Жамбылда «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 12 отбасы баспаналы болды

25 қазан Ұлттық мереке – Республика күніне орай Жамбыл облысында «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 12 отбасы баспаналы болды.

Атап айтқанда, Байзақ ауданында (2), Жамбыл ауданында (1), Жуалы ауданында (1), Сарысу ауданында (1), Талас ауданында (2), Т. Рысқұлов ауданында (3), Шу ауданында (2) тұрғын үй қолданысқа берілді.

Баспана кілттерін табыстауға аудан басшылығы, ауыл тұрғындары қатысты.

Байзақ ауданы Ынтымақ ауылдық округінің тұрғыны Асылжан Сайлауов «Асарлатып үй салу» жобасының шарапатын көрді. Көпбалалы әкеге ауыл тұрғындары күш біріктіріп, 4 бөлемелі баспананы сыйға тартты. Көптің көмегімен салынған тұрғын үй жылу жүйесімен, таза ауыз сумен, көгілдір отынмен қамтылған. Бұдан бөлек, тұрмыстық техникалар мен жиһаздар бар. Қоныс тойын тойлаған шаңырақ иелері көпшіліккке алғыстарын жеткізді.

Республика күнінде Байзақ ауданы Жалғызтөбе ауылдық округінің тұрғыны Бейімбет Бекберов те баспана кілтіне ие болды.

Ұзақ жылдан бері баспана мәселесін бастан өткеріп келеміз. Жеке тұрғын үйіміздің болуын армандадық. Мерекеде қоныс тойын тойлап отырмыз. Қиын кезде қолдау көрсеткен қарияларға, ауыл тұрғындарына, басшыларға айтар алғысымыз шексіз, — дейді ауыл тұрғыны.

Талас ауданы Қаратау қаласының тұрғыны Сандуғаш Итеноваға да баспаналы болу бақыты бұйырды. Ол 5 баланы тәрбиелеп отырған аяулы ана. 5 баланың алаңсыз өсуін ойлаған жомарт жандар қаражат қарастырып, 4 бөлмелі үй тұрғызып беруді ұйғарыпты. Көпбалалы ана осы іске бастамашы болған азаматтарға алғысын білдірді.

Айта кетейік, биыл Жамбыл облысында «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша 121 үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Баспаналар ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлердің, шаруа қожалық иелерінің ықпал етуімен бой көтеріп, көпбалалы, жалғыз басты аналарға табысталады.