Валюталық шарттарды есептік тіркеу: есептік нөмірлерді беру тәртібі

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі капитал қозғалысы операциялары солардың негізінде және (немесе) оларды орындау үшін жүргізілетін валюталық шарттарды (бұдан әрі – капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттар) есептік тіркеуді жүзеге асырады және олар бойынша жүргізілетін валюталық операциялар мен оларға байланысты бейрезиденттерге қойылатын талаптар және бейрезиденттер алдындағы міндеттемелер туралы ақпарат алады.

Капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартты есептік тіркеу осы шартқа есептік нөмір беруді және капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа қатысушы – резиденттің Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне есептік нөмірді пайдалана отырып, ол бойынша мәліметтерді және есептерді кейіннен ұсынуын көздейді.

Есептік тіркеу талаптары қатысушылары резиденттер (уәкілетті банктерді және шетелдік ұйымдардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда) болып табылатын капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттарға қолданылады.

Капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа қатысушы- резидент капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа есептік нөмір беру үшін өзінің тұрғылықты мекенжайы (жеке тұлға үшін) не орналасқан (заңды тұлға үшін) жері бойынша орналасқан Ұлттық Банктің аумақтық филиалына өтініш жасайды.

Капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа қатысушы- резидент тараптардың кез келгені осындай валюталық шарт бойынша міндеттемелерді орындауды бастағанға дейін капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа есептік нөмір беруге өтініш жасайды. Егер валюталық шарт бойынша міндеттемелерді орындауды оның қатысушысы-бейрезидент бірінші бастаса және бұл орындау мүлікті резиденттің пайдасына беруге (ақшаның түсуіне) байланысты болса, онда капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа қатысушы- резидент мүлікті (ақшаны) өзінің басқаруына алғанға дейін осындай валюталық шартқа есептік нөмір беруге өтініш жасайды.

Капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартта есептік тіркелуге тиіс, оның шеңберінде мыналар көзделеді:

1) мүліктің (ақшаның) Қазақстан Республикасына түсуі және (немесе) резидентте бейрезидентке мүлікті (ақшаны) қайтару бойынша баламасы 500 000 (бес жүз мың) Америка Құрама Штаттарының (бұдан әрі – АҚШ) долларынан асатын сомаға міндеттемелердің туындауы;

2) мүлікті (ақша аударымын) Қазақстан Республикасынан беру және (немесе) резидентте бейрезиденттің мүлікті (ақшаны) қайтару бойынша баламасы 500 000 (бес жүз мың) АҚШ долларынан асатын сомаға талаптардың туындауы.

Егер капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартта оған қол қойылған күні (ол болмаған жағдайда – күшіне енген күні) шарттың сомасы көрсетілмесе, онда капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарт есептік тіркелуге тиіс шарт ретінде қаралады.

Шарттың сомасы АҚШ долларынан басқа валютамен көрсетілген және АҚШ долларына қатысты айырбастау бағамына нұсқау жоқ капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа есептік тіркеудің қолданылуын айқындау мақсаты үшін валюталық шарттың АҚШ долларындағы сомасының баламасын есептеу валюталық шартқа қол қойылған күнгі (ол болмаған жағдайда – валюталық шарт күшіне енген күнгі) валюта айырбастаудың нарықтық бағамы пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.

Капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттың есептік нөмірін алу үшін осындай валюталық шартқа қатысушы-резидент Ұлттық Банкке мыналарды ұсынады:

1) валюталық шартқа есептік нөмір беруге өтініш, оның негізінде және (немесе) оны орындау үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 10.04.2019 жылғы №64 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы валюталық операциялар мониторингі қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша капитал қозғалысының операциялары жүргізіледі;

2) жеке тұлғалар үшін – жеке басын куәландыратын, жеке сәйкестендіру нөмірін қамтитын құжаттың немесе Қазақстан Республикасында тұрақты тұру құқығын растайтын құжаттың (шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар үшін) көшірмесі;

3) тігілген және жеке тұлғаның немесе заңды тұлға өкілінің қолымен расталған капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттың және капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарт бойынша міндеттемелерге қатысты оған өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың көшірмелері. Егер капитал қозғалысы бойынша валюталық шарт шет тілінде жасалған болса, онда оның қазақ немесе орыс тілдеріндегі аудармасы ұсынылады.

Ұлттық Банктің аумақтық филиалы резидент Қағидалардың 13-тармағында көзделген құжаттар мен мәліметтерді толық көлемде ұсынған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа есептік нөмір береді және есептік нөмірлердің тізіліміне енгізіледі.

Құжаттар электрондық тәсілмен ұсынылған кезде капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттың электрондық көшірмесі беріледі.

Есептік нөмір берілген капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа жаңа есептік нөмір алу мынадай мәліметтер өзгерген кезде қажет етіледі:

1) капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттың валютасы;

2) егер өзгеріс капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа қатысушы-резиденттің талаптарындағы немесе міндеттемелеріндегі тұлғалардың ауысуына әкелетін болса, капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа қатысушылар;

3) егер өзгеріс капитал қозғалысы операциясын қайта жіктеуге және (немесе) есеп нысанының өзгеруіне әкелетін болса, валюталық шарттың мәні;

4) валюталық шартқа қатысушылардың-бейрезиденттердің сәйкестендіру деректері (жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), тұрақты тұратын елі, оның ішінде шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес берілген азаматтық немесе құқықтар негізінде, заңды тұлғаның, заңды тұлға филиалының (өкілдігінің) атауы, тіркеу елі);

5) басқа облысқа, республикалық мәнді бар қалаға, астанаға көшкен (көшірілген) кезде – резиденттің тұрақты тұрған (орналасқан) жері;

6) заңды тұлға болып табылатын валюталық шартқа қатысушы- резиденттің қайта ұйымдастырылуына (қосылу, қосу, бөліну, бөлініп шығу, қайта құрылу) байланысты оның сәйкестендіру деректері.

Капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарт Қағидалардың 16-тармағында көзделген жағдайларда Ұлттық Банктің аумақтық филиалында есептік тіркеуден шығарылады және оның есептік нөмірі есептік нөмірлер тізілімінен алып тасталады.

Валюталық шарттарды есептік тіркеуге қатысты сұрақтарыңыз болса, 8 (7262) 99-93-48, 99-93-41, 45-59-81 телефондары арқылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Жамбыл филиалына хабарласуыңызға болады.

Есенғали ДЖОЛБОЛДИЕВ, ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының бас маман-экономисі.