ТҮРКІСТАНҒА ИТАЛИЯДАН ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ЖОЛДАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысына Италиядан инвестиция тартылады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қазақстандағы Италияның елшісі Марко Альберти бастаған делегацияны қабылдап, келіссөз жүргізді. Түркістан өңірінің бизнесті дамытуға қолайлы тұстарын жеткізген облыс басшысы итальяндық бизнес алпауыттарын тоқыма, тігін фабрикаларын ашуға шақырды.

Облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетімен таныстырған өңір басшысы Италиямен байланысты нығайтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді. Тараптар екі ел арасында достық қарым-қатынастар мен сындарлы саяси диалог орнағанын, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың дәйекті дамып келе жатқанын атап өтті.
– Бұл кездесу Қазақстан-Италия ынтымақтастығын дамытуға жаңа серпін беретініне сенімдімін. Бүгінде біздің облыс пен Италия елі арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға жақсы мүмкіндігіміз бар. Қазіргі таңда тарихи Түркістан өңірі қайта өрлеу дәуірін бастан өткеріп жатыр. Осыдан төрт жыл бұрын Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы орталық болды. Осы аз ғана уақытта өңірде ауқымды жұмыстар атқарылды. Инвестиция көлемі артты. Өңірде туризм саласы үш бағытта дамып келеді. Италиямен бірнеше сала бойынша әріптестік орнатуға мүдделіміз. Бұл ретте туризм, ауыл шаруашылығы, жаңа технологияларды енгізу бойынша инвестиция тартсақ деген ой бар. Барлық мәселені талқылауға дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды.
Өткен жылы өңірге тартылған инвестиция көлемі 60% — ға өсіп, 1,7 млрд. АҚШ. долларын құрады. Оның ішінде сыртқы инвестициялар көлемі 82% — ға өсті. Жалпы, 2018 жылдан бастап облысқа 3,5 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған. Инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту үшін ауқымды жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар, Отырар ауданында Қуаты 50 МВт, құны 26 млн. АҚШ доллары көлемінде итальяндық капиталдың қатысуымен маңызды инвестициялық жоба іске асырылуда («Arm Wind» ЖШС). Итальяндық инвесторлар жасыл экономикаға да ерекше назар аударады. Атап айтқанда, ENI компаниясының қатысуымен әлеуметтік жоба аясында Түркістан қаласындағы мектепте күн электр станциясы орнатылды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі