыншы ауыл. Келер жылы Әлімбет ауылы газдандырылмақ. Сонда облыс халқының 91,6 пайызы көгілдір отынға қол жеткізеді.
«Ақтеп» ЖШС базасында облыс әкімі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесіп, олардың өнімдері қойылған көрмені көрді.
Тауар өндірушілер өз кезегінде ең өзекті мәселелерді жіпке тізді. Мәселен, кей талаптардың өзгеруіне байланысты көптеген омарташы соңғы 3 жыл бойы алып келген субсидиясынан биыл қағылған. Балық шаруашылықтары жем-шөп базасын қалыптастыруға көмек сұрады. Бекіре мен тұқы балықтарын өсіретін «Ардағым» шаруа қожалығының тоғандарына Қарғалы су қоймасынан жыртқыш балықтардың түсуіне жол бермеу үшін балық тосқауылын орнату проблемалық мәселе болып отыр.
Аймақ басшысы көтерілген мәселелердің барлығы қосымша зерделенетінін, жергілікті атқарушы органдардың шаруа және фермер қожалықтарын қолдауға көмектесетінін алға тартты.
Өз кезегінде облыс әкімінің «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған аса маңызды жобасына қатысу туралы үндеуін ауданның ірі ауылшаруашылық тауар өндірушілері қолдады. Мәселен, картоп өсірушілер жобаға қатысушыларға сауда несиесі шартымен картоп тұқымының ең жақсы сұрыптарын сатып алуға көмектесуге дайын.
Қарғалы ауданында «Ауыл аманаты» жобасы аясында жалпы сомасы 4,1 млрд. теңгені құрайтын 1535 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде мал және өсімдік шаруашылығын дамыту, кооперативтерді жабдықтау, шағын кәсіпкерлікті дамыту жобалары бар.
Облыс әкімі өнімді қайта өңдеуді жолға қоюдың маңыздылығына тоқталды. Бұған «Степное» ЖШС шикізатты тиімді өңдеудің үлгісі бола алады. Кәсіпорында дәнді және мал азықтық дақылдар, асылтұқымды мал өсіріледі және еттен жартылай дайындалған фабрикаттар мен макарон өнімдерін шығаратын бірнеше цех жұмыс істейді.
«Ауыл аманаты» жобасы мал басын көбейтуді көздейді, яғни міндетті түрде қайта өңдеу болуы керек. Басқа ірі мал шаруашылықтары «Степное» тәжірибесін үйреніп, өзара алмасуы қажет. Жалпы, бүгінде облыс аудандарында мұндай кәсіпорындардың жоқтығын үлкен мәселе деп есептеймін. Сондықтан ет, сүт, келешекте көкөніс өнімдерін өңдеу бірлесе жұмыс істейтін сала», – деді Ералы Тоғжанов.
Әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесіне енетін азық-түлік өнімдерін өндіруді қамтамасыз етуге де басымдық берілген.
«Бір ғана қосалқы шаруашылықтарда 10 тоннадан 40 тоннаға дейін өнім алатын мысалдарды көп көрдік, бұл бүкіл облыс бойынша үлкен әлеует. Қазіргі уақытта жобаны қолдауға ниет білдірген ірі компаниялар көбейіп келеді, сондықтан барлық бағытта, әсіресе, қазір облысымызға басқа өңірлерден әкелініп жатқан өнімдермен қамтамасыз етуде ауқымды жұмыстар атқарылатын болады. Мәселен, құс шаруашылығында жергілікті өнімнің үлесі, нақтыланған мәліметтер бойынша, небәрі 5,5 пайызды құрап отыр, яғни бұл жұмыс жасауға негіз бола алады», — деді облыс әкімі.
Бадамшада аймақ басшысы 60 пәтерлік бес қабатты үй мен бассейні бар заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты әлеуметтік нысандардың құрылысы тоқтатылған. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары қайта жанданып, жыл соңына дейін аяқталады.
Аймақ басшысы аудандық орталық аурухана басшылығына Қосестек, Степное және Ащылысай ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялардың ескі жедел жәрдем көлігінің орнына жаңа 3 жедел жәрдем көлігінің кілтін табыс етті.
Осылайша, Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов өңірдегі барлық 12 ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен, тыныс-тіршілігімен етене танысып шықты.
«Әр ауылды аралау мүмкін болмады, бірақ жергілікті жерде негізгі түйткілді мәселелер қаралды. Ауылдарда үлкен әлеует бар, оны барынша пайдалануымыз керек. Ауылды өркендетуге арналған біраз жоспар бар, олар міндетті түрде орындалады. Бұл жүйелі жұмыстың басы ғана», — деп Ералы Тоғжанов жұмыс сапарларын қорытындылап, аяқтады.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі