ЖЕЗКИІК ЖАЙЛЫ АҢЫЗ

Бұл бағзы заманда болған оқиға екен. Қазақ даласында ерекше сұлу жануар өмір сүрген екен. Оны ақбөкен деп атапты. Ол заманда киелі Ұлы далада жортып жүрген ақбөкендердің саны есепсіз болған деседі.
Адам ата жерге түскен кез екен.

Барлық тіршілік иесі Жаратқанның бұйрығымен жерге жіберілген Адам атаны көруге ынтазар болыпты. Жүйріктігінің арқасында Адам атаны алғаш көрген ақбөкен болыпты. Ол Адам ата жерге түсіпті дегенде желдей жүйткіп Жидда тауына жетіпті. Сол кезде Адам ата мен Хауа ана Жидда тауының етегінде тіршілік етіп жатады. Ақбөкен алыс жолдан шаршап, қажып, Адам ата тұрғанына жеткенде қалжырап құлап түседі.

Адам ата құлап жатқан киікті көтеріп әкеліп оған інжірдің жапырағын беріп асырайды. Адам ата ерекше мейіріммен киіктің мұрнын сипағанда оның тұмсығы ерекше сұлуланып кетіпті. Арқасынан сипаса, денесінен хош иіс шығатын болыпты. Аяғынан сипаса, тұяғына қасиет қонып, мың ауруға шипа болатын болыпты. Қуса, жеткізбейтін желдей жүйрік жануарға айналыпты.

Көзінен сүйсе, жанары ерекше сұлуланып кетіпті, мүйізін ұстаса, шипалық қасиет дарыпты. Пайғамбардың алақаны беліне тисе, ерекше жаратылысты жануардың іштегі елігінің жынысы қалауына қарай өзгеретін болыпты. Адам ата ақбөкеннің арнайы іздеп келгеніне риза болған:

– Жануарым, өзіңе деген ризашылығым ерекше! Не тілейсің, айт! Мейірімді Алладан өзің үшін дұға тілеп, тілегеніңді сұрайын, – депті.

Сонда ақбөкен: – О, Алланың халифасы! Адам ата! Мен төлдегенде құралайым шыбын-шіркейге жем болады. Одан тірі қалса, қасқыр шабады. Даланың шөбі жас төлдің азық етуіне ауыр болып, қоң жинай алмайды. Осы қиындықтан құтқарсаң, – депті.
Адам ата Тәңірісіне ақбөкеннің өтінішін жеткізіп, оларды қиындықтан құтқарыпты. Сол заманнан бері Жаратқанның әмірімен киіктер төлдейтін кезде Бетпақдалада шыбын-шіркей болмайтын суық болады екен.

Киіктің жаппай төлдеуі, төлін аяқтандыруы табиғаттың құбылмалы, салқын кезіне дөп келгендіктен бұл мезгілді бабаларымыз «құралайдың салқыны» деп атапты. Құралайдың салқынында күн күрт бұзылып, таулы, шоқылы жерге бұлт үйіріледі екен. Ауа-райының мұндай қолайсыздыңы бір аптаға, кейде он күнге созылады екен.

Ұлық Алла сол уақытта қасқырдың киікке деген тәбетін тыйыпты. Құралайлар көшке ілескенше қасқырлар оларға жақындай алмайтын етіпті. Жас киікке арнап даладан түйетабан деген шөп шығарыпты. Ол тек ақбөкен төлдейтін кезде көгеріп, көктеп, лақтарға азық болады екен.

Жаратқанның мейірімі түскен киелі жануардың түгінің түсі күздің соңы мен қыс мезгілдерінде ақшыл бозғылт түске өзгеріп, «ақ киік» немесе «ақ бөкен» деп аталып, ал жаз бен күз айларында түгінің түсі сарғыш – қызғылт түске ауысып, «жезкиік» деп аталатын болыпты.
Ақбөкен Тәңірдің халифасын көріп, қолынан жем жеп, тілегі орындалып, мақсаты іске асқан соң Бетпақдалаға қайтпақшы болады.

