«Асарлатып үй салу». Таласта бірнеше отбасы баспаналы болды
Қиындықта қол ұшын созу – қайырымды іс. Дана қазақ бұны байырдан біліп, мұқтаж жандарға асарлатып көмек көрсетуді салт санаған. Кеңестік кезеңде бұл үрдіс көмескіленіп, ұмытыла бастағандай еді. Алайда кейінгі онжылдықта «Асар» ұғымы айрықша көрініс тауып, жұртшылықтың жүрегіне жол салды.
Жамбыл облысы Талас ауданының тұрғындары «жұмыла көтерген жүк — жеңіл» деген ұғымды ұғынатын халық.
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің бастамасымен Таласта «Асарлатып үй салу» жобасы қызу қолға алынып, көптеген мұқтаж отбасылар баспаналы болуда.
Жоба мақсаты – «Асар» үрдісін жаңғырту, «Асарлатып үй салу» жобасын іске асыру, қоғамның осал топтарына: әлеуметтік аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы отбасыларға үй салып беру.
Ағымдағы жылы Қаратау қаласындағы үш отбасы үйлі болды. «Ежелден елдік мұратты, ұлттық құндылықты ерекше дәріптеген халқымызда ғасырлар бойы кісіліктің көркем үлгілері қалыптасқан. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қолда барын бір-бірімен бөлісіп, біріне-бірі қамқор, тілеулес болған ұлттың ұлылығы да осында.
Жалпы Талас ауданы бойынша тоғыз үй берілсе, оның үшеуі Қаратау қаласында. Бүгін аталған жоба бойынша Қаратау қаласының әкімі Дархан Баймбетовтың және Қаратау қорының ұйытқы болуымен бес балалы ана Сандуғаш Итенова баспаналы болды.
Көп балалы отбасына жататын тұрғынға үй салып беру үшін ауыл тұрғындары бірқатар көмек көрсетіпті.
«Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» жұмылған жұртшылық аз уақытта ауыл тұрғынына асарлатып үй салып берді.
Қайырымдылық ісіңнен көрінеді. «Жанашырлыққа – жан риза» дегендей, мұқтаж жандарға аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске атсалысу – әрбір адамның азаматтық парызы. Себебі, ағайынның тірлігі асармен бітеді. Адамдар бір-біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту арқылы жақсылық жасайды.
Осы орайда, Қазақстан Республикасының күніне орай Қаратау қаласында асарлатып салынған үйдің кілті салтанатты түрде табысталды.
Иә, бұл қос қолдап қолдауға тұрарлық тірлік.Таластықтардың тың бастамасы өзгелерге де үлгі болса игі.
Д.Үмбетиярова