ҚАЗАҚ ХАЛҚЫН ҚОРЛАУДАН – ҚАЗАҚ ХАЛҚЫН ЛАЙЫҚТЫ БАҒАЛАУҒА
Кейінгі кезде Мухоряпов деген біреудің қазақ халқын менсінбеген пікірлері үшін баспасөзде, әлемжелілерде наразылық дауылы бұрқырап берді. Мұның ақыры жекелеген журналистердің, Мәжіліс депутаттарының әлгі көргенсізді қылмыстық жауапқа тартуға шақырған талаптарын заң орындарына жолдаумен жалғасты. Әлбетте бұл мәселе шешілер.
Бірақ ең басты проблема – осындай көріністерге негіз болып отырған теріс құбылыстардың мүлде сөз етілмеген күйі қалуы. Ол – қазақ халқының тарихи-құқықтық рөлінің жанышталуы, ар-намысының тапталуы, ұлт-аралық қатынастардағы кеңестік-шовинистік қиғаштықтардың сақталуы.
Естеріңізде ме, Маловодныйдағы қазақ-чешен қақтығысы бильярда жеңілген чешен жігітінің өркөкіректеніп қазақ жігітін менсінбей джиппен қуып жүріп қайта-қайта қағып басынуынан басталған. Қордайдағы қазақ-дүңген қақтығысы да дүңгендердің жергілікті қазақтарды адам құрлы көрмей менсінбеуінен шыққан. Атыраудағы қазақ-түрік қақтығысы да түріктердің асханада қазақтарды мал санап құтыруынан шыққан. Айта берсе мұндай мысалдар жетіп артылады.
Бұл проблемалар сөз жоқ, Қазақстандағы ұлтаралық идеологияның қателіктерінен туындап жатты. Отыздан жылдан астам билік құрған Назарбаев режимі антиқазақтық саясатымен қазақтарды езіп-жаншып, тұтас бір мемлекет құраушы ұлтты өзге диаспоралар деңгейіне түсіріп тастады.
Бұл жағдай екі құбылыс туғызды. Біріншіден, Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдерінің қазақтарға деген менсінбеушілік көзқарасын, тіпті менменсіген өктемдік психологиясын туғызды. Жоғарыда сөз болған ұлтаралық қақтығыстардың бәрінің дерлік астарында осы жатыр. Екіншіден, бұл өз елі, өз жерін ежелден найзамен қорғап үйренген қазақтардың енді өз намысын, өз құқығын жұдырықпен қорғауға мәжбүр етті. Өкінішке қарай назарбаевтық күш құрылымдары әлгіндей оқиғалардың бәрінде қазақтарды тізеге салып жығып беріп отырды. Мұндай әділетсіз ұстанымдар Қазақстан билігінде мәңгі-бақи жалғаса бермеуі керек!
Қазақ халқы табиғатында – әділетсіздікке қарсы. Қазақтардың 1916 жылы ақ патшаға қарсы көтерілісі, 1920-1933 жылдар арасында большевиктік өктемдікке қарсы жүздеген рет бас көтерулері, 1979 жылы неміс автономиясын құруға қарсы Теміртау көтерілісі, 1986 жылғы Мәскеудің өзімбілермендік сясатына қарсы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі, 2022 жылы қаңтардағы назарбаев режимі мен олигархтық билікке қарсы ұлт-азаттық көтерілісі сияқты толқулардың баршасының негізінде ұлтқа қатысты әлеуметтік теңсіздіктер, әлеуметтік әділетсіздіктер жатты.
Сондықтан қазіргі билік әлеуметтік сілкіністерді қаламайтын болса Назарбаев режимі ұстанған қазақты қорлау, жаныштау, тізе батыру бағытынан Қазақ халқын лайықты бағалау, құрметтеу бағытына ауысуы қажет деп есептеймін. Бұл қалың қатпарлы үлкен идеологиялық жұмыс. Ол тарих, ғылым, білім, тіл, саясат т.б салаларды қамтығаны маңызды. Шартты түрде болса да «Тарихымызды таниық!», «Қазақтар әділеттілікті қалайды», «Көтеру үшін қазақты тоқтатайық азапты!» деген тәрізді бағдарламалар дүниеге келу керек! Титульдық ұлтқа идеологиялық қолдау қажет!
Онда Қазақстандағы қазақтардың Франциядағы француздардан, Германиядағы немістерден, Ресейдегі орыстардан, Гүржістандағы гүржілерден, Өзбекстандағы өзбектерден кем емес, олармен терезесі тең ұлт екендігін көрсететін дүниелер жасалғаны жөн деп ойлаймын. Көрнекті неміс жазушысы Генрих Лаубе: «Халықтың тіліне шабуыл жасау оның жүрегіне шабуыл жасаумен бірдей» депті. Сондықтан ҚР Қылмыстық кодексіне Қазақ халқына, қазақтың тілі мен мәдениетіне қарсы тіл тигізген адамдар қылмыстық жауапқа тартылатындай баптар енгізілгені дұрыс. Онда дүние-мүлкін тәркілеп, Қазақстанның азаматтығынан айырып, депортация жасау ең жеңіл жаза ретінде қарастырылғаны абзал.
Ал қазіргі жағдайға келсек, билік Ресейден сескеніп, Конституцияға қазақ халқының мемлекетқұраушы ұлт екендігі туралы қағидаларды енгізбеуіне уақытша құбылыс ретінде көз жұма тұрайық. Алайда өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқын қорлауына тыйым салу үшін қазақ халқын әспеттейтін амалдар жасауына болады ғой. Сөздің қысқасы Қазақ халқының Қазақстандағы мемлекетқұраушы әрі жетекшілік рөлін қалпына келтіру қажет!
Жазушы-публицист
Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев) фейсбук парақшасынан