Жамбылдағы шөп жинау орындарында 127 өрт оқиғасы тіркелді
Жылыту кезеңіне дайындық басталғаннан бастап Жамбыл облысының тұрғын үй секторында 105 өрт болды. Бұл ретте, адамдардың өлімі мен жарақаттануы тіркелмеген, сондай-ақ көрсетілген кезеңде адамдардың көміртегі тотығымен улану жағдайлары орын алған жоқ.
Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында Жамбыл облысы төтенше жағдайлар
департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Әкімбаев Мақсат айтты. Оның мәліметінше, жылдың басынан бастап облыс аумағында улы газбен уланудың 5 оқиғасы орын алды, оның салдарынан 4 адам зардап шекті және 1 адам қаза тапты. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда улы газдан зардап шеккендердің саны 42% — ға азайды.
❗️«Күзгі-қысқы кезеңде жиналған шөптердің жану оқиғалары жиі орын алады. Дегенмен, мұндай өрттер көктемде немесе жазда да болуы мүмкін. Адамдардың мал азығын дайындаған көп күндік еңбегі кейде зая кетеді. Ағымағы жылы Жамбыл облысы аумағында шөп жинау орындарында 127 өрт оқиғасы тіркеліп, олардың салдарынан 1634 тонна шөп жанып кетті. Шөп пен сабан жануының негізгі себептері – тұрғындардың отпен абайсыз болуы немесе қасақана от қою. Жем-шөптер көбінесе жолға өте жақын жиналады, ал абайсызда немесе әдейі тасталған темекі тұқылы өртке әкеліп соғады. Мұндай оқиғалардың алдын алу үшін ең алдымен өртке қарсы ережелер мен нормаларды қатаң сақтау қажет. Шөпхана электр өткізу желілерінен мейлінше алыс және қоршалған жерлерде орналасуы тиіс. Егер жақын жерде су қоры болса, төтенше жағдай орны алған жағдайда отты тез сөндіруге болады», — деді спикер.
✅Мақсат Әшірбайұлы қожалық және фермерлік шаруашылықтарда төтенше жағдайлар кезінде арнайы өрт сөндіруге икемделген техника дайын тұруы қажет екенін ескертті. Ал егін мен астық жинауға жұмылдырылған көліктер ұшқын өшіргіштермен және өрт сөндіру құралдарымен жабдықталуы тиіс.
Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі