24083 азамат тұрақты жұмысқа орналасқан
Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәжіліс залында басқарманың өткен тоғыз айда атқарған жұмысы талқыланды. Басқарма басшысы Еркін Келесовтің төрағалығымен өткен кеңеске облысқа қарасты қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар мен «Халықты жұмыспен қамту орталықтарының» басшылары қатысты. Басқосуда басқарманың ағымдағы жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстарының қорытындысы мен төртінші тоқсанға қойылған міндеттері туралы басқарма басшысының орынбасарлары өз салалары бойынша баяндады.
Олардың айтуынша, есепті кезеңде 24083 жұмыссыз тұрақты жұмыспен қамтылған. Айталық, басқарма басшысының орынбасары Кенжебек Олжабай «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аяқталып, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның іске асырылу барысына тоқталды. «Бағдарламаның негізгі мақсаты – халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту. Биыл аталған жоба аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 49500 адамды тарту жоспарланған болатын.
Жыл басынан бері жоспар 119,2 пайызға орындалып, 59002 адам белсенді іс-шараларға тартылды, оның 36363-і жұмысқа орналастырылып, 24083-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Ағымдағы жылдың тоғыз айында электрондық еңбек биржасына 256 жоба енгізіліп, орындалу үлесі 95,5 пайызды құрады. Ал жарияланған бос жұмыс орындарының саны – 5591. Бүгінде жұмыс орындарына 2381 адам орналастырылды, оның 1779-ы ЭЕБ арқылы, 602-і халықты жұмыспен қамту орталықтарының үлесінде», деді ол.
Бұдан бөлек, өңірлік карта аясында биыл 17870 жұмыс орнын, оның ішінде 4959 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланып, жыл басынан бері 2750 адамға тұрақты жұмыс орны ашылып, бекітілген жоспар 55,5 пайызға орындалған. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқыту жұмыстары ағымдағы жылдың 25 шілдесінен басталған. Есепті кезеңге облыс бойынша онлайн оқыту курстарына 19031 адам жолданып, 14631 адам оқуларын аяқтаған. Сонымен қатар Ұлттық жоба аясында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 2630 адамға 400 АЕК мөлшерінде 3 345,4 миллион теңге қайтарымсыз гранттар беру қарастырылыпты.
– Есепті кезеңде облыста 1497 адамға 834,1 миллион теңгенің қайтарымсыз гранттары берілді. Ұлттық жоба аясында әлеуметтік жұмыс орындарына барлығы 1030 адам орналастырылды. Бүгінде әлеуметтік жұмыс орындарына 1142 адам жолданып, 203 адам жұмыстарын аяқтады. Олардың ішінен 188 адам тұрақты жұмыс орындарына жіберіліп, көрсеткіш 92,6 пайызға жеткен, – деді баяндамашы.
Сонымен қатар жастар тәжірибесіне 1524 түлек жолданса, есепті кезеңде 1673 түлек өтінім беріп, 351 адам жұмыстарын аяқтаған. Мұның ішінде 315 адам тұрақты жұмыс орындарына орналасып, көрсеткіші 89,7 пайызды құраған. Ақылы қоғамдық жұмысқа 9028 адам жолданып, жоспар толығымен орындалған. «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 124 адамды тарту жоспарланса, бүгінгі таңда 169 адам жолданған. Ал «Ұрпақтар келісім шарты» жобасына 29 адам жолдау жоспарланып, есепті кезеңге 26 адам жіберілген. Жиында бұл жоспарды Байзақ, Меркі, Сарысу аудандарының орындамай отырғаны анықталды.
«Күміс жас» жобасына 249 адамды тарту жоспарланса, есепті кезеңде 242 адам жолданған. Бұл бағыт бойынша Тараз қаласы көштен қалып қойған. Жұмыс күші тапшы өңірлерге ағымдағы жылдың есепті кезеңіне 123 отбасы, 466 адам қоныс аударған. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Әрбір 10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орындарын ашу» индикаторы 2022 жылға 6228 жұмыс орнын ашу белгіленді. Бүгінде аймақта 8834 жаңа мекеме ашылып, жоспар 141,8 пайызға орындалған.
Келесі баяндамашы, басқарма басшысының орынбасары Ғалижан Мейірманов мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қорғау жөніндегі көрсеткіштердің барысына тоқталып өтті. Оның айтуынша, облыста 45718 мүмкіндігі шектеулі адам тіркелген. Оның 1-ші топтағылары – 4204, 2-ші топтағылары – 17252, 3-ші топтағылары – 17488 адам, 18 жасқа дейінгі мүгедектер саны – 6774 адам. Бұл облыс халқының жалпы санына шаққанда 3,9 пайызын құрайды.
Ағымдағы жылдың бірінші қазанында әлеуметтік қызметтер ұсыну порталында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке оңалту бағдарламаларының орындалуы 84,1пайызды құрап отыр. Порталда 20977 өтініш тіркеліп, 17640 өтініш қанағаттандырылған. Бұл республикадағы алдыңғы төрттікке кіреді. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес, ағымдағы жылдың соңына қарай стандарттарға сәйкес келетін бейімделген объектілердің үлесі шамамен 40 пайызды құрауы тиіс. Осыған байланысты облыс бойынша 2021-2025 жылдары 1295 нысанды бейімдеу, ал биыл Тараз қаласы мен аудандарда 259 нысанды бейімдеу жоспарланған.
Тараз қаласы мен аудандарда бүгінгі күнге бейімдеу жұмыстарының тізіміндегі 204 нысанға 171,7 миллион теңге қаржы бөлініп, 128,9 миллион теңге қаржыға 152 нысан бейімделуден өткен. Сонымен қатар 52 нысанға 42,8 миллион теңге қаржы бөлінген.
Алқа мәжілісінде атаулы әлеуметтік көмек туралы басқарма басшысының орынбасары Әсел Шаймерденова ағымдағы жылдың қазан айында АӘК 8367 отбасындағы 44429 адамға беріліп, оған 2,8 миллиард теңге тағайындалғанын жеткізді. АӘК алушылардың үлесі облыс халқына шаққанда 3,9 пайызды құрады. АӘК алушылардың 7 пайызы Жуалы ауданына тиесілі. Одан кейінгі орында Т.Рысқұлов (6,1%), Сарысу (5,4%), Меркі мен Талас (4,5%), Тараз қаласы (4,4%) тұр. Қаңтар-қыркүйек айларына кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен 1 жастан 6 жасқа дейінгі 12 195 бала қамтылған. Еңбекке қабілетті АӘК алушылардың жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылғандардың үлестік жоспары 77,6 пайыз болса, орындалуы 76,1 пайызды құрап отыр.
– Отбасының цифрлы картасы аясында ағымдағы жылдың 13 қазанына облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж деп танылып отырған 44 115 отбасы бар болса, оның 100 пайызы тексерумен қамтылды. Оның ішінде 536 отбасына ғана төлемдер тиесілі екені анықталды, – дейді баяндамашы.
Мәжіліс отырысында басқарма басшысы Еркін Егембердіұлы басқарманың негізгі үш бағыты бойынша атқарылған жұмыстың нәтижелерін, бекітілген индикаторлардың орындалу барысын сұрады. Сондай-ақ Еркін Егембердіұлы мәжіліске қатысушыларға сауабы мол, сұрауы көп басқарма жұмысын ширатуға, қолдаулар мен көмектердің уақтылы көрсетілуіне баса мән беріп, әр азамат жауапкершіліктің жүгін сезіну керектігін еске салды.
Марат ҚҰЛИБАЕВ