Сол кезде Адам ата оған: Сахараға сән болып, Құт пен кие, мән қонып, Өсіп-өнсін нәсілің, Бір құдайым жар болып, Аллам өзі қолдасын, Бар бәледен қорғасын. Саған зауал келтірген Ешқашан да оңбасын. Сайын түзден тап мекен, Басқа орнасын бақ бекем. Қу медиен түздерге Ырыс дарыт, ақбөкен, – деп батасын береді.

Сол заманнан бастап киікке кие бітіп, қасиетті аң саналыпты. Ал киіктің пірі — Жезкиік болыпты. Ол ақбөкендерді қорғап, оларды аштық пен құрып кетуден сақтапты. Ал Жезкиік Ұлы Дала халқын желеп-жебеп жүріпті.

Сондықтан да бабаларымыз ежелден Жезкиікті құрметтеп, ақбөкендерді қорғап, «Ақбөкен киелі аң! Ақбөкен «жұттың» ырысы! Осыны ұмытпаңдар! «Ақбөкен аямаған ажалына асығады. Оны нақақ өлтіргендер Адам атаның қарғысына ұшырайды. Дүниеден өткен адамның жаны киіктің денесіне барып тұрақтайды»-, деп атпаған, ауламаған екен дейді. Қазақтың киікті киелі деп санап, оны атқан адам бақытсыздыққа ұшырайды, киіктің киесіне ұшырап, обалына қалсаң, кесірі ұрпағыңа жетеді деген сенім қалыпты.

Асан Қайғы бабамыз жерұйық іздеп «Қырында киік жайлаған, суында балық ойнаған» деп те айтқан, маң даланың еркесі, сәні, тамылжыған табиғаттың сұлуы, сүйкімді жануар — киікті қазақ киелі деп санайтын себебі осыдан екен.

Ал сары даланың пірі, киелі Жезкиікті кез келген адам көре алмайды екен. Ерекше қасиеті бар жан ғана шабытты, рухтанған жағдайда Жезкиікті көріп, сұлулық пен үйлесімділіктің жоғары деңгейін тани алатын болыпты.

Ал бабаларымыз Жаратқанның сыйындай осы киелі жануарды құрметтеп, жер-су, елді мекен атаулары мен кісі аттарына да «киік», «бөкен», «марал» сөздерімен тіркесе — Киікбай, Бөкенбай, Маралтай, Ақмарал, Құралай, Елікбай тағы да осындай атаулармен атап, ән-күй арнаған.

Бұл болса, қазақ пен киіктің егіз ұғымдар, керек десеңіз бірін-бірі толтырып, толықтырып тұратын тағдырлас жаратылыстар екенін көрсетеді.
Шынында да, «Қазақ пен киік ұқсас. Киік қазақ тәрізді. КИІК-ҚАЗАҚ»,-деп ақындар жырлағандай, қазақ мың өліп тірілген ұлт болса, түз тағысы ақбөкеннің кешкен тағдыры мен тартқан тауқыметі де аз емес. Ақбөкен тас дәуірінен бері тіршілік ететін жалғыз жануар. Оның басына сан мәрте қара бұлт үйіріліп, қанша зобалаң заман орнаса да миллиондаған жылдан бері жойылмай келеді.

Ол да қаншама зобалаң заманды, небір нәубет кезеңді басынан кешті, тіпті «жер бетінен жойылып кету қауіпі бар жануар» деп болжағандар да болды. Алайда ақбөкен қандай тауқыметті басынан кешсе де, тұқымын сақтап қала алған жер бетіндегі санаулы жануардың бірегейі.

Талай ақын-жазушылардың жырлары мен дастандарына арқау болып, оларға шабыт сыйлаған дала еркелері – киелі киікті атпайық, келер ұрпаққа сақтайық!

Шәкен Тұрар Сәттарқызы, тарихшы, этнология магистрі, ҚР Журналистер одағының мүшесі