Стансаның қуаты жеті мегаватқа артпақ

Облыс орталығынан шалғай орналасқан бір ғана Шу ауданының өзінде бірнеше электр стансасы жұмыс істеуде. Өткен жылы тағы бір су электр стансасының құрылысы басталған болатын. Оның да құрылысын сондағы «Тасөткел» су электр стансасының мердігері «Компания АТ-Энерго А» ЖШС жүргізуде. Жобаның қуаты сағатына 7 мегаватты құрайды.

Жобаға жауапты «АНТ Энерго А» ЖШС директоры Батыржан Қожайбайдың айтуынша, жобалық құны 5 миллиард 163 миллион теңгені құрайтын стансаға ресейлік «ЛОГИТЭК» ЖШС инвестиция құйған.

– «Тасөткел» су қоймасындағы үшінші стансаның құрылысы өткен жылдың тамыз айында басталған. Жоспар бойынша станса 2023 жылы толығымен пайдалануға берілуі тиіс. Құрылысқа жауапты бас мердігер «ПМК-46»ЖШС-ның жұмысшылары жұмысты дер кезінде бастап, құрылыс қарқынды жүруде. Жаңа стансаға жергілікті әкімдіктен 4,5 гектар жер телімі берілген. Қабырғасы қаланып жатқан су электр стансасы түгелдей австриялық құрал-жабдықтармен жабдықталады. Бұл өз кезегінде энергия өндірудегі сапаның жоғары болуы үшін аса маңызды болып отыр. Бір ескеретін жайт, қазір салынып жатқан су электр стансасы біздің үшінші жобамыз. Сәтін салса, алдағы жылдары «Тасөткел» су қоймасының маңынан күн электр стансасының құрылысын бастауды жоспарлаудамыз, – дейді серіктестік директоры.

«Компания АТ-Энерго А» ЖШС Шу ауданы аумағында 2013 жылдан бері жұмыс істеп келелі. Аталған серіктестіктің ұйытқы болуымен сол жылдары бірегей жоба жүзеге асқан болатын. Атап айтсақ, «Тасөткел» су қоймасы маңынан судан қуат өндіретін стансаның құрылысын жүргізіп, пайдалануға берді. Өткен жылы серіктестік су электр стансасының екінші кезеңін жүзеге асырды. Бұл серіктестіктің бұған дейін де жұмыс істеп тұрған су электр стансасы сағатына 2,2 мегаватт электр энергиясын өндіруде. Бұл стансадан өндірілген электр энергиясын Қордай мен Т.Рысқұлов аудандарының тұрғындары тұтынса, екінші салынған станса өз өнімін «KEGOС» АҚ-на өткеруде.

«Компания АТ-Энерго А» ЖШС-ның директоры Саид Ахаев былтыр екінші жоба сәтті аяқталғаннан кейін үшінші су электр стансасының құрылыс жұмыстарын бастап кеткенін, ол жұмыстар жартысынан асқанын айтты. Оны алдағы уақытта тапсырмақ ниетте.

Жоғарыдағы аталған барлық жобалардың жүйелі жұмыс істеуінің нәтижесінде бюджетке түсетін салық өсімі еселеніп, жаңа жұмыс орындары ашылып, сондай-ақ өнеркәсіп пен құрылыс нысандарының қатары арта түсетіні сөзсіз. Бұның бәрі аудан тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайын жақсартуға септігін тигізері де анық.

Марат Құлибаев Шу ауданы