ОРЫС ХАЛҚЫНАН ҮЛГІ АЛАЙЫҚ!

Кез келген ұлттың арасында жақсы адамдар болады. Бірақ олардың пайызбен алғандағы үлесі қанша, көп пе, әлде аз ба? Қалай болған күнде де белгілі бір ұлттың алға, немесе артқа жылжуы осы көрсеткішке ғана байланысты емес, сол ұлттың ұстанған бағытына және оларды басқаратын билігіне де байланысты.
Менің айтайын дегенім, бөтен ұлттардың жаман жақтарын ғана айта бермей, солардың жақсы жақтарын да айтқан жөн. Сол жақсы жақтарын үлгі қылған жөн. Мәселен, орыс халқының үлгі болатын жері бар ма? Бар. Ол — орыстардың өз ана тілінің мүддесін қорғай білетіндігінде және сол үшін соғысуға дейін баратындығында. Яғни орыс халқы өз тіліне берік. Олар тіпті бөтен мемлекетте жүрсе де орыс тілінде ғана сөйлеуге тырысады. Неге? Өйткені, ана тіліңді сақтасаң — ұлттық болмысыңды сақтай аласың, елің көбейеді, жерің кеңейеді. Әсіресе, орыстар бөтен мемлекеттерде жүрсе де орыс тілінің үстемдігі үшін күреседі. Біз неге орыстардың осы ұстанымын үлгі етпейміз? Неге өз жерімізде қазақ тілінің мүддесін қорғамаймыз? Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде неге өз тұғырына қондыра алмай жүрміз? Оған өзімізден басқа ешкім кінәлі емес. Ойлан қазақ!
Тіл мәселесіне келсек, орыстардан үлгі алыңдар! Қазақша сөйлеңдер!
Қазақ тілін өз тұғырына қондыру үшін күресіңдер!

Дәуренбек Мырзашұлы Нысанов