СҮЙІМБАЕВ СҮЙСІНДІРГЕН МАТЧ!

Футболдан Қазақстанның ұлттық құрамасы Мундиалдың іріктеу сынының кезекті матчын өткізу үшін дат еліне қонаққа барды. Отандастарымызды Копенгагеннің «Паркен» стадионында құшақ жая қарсы алған Дания құрамасы он бір жыл бұрынғы «қонақжайлықтарын» қайта көрсетті. Тек бұл жолы бір голды өздеріне өткізіп алғаны бізді жұбатуға жетіп жатыр.

 2005 жылы дәл осы турнирдің (Германияда 2006 жылы өткен ӘЧ) іріктеу кезеңінде жолы түйіскен қос құрама бірін-бірі жақсы біледі дегенге аса ауыз бармайтыны белгілі. Оның үстіне ойын мәнері Йондаль Томассонмен бірге «зейнетке» шығып кеткен дат құрамасы біздің еліміз секілді мемлекеттерді жеңуге ғана шамасы келеді. 1984 жылы Еуропа чемпионатында талайға сес көрсетіп қоланы иеленген даниялықтар араға сегіз жыл салып Анри Делон кубогін жеңіп алғанына тарих куә. Әрине, футбол десе ішкен асын жерге қоятын оларды Талғат Байсуфинов шәкірттері жеңеді дегенге онша сенбегеніміз де рас. Десе де, қара домалақтарымызбен бірге өзге ұлттың жігіттері бір тудың астына жиналып, Еуропа төрінде оң қолын жүрегіне қойып әнұран айтқанда түнгі ұйқымызды қиып, көкжәшікке телміргеніміздің несін жасырайық. Анығында Даниямен бес сағатқа айырмамыз бар екен. Бірақ, жиырма күн Рионың уақытымен тыныстаған қазақ жанкүйерлеріне бір түннің ұйқысын футболшыларымыз үшін қию деген не тәйірі?..

Қош… Израильден келген Алон Йефин төреші ысқырығын шалды, ойын басталды. Бір ай бұрын Черногорияға барып жауапсыз бес гол жіберген Бауыржан Исламхан және оның достары Копенгагенде 397795көсілуді мақсат тұтты ма, әйтеуір, ойын басталғаннан-ақ еркін ойнады. Алайда, шабуылды күшейтіп жіберсе бізде де қақпа және қақпашы барын ұмытып кететін әдетіміз ғой. Қорғаныс сыр бере жаздап, абырой болғанда Стас Покатилов күзеткен қақпа он бес минутқа дейін аман тұрды. Поульсен мен Корнелиус сәт сайын Шомко мен Логвиненконы мазалап, ақыры дегендеріне жетті. Ұрымтал тұстан әдемі пас берген Поульсеннің еңбегін еш етпей Корнелиус есеп ашты. Баспен соғылған голға басымен жауап бермесе де көкірегінде намысы бар қазақ жігіті сол аяғымен үн қатты. Оге Харейде бапкерге қосылып стадион түгел шулап жатқанда лезде допты ойынға қайта қосқан қазақ елінің футболшылары Ронноу қақпасына бірден лап қойды. Айналдырған алпыс секунд ішінде атақты Ариен Роббеннің әдісімен алыстан соққы бағыттаған Ғафуржан Сүйімбаев мүлт кетпей, есепті теңестіріп, жанкүйер қауымды бір сүйсіндіріп, даниялықтарды дүр сілкіндірді. Қазанның ортасында Қаратауды (Черногория) қабылдап 0:1 есебімен жеңілген дат құрамасы «аузы күйген үріп ішедінің» кейпіне Ғафекеңнің голынан кейін бірден өтті. Ес жиям дегенше де бір ізге түсе алмай дал болған дат құрамасы ойын ережесін бұзумен болды. Есеп ашқан Корнелиус сары қағаз иеленіп сабырға келді. Одан әрі асқан салқынқандылықпен он бес минуттай жәй ғана жүгіріп уақыт өткізді. Содан қорғаушының голынан қуат алған Қазақстан құрамасының да гол жіберетін уақыты таяп, қорғанысында айып добы орындалды. Стандарт жағдайлардың бірінде матч басында бір сары қағаз иеленген Елдос Ахметов айып алаңында қарсыласының құлауына сәл ғана себепкер болып, бас төреші пенальти белгіледі. Мұндай мүмкіндік екінші келмесін жақсы түсінген Эриксен Стастың қақпасынан оп-оңай саңылау тапты. Бұл кездесудің отыз бесінші минуты болатын. Алма-кезек шабуылдар, ұрымтал сәттерге алданып отқанда бірінші таймның біткенін байқамай да қалыппыз. А.Йефин ысқырық шалмаса жиырма екі сарбаздың тоқтамастан ойнайтын түрі бар.

Талғат Байсуфиновтің тәліміне таңнан кешке дейін қанық ел құрамасының жігіттері он бес минут демалып, Копенгаген орталық стадионына жиналған көпшілік алдына қайта шықты. Бір гол басымдығы бар адуынды қарсыласқа тағы бір он бес минут үйренген «әскермен» қарсы шықтық. Нәтиже жоқ. Алаңға Жасұлан Молдақараев (С.Хижниченконың орнына), артынша Б.Исламханды алмастырған Роман Мұртазаев шықты. Түк бітірмеді. Керісінше қорғанысымыз әлсіреп тағы да екі гол жіберіп алдық. 78-минутта Дурмисидің пасын қажетіне жаратқан П.Анкерсен көзге түссе, пенальтиден гол соққан Эриксен ойынның негізгі уақыты бітіп, қосымша уақыт өтіп жатқанда дубль жасады.

Сөйтіп, әбден көңілді қалдырған ел құрамасы тағы да сенімді ақтамай, ірі есеппен ұтылып, ауылға қайтты. Келесі жылдың көктемінде Ереванда Армения құрамасы қабылдайтын ойынға дейін сау болыңдар дестік ішімізден. Қашан біз жеңіске жетеміз деген сұрақты өз-өзімізге қайта қойдық. Футболды шағатындар кім кінәліні анықтап жатқан да болар. Алайда, бәрінен бұрын ілгерілеп келеміз деп өзімізді алдаусыратқанмен күпі киген футболымызға шекпен жауып елді қуантатын бір азамат табылсашы дейсің осындай да…

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