Жамбыл облысында бір күнде 6 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді
25 Қазан — Республика күні ұлттық мерекесі қарсаңында Жамбыл облысында бір күнде 6 денсаулық сақтау нысандары пайдалануға берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Адам денсаулығы — қоғам байлығы.
Мемлекет Басшысы Қ.К.Тоқаев 2022 жылғы 28 қыркүйектегі Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында ауыл халқының 100 пайызын сапалы алғашқы медициналық көмекпен қамтамасыз етуді көздейтін «Ауылдық жердегі денсаулық сақтау саласын жаңғырту» атты ұлттық жобаның маңыздылығын атап өткен болатын.
Жобаның алғашқы және негізгі міндеттерінің бірі, ауылдарда жетіспейтін медициналық пункттер, фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар сияқты БМСК объектілерін салу.
Осы ретте, 17 қазан күні «Ауыл-Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бір күнде Жамбыл облысының Талас, Сарысу, Меркі және Т.Рысқұлов аудандарында қажетті заманауи медициналық құралдармен жабдықталған 6 жаңа емдеу мекемелері салтанатты түрде ашылды.
Мәселен, Меркі ауданының Тәтті ауылында, Талас ауданының Есейхан ауылында, Сарысу ауданының Тоғызкент ауылында бір ауысымда 30 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория, бір ауысымда Т.Рысқұлов ауданы Жаңатұрмыс ауылында 25 келушіге, Меркі ауданының Гранитогорск ауылында 10 келушіге, Сарысу ауданы Әбілда ауылында 5 келушіге арналған медициналық қызмет көрсету пункттері пайдалануға берілді.
Мұнда науқастар мен медициналық көмекке жүгінген азаматтарға сапалы амбулаториялық көмек көрсету үшін барлық қажеттіліктер қарастырылған.
baq.kz