ЖЫЛҚЫНЫҢ ҚЫЛЫ

Атақты емшілер оны да емге қолданған
Шығыстың рухани бұлағы, қасиетті емші Ырғызбай Досқанаұлы 1787-жылы туып, 1850-жылы дүниеден өткен. Кесенесі Тарбағатай тауының теріскей бетіндегі бұйратты құба белде. Шығыс Қазақстан облысындағы Ақсуат ауылынан Кіндікті ауылына баратын жолдың бойында, солтүстікке қарай 5 шақырым жерде Күмісті бастауының қасында орналасқан.
Ырғызбай баба бала жасынан емдік шөптерге үйір болса керек. Емші шипалы тамыр шөптерді жаз, күз айларында, әбден толысып жетілген шағында жинайтын көрінеді. Сондай-ақ емші: «Бір шөпті таңғы шық кеппей тұрып жинау қажет болса, екіншісін тек қана кешкілік терген дұрыс. Және де оларды шіліңгір аптапта тамырынан ажырату оның емдік қауатын әлсіретеді», – деген екен. Сол себепті Ырғызбай емші емдік шөптерін күн сәулесі түспейтін көлеңкеде, самал есетін, тыныс алатын орындарда кептіріп, дайындаған.
Атақты емші шипалы өсімдіктердің гүлінен, жапырағынан, тамырынан дәрі-дәрмек жасағанда олардың қандай ауруға қалай қолданғанда ем болатынын табиғи түйсікпен біліп, дамытқан деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Емшінің үйінен қысы-жазы түймешетен, адыраспан, долана, көккекіре, суқалампыр, қарандыз, киікоты, шайқурай, тікенжиде, тәуіпдәрі, томардәрі, қасқыртамыр мыңжапырақ, жаушүмілдік тәрізді өсімдіктер үзілмеген. Ол улы шөп-тамырларды аса сақтықпен жіңішке ауруларға, тері ауруларына, күйікке қолдана біліпті.
Құнанбай қажы ауруынан емдеп жазуға ша-қыртқанында, Ырғызбай емші қоңыр аюдың өтін бауырымен қоса алып, мейіздей етіп кептіріп, марал, бұғы, киік мүйіздерінен жасаған дәрілерін реттеп, әбден қайнатып тазартқан, мумиесін мысқал–мысқалға бөліп, дайындапты.
Ол Құнанбай қажының өт жолының да бұзылғанын біліп, өзіне арнап тігілген киіз үйде қырық бір түрлі жапырақтан, гүл мен тамырдан дәрі жасап, оны жылқының іш майына араластырып қайнатып, жеті түрлі дәмнен тосап дайындайды. Тосапқа аю өтінің тарыдайын екі-үш сүйкеп, жиі-жиі ішкіздіртіп, қырық күн емдеп, Құнанбай қажыны ауруынан жазып алған екен.
Ырғызбай емшінің айтып кетуі бойынша, кейбір шөптер мен тамырлар аралас кептірілсе, сақталса, күш-қуатын жоғалтады деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Ол сол себепті шөп-тамырларды бөлек-бөлек сақтайтын үш қанат күркені алдын-ала дайындап, оған сөрелер орналастырған, қапшықтар мен қалталар әзірлеп, оны керегеге іліп қойған.
Емшінің шипалы өсімдіктерден дәрі-дәрмек жасайтын ыдыстарын да ерекше талғаммен таңдаған. Мысалы, ағаш тостағандар мен шойын шөңкелер, күміс тегештер мен мүйіз тостағандар, аршаға ысталған мойнақ торсықтар мен жез құтылар, емдік майларды сақтайтын сүйек ыдыстар, сұйық және тұнбаларды құятын басқа да қажетті заттарды таңдай білген. Дәрі-дәрмектердің мөлшерін анықтайтын нәзік таразысы да болған. Дәрі-дәрмек дайындау барысында Ырғызбай емші жылқының қылы мен түйенің шудасын, тарамысты да пайдаланыпты.
«Ауырмаңыз!» газеті.
(Мақаланы көшіріп басқанда «Ауырмаңыз!» газетінен алынды» деп сілтеме беру міндетті. Авторлық құқық қорғалған!)
#денсаулық #здоровье
#фитотерапия #Шөппенемдеу
#шипа #дауа #халықемі