КӨКШЕТАУ ТҰЛҒАЛАРЫ
Бүгін, 30 қазан – журналист, жазушы-драматург, қоғам қайраткері, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы Жабал Ерғалиұлы Ерғалиевтің туған күні!
Туған ел үшін аянбай еңбек етуді мақсат тұтып, өлкеміздің өркендеп, дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген, болмысы биік біртуар тұлғалардың бірегейі – Жабал Ерғалиұлы Көкшетау облысы Чкалов ауданының (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы) Қарағаш ауылында 1952 жылдың 30 қазанында дүниеге келген.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген соң ұзақ жылдар бойы бұқаралық ақпарат құралдарында — «Көкшетау» қалалық газетінің бас редакторы, «Көкшетау» әдеби-көркем журналының және облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарды. Әдеби әлемде шоқтығы биік қаламгердің халқымыздың руханиятына қосқан үлесі зор. Оның алғашқы әңгімелері 1978 жылы Алматыда жарық көрген жас жазушылардың антологиясында басылып шыққан. «Қас қағым», «Тойғандар мен тозғандар», «Жетім тағдыр», «Құлпытастың көз жасы» және т.б. көптеген туындылары – республикамыздың театрлары сахналарында көрермендердің көзайымына айналған терең мағыналы шығармалар. 2011-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті сенатының V және VІ шақырылымдарының депутаты ретінде жоғары мінберден ел жағдайына қатысты мәселелерді көтеріп, олардың оң шешім табуына тікелей ықпал еткен Жабал Ерғалиұлы бүгінгі таңда ҚР Парламенті Сенатының жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі ретінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ел мүддесіне бағытталған бағдарламалары мен мемлекеттік реформалардың жүзеге асырылуына белсенді атсалысуда. Оның туған жерге, ана тілге деген жанашырлығы, ел бірлігін сақтап, нығайту жолындағы қажырлы еңбегі – өз халқына деген шексіз сүйіспеншілігінің айқын көрсеткіші. Жабал Ерғалиұлы ел мүддесі жолындағы ерен еңбегі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды, сонымен қатар ол «Парасат» орденінің иегері. Жабал ағаның есімі «Қазақстанның үздік адамдары», «Солтүстік Қазақстан» және «Ақмола облысы» энциклопедияларына, қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі «Ақмола облысының тұлғалары» анықтамалық кітабына енгізілген.
Қадірменді Жабал Ерғалиұлы, бүгінгі 70 жасқа толған мерейлі тойыңызда Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық шабыт тілейміз! Сіздің бойыңыздағы адами асыл қасиеттеріңіз, өмірлік ұстанымдарыңыз өскелең ұрпақтарға өнеге. Халқыңыздың ыстық ықыласына бөленіп, жүз жасаңыз, асыл аға!
Көкшетау Қаласының Тарихы Музейі