Облыс әкімі Меркі ауданындағы бірқатар нысандардың жұмысымен танысты

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің Меркі ауданындағы жұмыс сапары Жамбыл ауылдық округіндегі «Қуан и Д» шаруа қожалығының қант қызылшасы алқабымен танысудан басталды.

Шаруашылық биыл 50 гектар аумаққа тәтті түбір отырғызған. Ұңғымалар қазып, сол арқылы суару жұмыстарын жүргізуде. .
Бұдан соң аймақ басшысы Жамбыл ауылдық округінде орналасқан «Жеміс-жидек» және Меркі ауылдық округінде орналасқан «ECO MERKE» шаруа қожалықтарының құлпынай алқабына барды. Біріншісі 10 гектарға, екіншісі 5 гектарға құлпынай отырғызған.

«Жеміс-жидек» ШҚ ағымдағы жылы 10 гектар алқапқа тамшылатып суару жүйесі арқылы құлпынайдың Альбион тұқымын еккен. Сондай-ақ, тағы 10 гектарға таңқурай отырғызуды жоспарлауда.
Ал, бес гектар алқапта құлпынай өсіруді қолға алған «ECO MERKE» ШҚ тұқым түрлерін Италия мен Испаниядан жеткізген.
Ақарал ауылындағы «Гүлдер» ШҚ көкөніс, жеміс-жидек сақтайтын қоймасы арнайы мұздатқышпен жабдықталған. Мұнда жылына 1100 тонна өнім сақтауға болады. Құрылысы өткен жылы басталған қойманың барлық жұмыстары бүгінде толығымен аяқталған. Қазіргі таңда қыстық алмалар сақтауға қойылуда.

Келесі кезекте Нұржан Нұржігітов осы ауылдық округтегі №5 орта мектеп-гимназиясы мен Ойтал ауылындағы мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарын тексерді. Облыс әкімі жауаптыларға құрылыстардың сапалы жүруін әрі белгіленген мерзімде аяқталуын қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді.

Аудандағы «Меркі қант зауыты» бүгінде өз жұмысын жүйелі түрде жалғастыруда. Қазіргі таңда шаруалар 80 мың тоннадан астам қант қызылшасын өткізіп үлгерген.

Ақермен ауылдық округі облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру бойынша пилоттық жобаға еніп отырған аудандағы екінші округ болып табылады. Алдын-ала жүргізілген есептеулер бойынша жобаның бірінші бағытына сәйкес 310 аула, екінші бағыт бойынша 137 аула қамтылады деп көзделуде.

▫️Жалпы, жоба аясында 145 жаңа жеке кәсіпкер өз ісін бастап, әр отбасының орташа табысы 4,2 пайызға артады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, 27 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі