Әбу Насыр әл-Фараби тұлғасының беймәлім жақтары
Оның толық аты-жөні – Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Узлуғ (Узлағ) бин Тархан әл-Фараби ат-Турки
1-бөлім
«Ақылына қоса азат жігері бар адамның басты міндеті – өзінің ақылға негізделген еңбегінің арқасында бақытқа жету», — деген әл-Фараби өзі бақытқа жете алды ма? Ортағасырлық биографиялық еңбектер оның тұлғасы, өмір сүру салты туралы не дейді? Алдымен Ұлы ойшылдың жұртшылыққа мәлім емес жақтарын сөз етейік.
Аты-жөні. Ұлы ойшылдың аты-жөнін ортағасырлық тарихшылардың өздері де әр қилы жазады. Оның толық аты-жөні – Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Узлуғ (Узлағ) бин Тархан әл-Фараби ат-Турки. Барлық дереккөздерде, әсіресе ең көне және сенімді есімдердің бірі осы деп көрсетіледі. Алайда әл-Фарабидің есімі кейбір қолжазбаларда Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед ат-Тархани деп жазылғанын ортағасырлық биографтар тіркеген. Ат-Тархани – адам аты емес, әкесінің әскери дәрежесін көрсететін титул, шен. Кейінгі тарихшылар Ұлы ойшылдың атындағы әр сөз сайын «бин» – «ұлы» деген сөзді қосып, «тархан» сөзін оның арғы атасы етіп жіберген.
Әбу Насыр да оның аты емес. Арабша «куния» деп аталады, қазақтың «пәленнің әкесі» дегеніне келеді. «Куния» үйленген адамға және оның үлкен баласының атымен байланыстырылып беріледі. Бұл Ұлы ойшылдың үйленгенін көрсетеді. Егер үйленіп баласы болмаса, онда оның куниясы Абу Абдулла (құдайдың құлының әкесі) болар еді.
Дұрысы – Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед Узлуғ Тархан әл-Фараби ат-Турки. Ұлы ойшыл – Мұхаммед Узлуғ тарханның баласы. Оның әскери қолбасшының баласы екендігіне көптеген орғасырлық тарихшылардың жазбалары куә. Қазақша Әбу Насыр Фараби деп негіздесе болады, себебі «әл» – араб тілінің белгілі және белгісіздік мағынасында жұмсалатын көмекші грамматикалық элементі ғана, қазақ тілінде ешқандай маңызы жоқ «бесінші дөңгелек». Мысалы, араб тілінде әл-Құран, аш-шариа, бірақ біз Құран, шариғат деп жазамыз және айтамыз.
Туған жері мен шыққан тегі. Әбу Насыр әл-Фараби шамамен 870 жылы Түркістанның (облыс деген мағынада емес) Фараб қаласында өмірге келген. 950 жылы Дамаск қаласында жерленген. Негізінен, ортағасырлық тарихи шығармаларда: «Өзеннің ар жағында түркілердің Фараб деген бір қаласында туған, шыққан тегі түркі», – деп көрсетіледі.
Бірақ Ұлы ойшылдың шыққан жері мен тегі туралы тартыс оның көзі тірі кезінен жалғасып келеді. Ортағасырларда оның «түркі», «парсы» және «араб» екендігін дәлелдегендер болған. Кеңес заманында «қазақ-өзбек» деп екі жаққа тартты. Іс жүзінде, әл-Фарабиді қазақ қоғамына қайтарған, елімізде фарабитанудың негізін қалаған Ақжан әл-Машани екендігі баршаға аян. Осы геолог ақсақал Фарабиді қайтарса, екінші бір геолог абыз Олжас мәмлүктерді қазаққа қайтарғаны ерекше кездейсоқтық емес!
Бет-әлпеті. Әрине, Ұлы ойшыл туралы сөз болғанда оның бейнесі, ажары қандай болған деген сұрақ ойға келеді. Тарихымыздағы тұлғаларды ойдан салып, өтірікті шындай етіп көрсететін тәсілді бәріміз білетіндіктен, философтың бет-бейнесі біздің бұқаралық ақпарат беттеріндегі суреттегідей емес деп ойласақ, шындықтың ауылынан алыс кетпейміз. Ұлы ойшылдың бейнесі бізге жеткен жоқ, алайда оның ортағасырлық тарихшылар қалдырған жазбаша портреттері бар. Әл-Байхақи: «Ойшыл көптеген түркілер секілді екі жағына мүлдем сақал шықпайтын «асатт», – дейді, яғни көсе болғандығын жазады. Осы сипаттамаға қарағанда Фараби суреттердегі бейнесіндей қара сақалды емес, селдір шоқша сақалды ғана болған. Әл-Фарабидің жазбаша портретінің болуы қолданыстағы қияли суреттің негізсіз, ғылыми емес екендігін көрсетеді.
