«Тырнақты тістеме»: қазақ ырым-тыйымдарының түсініктемесі
Қазақта «үй ішінде ысқырма», «кешке жылама», «үйге қарай жүгірме», «бас киімді баспа» деген сияқты ырым-тыйымдар көп. Олардың себебі де жете түсіндірілмейді. Осы сұрақтардың жауабына Санжар Керімбайдың «Салт-дәстүрлер сөйлейді» кітабында толық түсініктеме берілген. Біз солардың бірқатарын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
«Бос бесікті тербетпе»
Бос тұрған бесікке Ібіліс баласын салып қояды екен. Бос бесікті тербеткен шайтанның баласын тербеткенмен бірдей. Сондықтан «бос бесікті тербетпе» деп тыйым етеді. Ібілістің баласы бос бесікте жасырынып жатады. Сәбиді бөлер кезде отпен аластамаса, жасырынып жатқан шайтан баланың ішінен нұқи береді. Содан сәбидің іші ауырады. Мазасы қашады. Сондықтан баланы бесікке бөлерде аршамен, адыраспанмен болмаса жеті шырпымен аластаған жөн деген дәстүр шығыпты.
«Жырық ыдыспен ас ішпе»
Қонақ күту қазақта Ыбырайым пайғамбардан қалған деген түсінік бар. Бірде Ыбырайым қонақ күтіп отырса, Ібіліс келіпті. Ыбырайым селк ете қалып:
Әй, малғұн! Сені кім шақырды? – дейді. Ібіліс:
Тәңірі жырық ыдыстан маған дәм бұйыртқан. Келесі кетік пен табағы жырыққа қонаққа мен келемін, – дейді. Ыбырайым дастарқанға қараса, кетік ыдыс тұр екен. Жырық кесені алып, сыртқа лақтырып тастайды да:
Онда несібеңді сырттан ізде, – дейді.
Содан бастап қазақ халқында кетік, сынған, жырық ыдыспен ас ішпейді екен. «Жырық ыдыстың кетігінен сайтан қосарлана ас ішеді» деген түсінік қалады.
«Өзгенің асына сұқтанба»
Мұхамбет пайғамбар дастарқан басында сахабаларына:
Ас-ауқат – Құдайдың пендеге берген ырзық-несібесі. Оны аяқасты ету- күпірлік. Ас жеген кезде шетінен бастаған жөн. Астың берекесі табақтың шетінен ортасына қарай өрілген. Басқасының асына сұғынбау қажет. Ол біреудің несібесіне сұқтанғанмен бірдей.
Өзгенің асына сұқтанба деген тыйым осыдан шығыпты. Ас жеген кезде әркім өз алдынан жеу керек.
«Қолды жуған соң сілкіме»
Ібіліс жүздеген ұрпағын ертіп алып, сап болып кетіп бара жатады екен. Сонда Ғайса пайғамбар:
Әй, Ібіліс, мынаның барлығы балаларың ба? – деп сұрайды.
Иә, балаларым.
Не деген көп! Қалай өсіп, көбейгенсіңдер? – деп сұрайды. Сонда Ібіліс:
Кей адамдар қолын жуған кезде сілкілейді. Сілкігенде шашыраған әр тамшыдан менің балаларым пайда болады. Адам қолын жуғанда «сүлгімен сүртпей сілкісе екен» деп тілеп тұрамын, – депті.
Ібілістің жауабын естігенде Ғайсаның жүрегі дір ете қалыпты. Содан бастап ол: «Жуған» қолды сілкімеңдер», – деп үгіт-насихат етіпті.
«Тырнақты тістеме»
Ертеде бір кедеей болыпты. Ол қанша еңбек етіп, тер төксе де, еңбегі зая кете беріпті. Анда-санда бір тойса, шала байып қалады екен. Бір күні мәдина шаҺарына Мұхамбет деген Тәңірдің елшісі барын естиді. Оған барып жолығуға бел байлайды.
Ұзақ жол жүріп, пайғамбарға келеді.
Уа, Тәңірдің елшісі, мен байлыққа жарымай-ақ қойдым. Қанша тер төксем де, еңбегім зая кетеді. Соның себебі неде? – деп сұрайды.
Жігіттің бір жаман әдеті бар екен. Ол өскен тырнағын тісімен алып тастай береді. Пайғамбардың алдында тұрғанда да сол әдетін қайталапты. Пайғамбар жігіттің мазасыз халін көріпті де оның басынан сипап:
Тырнақ тістегенді қой. Бұл – жасан әдет. Әділ Құдай сенің адал еңбегіңді жемейді. Адал кәсіптің құты мен берекесі отбасында дарығысы келеді. Бірақ мына жағымсыз әдетің оны үркітіп жібереді екен, – депті.
Жігіт кедейшілік себебінің сырын білген кезде таңғалады. Жаман әдетінен дереу тыйылады. Көп ұзамай ісі де алға басып. Дәулетті адам болған екен.
«Бүйіріңді таянба»
Дәуіт пайғамбардың 30 ұлы болған. Бірде құлшылық уақыты таяғанда ол ұлдарын ертіп мешітке келеді. Халық жиналып үлгермепті. «Отыз ұлым да бір жамағат қой» деп, жұртты күтпестен, ұлдарымен ғибадатты бастап кетеді. Намазда екі жаққа сәлем беріп жатып, «Расында да өзімнің әулетім бір қауым ел екен» деп астамшылық ойлайды. Намаз бітіп, бата жасаларда отыз ұлы сәждеден тұрмай қалады. Дәуіт секем алып тіксініп, қалады. Астамшылық ойлап, халықты күтпегені үшін тәңірі оның отыз ұлына сол мезетте қаза жеткерген екен.
Сол кезде пайғамбар малдасын құрып отырған бойы қолын екі бүйіріне таянып қайғырыпты. Содан бері ел арасында біреудің жақыны қайтыс болса, бүйірін таянып отырып аза тұту дәстүрге еніпті. «Бейуақытта екі бүйірін таянуға болмайд, жамандық шақырады» деген түсінік бар.
«Түнде жалғыз суға түспе»
Қазақ халқы өзендерде, қамысты сай-салаларда, иірімді тұмаларда сұлу арулар – су перілері өмір сүреді деп сенеді. Оларды Күлдіргіш деп атайды. Күлдіргіштер су түбінде жасырынатынын көп адам біле бермейді. Перілер жалаңаш келіп, шомылып жүрген адамдарды қызықтырып арбайды. Оларжақындай бергенде ұзын қолдарымен су түбіне, балдырлы түнекке тартып әкетеді. Сондықтан түнде жалғыз суға түсуге болмайды. Ел арасында жалғыз шомылып, Түсініксіз жағдайда суға ағып өлетін кісілердің ажалын осы Күлдіргіштермен байланыстырады.