Сөз сүйектен өтеді…
«Сөз сүйектен өтеді» деп дана халқымыз тегіннен тегін айтпаған. Әр айтылған сөздің салмағы бар. Әр сөздің жұмсалу реті бар. Аузым бар деп сөйлей беру әдепті әм арлы адамның ісі емес. Біз бүкіл ойымызды сөзбен жеткіземіз. Санаңызға келген ой сөз боп тіліңізге түспес бұрын жүрек пен ақылдың сүзгісінен өтуі керек. Өмір болғаннан соң бір-бірімізбен сөзге келіп, ренжісіп жататын кездеріміз болады. Тіпті, ашуға бой алдырып, жақын деген адамымызға ауыр сөз айтып, көңіліне қаяу, жүрегіне үлкен жүк түсіреміз. Адамның ашу үстінде көзі көрмей қалатыны рас. Біз сіздерге ашу үстінде айтылар сөздің ауырлығы жөнінде айтпақпыз. Бұндай шақта не істеу керек?
Сөзге келіп қалған кезде өзіңізді ұстай біліңіз. Сондай уақыттағы әрбір сөз жүрекке ауыр тиеді. Мұндай жағдайда екі жақтың біреуі үндемегені дұрыс. Егер екеуі бірдей бір-бірінің жарасының бетін тырнауға талпынса екеуі де ұтылады.
Әрине, біреу сізге былай істе деп білгенін айтқанмен, ашуланған кезде сізге оның сөзі мүлде әсер етпеуі мүмкін. Сіз оның бар екенін де елемейтін жағдайда боласыз. Сол сәтте бәрін айтып тастадыңыз. Сіз жеңілдегеніңізбен оның жүрегіне жүк артылды. Неге? Өйткені сіздің сөзіңіз оған ауыр тиді. Қатты сөз айту арқылы сіз туралы жақсы пікірдегі адамның ойы өзгереді. Жақыныңызды жоғалтасыз.
Жебе салған жара жазылар, балтамен оталған орман қайта өсер, бірақ ащы тілдің жарасы жазылмас. Қатты айту, ауыр сөз сөйлеу қадіріңізді кетіреді, сыйластық кемиді.
Ашу үстінде тілін тыя білген адам – ұлы. Бұл дәрежеге жеткен адам аз. Өйткені, мұндайдың сырын көрген, басынан өткізген адам ғана біледі. Ол сөздің салмағын сараптай алатын, өзінің эмоциялық сезімдерін игере алатын жан.
«Ауыр істің салмағы білекке түсер. Ащы сөздің салмағы жүрекке түсер». Сөздің салмағы қорғасыннан да ауыр. Жүрекке түскен жүктің жеңілдеуі оңай дүние емес.
«Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі». Кейде біз аңдамай сөйлеп, жаза басып, ісімізге өкініп жатамыз. Әр сөзіңізге жауап бере алатын дәрежеде болыңыз.
Үнемі менікі ғана дұрыс деуден аулақ болыңыз. Себебі, мәселенің екі жағы бар. Әркім өзінің көзі мен ақылының жеткен жерін ғана көреді. Істің мән-жайын толық білмей тұрып сөз бастамаңыз.
Кешіре біліңіз. Кешіру – ибалы адамның ісі. Жақынының кешіргенін сезінген адам үшін одан асқан қуаныш жоқ. Оның сізге деген құрметі артады.
Өмір өте қысқа. Уақыт тым аз. Жүретін жол көп. Сондықтан, өкпелеспей, ренжіспей, араздаспай бір-бірімізді сыйлап ғұмыр кешу – әрбіріміздің міндетіміз болса керек. Бақытты өмір сүруге не кедергі ендеше?!