Болар елдің баласы…

Өңірде «Асарлатып үй салу» жобасы осыдан екі жыл бұрын қолға алынып, Байзақ ауданы, Мәдімар ауылының тұрғыны көптің көмегімен баспаналы болған еді. Осы игі бастаманың ізімен шарапаты мол жобаға барлық қала, аудандар араласты. Тың жұмыс күшін қажет ететін жауапкершілігі мол іске облыс жастары да бір кісідей ұйысып үлес қосқаны қуантады.

Ертеректе қазақ ауылдары қиын-қыстау заманда елдегі ағайын, туған-туысқа, көрші, бауырға қолдан келгенше көмектесіп, тарыққанға сая болған деседі. Қазақ даласындағы ашаршылықта, берідегі тәуелсіздік жылдарында бірлігі жарасқан ел-жұрт біріне-бірі демеу болды емес пе? Араға жылдар салып, асар дәстүрінің Жамбыл жерінде қайта жаңғыруы «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» жайсаң ұлттың қанында бар бауырмалдық, мейірбандық сынды ізгі қасиетінен болса керек-ті. Алғашында ізгілікке, қайырымдылыққа шақырған жобаның баянды болатынына сенім білдіргендер аз да болған шығар. Өйткені, нарық заманында өз шаруасымен айналысып, өзгемен ісім жоқ дейтіндердің көбейгені рас.

Соған қарамастан екі жылда «Асарлатып үй салу» жобасының шарапатын көріп, үйлі болған көпбалалы, аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасылар көп. Жоба аясында ауыл ақсақалдарымен қатар, әр аудандағы Жастар ресурстық орталығының еріктілері замандастарын баспанасыз жүрген ауылдастарға тізе қосып қолдау көрсетуге шақырды. Десе де, жастар жағы ауылдарды аралап, түсіндірме жұмысын жүргізумен шектелмей, мұқтаж отбасыларға үй салып, қолдан келген көмегін іс жүзінде көрсетті.

Осыдан кейін-ақ жастар жобаны шын ниетімен іске асырып жатқанын аңғартты. Қайырымдылыққа білек сыбана кіріскен аудандағы Жастар ресурстық орталықтарының еріктілеріне облыс әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар да дән риза екен.

– Егемендік алған жылдары қаймағы бұзылмаған елді мекендегі ағайын жұдырықша жұмылып, ауыл-ел ішіндегі ағайын-туысқа, көрші-қолаңға жәрдемдесетін дегенді үлкендерден еститінбіз. «Асарлатып үй салу» жобасының мақсаты да осыған ұқсас, яғни еріктілердің, жомарт жандардың күшімен баспанасыз жүрген ерекше қабілеті бар перзент тәрбиелеп отырған, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға тұрғын үй салып беру болатын. Игі жоба қолға алынғалы аудандағы еріктілер мұқтаж жандардың үйін күрделі немесе ағымдағы жөндеуден өткізуге де үлес қосты. Ауыл жастары жоба аясында көмек көрсеткен үй егелерінің батасын алып, көкейге көп дүние түйгенін айтып жүр. Демек, асар дәстүрінің тәрбиелік мәні де жоғары деуге болады. Біз бұған бек қуаныштымыз, – дейді Жомарт Зұлпыхар.

Өткенді былай қойғанда, биылдың өзінде өңірдегі 10 ауданның 72 ауылдық округінде 415 ерікті жас жобаның үйлесімді іске асуына жәрдемдескен. Оның ішінде жастардың, демеушілердің ықпалымен Жуалы ауданында 2 көпбалалы отбасы үйлі болса, Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Сарысу, Шу аудандарының жастары 28 отбасының үйін салып беруге қолғабыс еткен. Бұдан бөлек, жастар Меркі ауданындағы Тәтті ауылдық округіне асхана салуға үлес қосса, жыл соңына дейін тағы 4 үй, 2 асхананы пайдалануға беруді көздеп отыр. Сонымен қатар еріктілер Жуалы, Сарысу аудандарында 4 отбасының баспанасын ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізуге үлес қосқан. Мәліметке көз жүгіртсек, «Асар» жобасына жұмылған 415 еріктінің 76-сы 17-28 аралығындағы жастар екен.

Орайы келгенде біз «Асарлатып үй салу» жобасына үлес қосып жүрген Жамбыл ауданы Жастар ресурстық орталығының маманы Орынбасар Затыбековтің жоба жайлы пікірін білген едік.

– 2020 жылы карантин кезінде шектеу шаралары күшейген тұста асарлатып үй салуды Аса ауылынан бастадық. Шамамен 20-ға жуық жас ауысып отырып, біраз іс тындырдық. Біз алғашқы сапардан-ақ тұрмыс жағдайы төмен отбасыны көргенде жобаға көзқарасымыз өзгере бастады. Сол төңіректі бажайлап жүріп, үйдің тек іргетасы ғана қаланғанын білдік. Яғни, кірпішін біз қалап көмектестік. Кейін, Айша бибі ауылына барғанда да іргетасы қаланған үйді көтеріп бердік. Ал Ақбұлым ауылындағы аз қамтылған отбасының үйінің іргетасынан бастап, шатырын жабуға дейін көмектестік. Қаракемер ауылдық округіндегі Құмтиын ауылында мұқтаж отбасының үйінің кірпішін қалап бердік. Бізге ерген жастардың дені ерікті, белсенді студенттер. Олар карантин уақытында қашықтан оқи жүріп, қайырымдылықпен айналысты. Демалыс күндері, жұмыстан бос уақытта шығатын. Несін жасырамыз, облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған жоба қалай болар екен деп күдіктенгеніміз рас. Бірақ, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға көмектесіп, алғысын естігенде жүрегің жылиды екен. Сол кісілердің қуанғанын көріп, жұмысқа жақсы ниетпен араластық. Мысалы, Ақбұлым ауылындағы аз қамтылған отбасының апатты жағдайдағы үйін көргенде көңілің қалай құлазымайды? Қазір ол кісілер бізді көрген сайын құшағына басып, қарсы алады. Биыл да жобаға жастарымыз араласып, қолдан келгенше асардан қалмауда. Сондықтан «Асарлатып үй салу» жобасының шарапаты мол болды деп айтуға толық негіз бар, – дейді Орынбасар.

Сонымен «Асарлатып үй салу» жобасы алғаш іске асқан жылы аудандарда 99 отбасы үйлі болса, былтыр қала мен аудандардағы әлеуметтік жағдайы төмен 134 шаңырақ баспаналы болды. Биыл да ауқымды жоба аясында құрылысы жүріп жатқан үйлер аз емес. Қарап отырсақ, осы қыруар тірліктің басы-қасында жобаға тың серпін беріп отырған еңбекқор, ұйымшыл жастар жүр. Ендеше, «Асарлатып үй салу» жобасының болашағы баянды болсын демекпіз!

Сәндібек ПІРЕНОВ