Тіл тазалығын сақтау заң талабы

Еліміздің тіл туралы заңының 21-бабында ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнамалар мәтіні, нысан маңдайшаларының атауы алдымен мемлекеттік тіл – қазақ тілінде, одан кейін орыс тілінде жазылуы тиіс деп нақты атап көрсетілген. Алайда қаламыздағы кейбір сауда орындары мен өзге де нысандардың маңдайша жазулары мен жарнама мәтіндері заң талаптарына әзірге сай келетін түрі жоқ.

«Елім-ай Достық» қоғамдық бірлестігі облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп облыс көлемінде «Сауатты жарнама – қала көрінісі», «Көрнекі ақпараттың сауаттылығын арттыру» атты рейд ұйымдастырды.

Тіл сақшылары «Сауатты жарнама – қала көркі» жобасы аясында Тараз, Шу, Жаңатас, Қаратау қалаларын қамтыса, «Көрнекі ақпараттың сауаттылығын арттыру» жобасы барлық аудандарда жүргізіліп, жүзеге асты. Рейд аясында мамандар аудандардағы және Тараз қаласындағы сауда дүкендерін аралап, атауы талапқа сай жазылмаған кәсіпкерлік нысан иелеріне заң талабын түсіндірді. Олқылықтарға жол берген кәсіпкерлерге ескерту жасады.

Егер қойылған талаптар 15 күн ішінде орындалмаған жағдайда Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық» туралы кодексінің 75-бабына сәйкес іс құқық қорғау органдарына жіберілетін болды. Ұйымдастырушылар аталған кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар берді. Алайда бәрі бірдей оларды оң қабылдаған жоқ. Кейбіреулер сыра мен жеңіл тағамдарға мәзір қажет емес деп ашық айтты. Еріктілер мен ұйымдастырушылар барлық кәсіп иелері заң аясында жұмыс істеу керектігін жеткізді.

Рейд барысында тауар атауларын мемлекеттік тілде жазбаған Тараз қаласындағы «Magnum» сауда орнына да түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Осы топ күні кеше бұрын айтылған ескертпелердің қаншалықты орындалғандығын барлап қайтты. Аталмыш сауда орнының әкімшілік қызметкерлері орынды айтылған ескертпені дұрыс қабылдап, кемшілікті жойғанына куә болдық. Сөредегі тауар атаулары түгел дерлік қазақшаландырылған. Біраз мамандарды сөзге тарттық. «Көрнекі ақпараттың сауаттылығын арттыру» жобасының үйлестірушісі Айжан Әуелбекова:

– Біраз уақыттан бері екі жоба аясында, мемлекеттік тапсырыс бойынша облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының мамандарымен бірлесе отырып барлық аудандар мен Тараз қаласында рейд жүргізіп жатырмыз. Бүгін міне «Magnum» сауда орнына келіп, жұмысымыздың нәтижесін тексерудеміз. Сең қозғала бастағандай. Әрине, аудармаларда көзге ұрып тұрған қателіктер байқалса да, мемлекеттік тілге деген құрметтің артып келе жатқанына қуаныштымыз. Барлығында бірдей болмаса да, касса аппараттарына да қазақ тілі енгізілген. Бұл түбіртек те қазақшаланып келеді деген сөз. Сауда орынының әкімшілік қызметкерлері жуық арада касса аппараттарының барлығында қазақ тілі енгізіледі деп уәделерін берді, – дейді.

Есет ДОСАЛЫ