Сыртқы бейнесі. Білім алған альма-матеріміз – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің алдындағы Ұлы ойшылдың ескерткіші екі рет тұрғызылды. Соңғы ескерткіштегі сәлдесі дағарадай. Неге сәлдеге тиісіп отырмыз, себебі Ұлы ойшыл ешқашан басына сәлде орамаған. Ортағасырлық тарихшылар: «әл-Фараби түркіше киініп жүрген, басында қалансуасы болған», – деп жазады. «Қалансуа» араб тілінен «тақия» деп аударылады. Атақты тарихшы Ибн Халликан: «Шам елінің ғұламалары жиналған мәжіліске кіріп келді. Үстіне түркі киімін киген. Ол осы киімді әрдайым киіп жүретін», – деп жазады.
Өмір салты. Әл-Фараби жалғыз болуды және салт басты болғандықтан, ол елден аулақ жүруді қалайтын. Көптеген ортағасырлық тарихшылар Ұлы ойшылдың өмір сүру салтын сол заманның сопы өміріне ұқсатады. Алайда ол мүлдем жалғыз жүрді деуге негіз жоқ, себебі оның қызметшілері, кейін атағы шыққан соң қасында шәкірттері болған. Ол көшкен кезінде үйін сатып, қызметшілеріне бостандық беріп, аса жақын шәкірттерімен бірге кететін.
Жетпістен асқан шағында Шам өңіріне келіп, Алеппо билеушісі Сейфуддауланың қамқорлығында болған, күнкөріске одан күніне 4 күміс дирхем алып тұрған. Бұл аз ба, көп пе? Төрт деген санға қарағанда аз. Мысалы, сол кезеңде осы билеушіні 9 жыл паналаған арабтың атақты ақыны әл-Мутанабби жылына үш мың алтын динар, яғни айына 250 алтын динарды тартынбай алған. Ал алтын динар Фараби заманында 15 күміс дирхамнан, әр дирхам 100 филстен тұрғандығын есепке алсақ, Ұлы ойшыл айына 120 дирхам, яғни 8 алтын динармен шектелген. Жылына 96 алтын динар. Бұл валютаның сол кездегі құнын түсіну үшін Ұлы ойшыл заманында халифаттың жаяу әскері айына 20, ал атты жауынгері 40 дирхам айлық алғанын айта кетейік.
Халифат кезінде білімді адамдарды «әлім» және «әдиб» деп екіге бөлген. Әлімдер – ғылымға берілген жоғары идеялы адамдар, ал әдибтер –білімі бар, бірақ тек материалдық жағдайын жақсартуға ұмтылған оқытушылар. Мысалы, әлімдер 100 дирхамға балаларға сабақ беруге келіссе, әдибтер сол жұмысты атқаруға 1000 дирхамға саудаласатын. Әлімдердің мәнін Фарабиден кейін өмір сүрген әл-Хазини деген астрономның әрекетінен көреміз. Атақты Санжар сұлтан оның еңбегін бағалап, 1000 алтын динар бергенде, ол: «Маған оның қажеті жоқ. Менің әлі он динарым бар. Маған бір жылға 3 динар жетеді. Үйімде менен басқа бір мысық қана бар», – деп ақшаны қайтарып береді. Әл-Хазини аптасына үш рет қана түстенетін, ал қалған күндері екі шелпек нанмен күн өткізетін. Әл-Хазини шынында аскет адам болған.
Фараби әлімдер қатарына жатады, сондықтан оған ақша ғылыми және тұрмыстық қажеттіліктерін өтеу үшін ғана қажет болған. Ортағасырлық тарихшылар оның трактаттарын өзі және шәкірттері жазғандығын атап өтеді. Фараби қанша үнемдегенімен өзінің трактаттарын тарату үшін қағаз, сия, көшіріп жазушылар, түптеушілер мен оларды таратушылардың еңбекақысын беру үшін қаржыға мұқтаж еді.
Барлық құқықтар қорғалған. EL.KZ белсенді сілтемені пайдаланыңыз: https://el.kz/abu-nasyr-al-farabi-tulgasynyn-beymalim-zhaqtary_53882/?fbclid=IwAR2-WpZyfvcndAU8VPtFNdWjTVOW1a2Xb4j4McDYXcyirjRsoy3KH5X6lGQ
Қайрат Сәки, ҚР дипломатиялық қызметіне еңбек сіңірген қызметкері