Келінге қандай еңбегің сіңді?

ЗЕЙНЕП АХМЕТОВА
(Бауыржан Момышұлының келіні):
Келін – жат жұртқа келген кешегі қыз бала. Кешегі бұла өскен қыз баланың бір күнде келін атанып, жат жұртқа үйренісіп, бейімделіп кетуі деген өте қиын. Міне, осы кезде жас келінге қадалатын көз де көп, айтылатын сын сөз де көп. Түк көрмегендей, жас келіннің киген киімі мен жүрген жүрісін сөз қылып, ұнамды қылығы болса, сүліктей қадалатын көзімізді сүземіз. Біздің ең үлкен қателігіміз – осы. Келіннің жолын ауырлататын – өзіміз.
Келінге ененің қолдауы қажет. Жолдасы жұмыстан шаршап келіп, жарына көңіл аудара қоймауы мүмкін. Осындай сәтте, ене келінге қолдаушы болуы шарт. Ене болу кез келген әйелдің қолынан келеді. Ақырып- бақырғанның бәрі – ене. Ал, келінге Ана бола білу керек. Көп енелер қалай істейді? Олар келін келді, болды деген пиғылда. Екі қолын қусырып, ана шаруаның барлығын келін істеу керек дейді де, бір-ақ күнде патшайымға айналады. Ол дұрыс емес. Бөтен үйдің шаруасын жаңа түскен келін қалай меңгеріп кетеді? Жас келін үшін бұл үйдің салты да, дәстүрі де жат. Сен әуелі үйрет, жаңа ортаға бейімде, жаңа жұрт, жаңа дәстүрді түсіндір. Өзгенің баласын өз балаң етіп ал әуелі. Содан кейін ғана келіннің қызығынан дәмету керек.
Менің келінім орысша тәрбиеленген, қаланың қызы болды. Бірақ, шыққан тегі мықты. Өскен-өнген елдің перзенті. Мен сол баланы тәрбиелеуге зор мән бердім. «Ананы істе, мынаны істе!» деп бұйырмай, «Кел, балам, мынаны істеп жіберейік» деп, бірге жүріп-ақ, тәрбиелеп алдым. Көп нәрсе үйреттім. Ене мен келін сырлас құрбылардай болуы керек.
Келінін жамандайтын енелерге айтарым: «Келінге қандай еңбегің сіңді? Ол – біреудің баласы. Біреу туып, шамасы келгенше тәрбиелеп, сенің қолыңа дайын күйде берді. Оны ары қарай тәрбиелеп, өзіңе ізбасар ете алмасаң, кімге өкпелейсің?» деймін. Ал, енесін жамандайтын келіндерге: «Баласымен бір жастыққа бас қойып, бірге өмір сүруге ниет еттің. Өзің сүйген, ұнатып тұрмыс құрған адамның анасы қалай жаман болады? Сенің жолдасыңды тоғыз ай, он күн көтеріп, омыртқасы талып, дүниеге әкелген адам қалай ұнамайды?”деймін.
Ал сіздердің ойларыңыз қандай қыз-келіншектер?