Жаңа жобаларға қолдау қажет
Облыстың бай тарихи, мәдени және табиғи ресурстары туристердің кез келген сұранысын қанағаттандыруға қабілетті, қазіргі заман талабына сай, тиімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті туристік кешен құруға мүмкіндік береді.
Берілген мүмкіндіктерді туризм саласын дамытуда пайдалана отырып, облыс әкімдігі туризм басқармасы тарапынан облыстағы туристер қызығатын орындарды дамытуға (тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру, олардың инфрақұрылымын дамыту, ерекше қорғалатын табиғи аймақтарда туристік соқпақтар өңдеу, тау шатқалдары мен өзен, көл жағалауларында туристік демалыс орындарын салу т.с.с.), туристік салаға инвестиция тартуға, облыстың туристік әлеуетін танымал етуге, туристік көрсетілген қызметтер сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар атқарылып келеді.
2000 жылдық тарихы бар, тұғыры терең Әулиеата аумағында 3 448 тарихи-мәдени ескерткіш орналасқан. Оның 25-і республикалық дәрежедегі нысандар болса, 3 423 жергілікті маңызы бар ескерткіштер. 8 ескерткіш Қазақстанның киелі жерлері картасының тізіміне, 27 ескерткіш Қазақстанның микросакралды картасына, 2 ескерткіш Еуразиялық Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымының Дүниежүзілік ерекше туристік тартымды нысандарының тізіміне және 5 археологиялық ескерткіш ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген. Олар Баласағұн, Құлан, Өрнек, Қостөбе қалашықтары және Ақыртас сарай кешені. 200-ден астамы ежелгі қалашықтар.
Мұның барлығы жақсы, әрине. Бірақ, сол қалашықтарға апаратын жолдың жайы, қасиетті жерлердегі туристерге жасалатын жағдай қандай?
Аталған басқарма мамандарының айтуынша, қазіргі уақытта облыс аумағында 191 қонақ үй, 434 тамақтану орны, 22 туристік ұйым, 11 балаларды сауықтыру лагері, 7 шипажай, 15 демалыс орны, 78 қолөнершілер мен 25 көлік субъектісі жұмыс атқарады екен.
Облыстың туристік әлеуетін арттыруға үлес қосатын, туристік тартымдылығы жоғары нысандар іріктеліп «Облыстың туристік нысандар тізімі» жасақталыпты. Ол тізімге 65 нысан енгізілген. Олардың ішінде: мәдени – 4, тарихи – 5, археологиялық – 19, кесенелер (зиярат ету орындары) – 13, мемориалды ескерткіштер – 4, киелі жерлер (тоғайлар, бұлақтар, сайлар, шатқалдар) – 14, үңгірлер – 3, демалыс орындары – 3 болып отыр.
Әуелі нені атқару керек?
Алғашқы кезектегі міндеттердің бірі қазіргі заман талабына сай туристік инфрақұрылымды дамыту болғандықтан, туристік нысандарда келушілерге қолайсыздықтар мен жағымсыз әсерлер тудыратын кемшіліктерді жойып, оларды әрі қарай модернизациялау, цифрландыру, көркейту бағытында нақты шаралар қабылдануда.
Соңғы жылдары туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында «Ақыртас» сарай кешеніне алып баратын 8 шақырым, (Жамбыл ауданы), «Әулие бастау» бұлағына 1,7 (Жамбыл ауданы), «Тау Самалы» туристік кешеніне 4 (Жуалы ауданы), «Тамды» қалашығына 0,5 (Талас ауданы), «Тау қымыз» емдік-сауықтыру орталығына 5,4 (Т.Рысқұлов ауданы), «Баркуаб» қалашығына 0,6 шақырым (Жуалы ауданы), «Қаралма» тау шаңғы кешеніне 7 (Жуалы ауданы) шақырым автожолдары салыныпты.
Тараз қаласынан 48 шақырым қашықтықта, елді мекеннен тыс аумақта орналасқан «Ақыртас» сарай кешеніне ауыз су, «Таскөл» демалыс орталығының инфрақұрылымына «ДКБ-2025» бағдарламасы аясында 77,2 миллион теңге бөлініп, электр жарығын жүргізу жұмыстары атқарылуда.
– «Taraz tour» мобильді қосымшасы өзектендіріліп, облыстың туристік нысандар тізіміндегі нысандарға (65 туристік нысан) QR-кодтар орнатылды. Сонымен қатар «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені мен «Айша бибі» кесенесінің аумағында туристерге толық ақпарат беретін 2 туристік дүңгіршек орналастырылды. Туристік нысандарды цифрландыру мақсатында атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша қаңтар айынан бастап 70-ке жуық қонақ үйде туристерді есепке алудың, туристік ағынды талдаудың және көші-қон бақылауын жүзеге асырудың бірыңғай ақпараттық жүйесі «E-QONAQ» жұмысы көрсетілуде.
Инвестициялық жобалар іске асырылып, жаңа туристік кешендер мен нысандар іске қосылуда. 2019 жылы – 8 нысан («Көне Тараз» этномәдени кешені құрамындағы ғимараттар «Руханият», Көркем галерея, Музей, Туризм орталығы, Амфитеатр, «Сағат» стеласы, «Арбат» (Тараз қаласы)), 2020 жылы – 1 нысан (құрамына 5 нысан кіретін «Тектұрмас» этно-тарихи кешені (Тараз қаласы), 2021 жылы – 6 нысан (Тараз қаласының орталығында ұзындығы 2 шақырым болатын жаңа аллея, 3 жаяу жүргінші арбаты, «Үшбұлақ» жағажайындағы демалыс орны).
Облыста 2022-2025 жылдары жалпы соммасы 11,046 миллиард теңгені құрайтын 6 туристік инвестициялық жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Осы жобалар іске асса 98 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде, – деді облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Біржан Күзембеков.
aqjolgazet.kz